Astana Open абыройымызды арттыра ма?
Astana Open абыройымызды арттыра ма?
145
оқылды

Қазақстан Теннис федерациясы Нұр-Сұлтан қаласында жүлде қоры $275 мың болатын ATP 250 Astana Open кәсіпқой теннисшілер қауым­дас­тығының әлемдегі ең беделді тур­нирлерінің бірін өткізеді. Турнир 2020 жылдың 26 қазаны мен 1 қараша аралығында өтеді және әлемдік рей­тингтің бірінші жүздігінің 60-тан астам қатысушысының басын бір арнаға тоғыстырады.

Әлемнің ең мықты теннисшілері Ришар Гаске, Бенуа Пер, Адриан Маннарино, Джон Миллман бастаған серке спортшылар жарысқа тас-түйін дайын. Ал Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан Александр Бублик, Михаил Кукушкин және Дмитрий Попко кортқа шығып, байрақты бәсекеде ел намысын қорғайды.
– Теннис федерациясының жұмысы АТР-дің жоғары бағасына ие болды. Оған Қазақстан астанасын турнир өтетін орын ретінде таңдау дәлел. Біз үшін бұл – үлкен сынақ, бірақ біз турнирдің ең жо­ғары деңгейде өтетініне сенімдіміз. Бұған бар­лық жағдай жасалған, – дейді Қазақстан Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов.
Жалпы, АТР 250 әлемдік турына жылына 40 кәсіби ерлер туры кіреді. Алайда осы маусымда пандемияға байланысты барлығы 17 тур өтті. Нұр-Сұлтандағы турнир маусымды қорытындылайды және теннисшілерге осы жылда соңғы рет АТР рейтингінде 250 ұпай алуға мүмкіндік сыйлайды.  Турнирді өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің жоғары шараларын ескере отырып, ойындар көрермендердің қаты­суынсыз және қатаң хаттама аясында өтеді. Қазіргі кезде теннистен халықаралық тур­нирді өткізуге дайындық жұмыстары жал­ғасуда. Ұлттық теннис орталығында мон­таждау жұмыстары жүріп жатыр, корттарды дайындау да сәтті жүзеге асырылуда. Тен­нисшілер мен қатысушылар үшін 1 500 ПТР-тест қарастырылған. Қазақстан Теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский турнирге қатысушылардың қа­уіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолданылатыны туралы айтып берді. Оның сөзінше, Қазақстанға келетін барлық ойыншының ПТР-тесті теріс болуы тиіс. Қонақүйге келген соң олар тестті қайта тапсырып, нәтижелерін алғанға дейін бөлмелерінде болуы керек. ПТР-тесттің теріс нәтижесін алғаннан кейін ғана спортшылар турнирдің жабық, қауіпсіз кеңістігі форматына жіберіледі. Сонымен қатар Юрий Польский теннис орталығында жүргендердің барлығы тұрақты тестілеуден өтіп, оны төрт күн сайын қайталайтынын тілге тиек етті. Бұл барлық қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Жарысты ұйымдастырушылардың бірі Дмитрий Савчук алдағы турнир туралы қызықты ақпаратпен бөлісті. Оның айтуын­ша, Astana Оpen үшін 7 мың теннис добы, 10 мың бөтелке су және 1 500-ге жуық сүлгілер пайдаланылады. Теледидар таратылымын ұйымдастырушылар кемінде 4 мың метр сым төсейді. Іс жүзінде турнирдің барлық қатысушыны анықталды – ең көп теннисші Франциядан келеді екен. Олардың ішінде Бенуа Пэр, Ришар Гаске, Адриан Маннарино және басқалары бар. Сондай-ақ Astana Оpen корттарына Испания, Сербия, Франция, Аустралия, Ұлыбритания, Португалия, АҚШ, Италия, Чехия, Молдова, Аргентина, Ресей, Босния және Герцеговина, Беларусь, Гер­мания, ОАР, Финляндия, Жапония, Бельгия, Дания, Нидерланды, Уругвай, Хорватия, Бразилия, Үндістан, Эквадор және Монако теннисшілері шығады.
– Ойыншылардың демалыс бөлмелерінде біз теннисшілерге арналған бөлімдер мен жеке бокстар қоямыз. Мұның бәрі әлеу­меттік байланыстардың санын шектеу үшін жасалады. Әр бокс үш адамға арналған. Сондай-ақ матчқа шығу секторындағы күту бөлмелеріне арнайы бөлімдер орнатылды. Басқаша айтқанда, теннис орталығының барлық логистикасы қауіпсіздік талаптарын ескере отырып құрылған, – дейді турнирдің техникалық директоры Дмитрий Савчук.
Айтпақшы, қатаң ережелерге байланысты теннисшілер экскурсияға бара алмайды, мұражайларды аралап, қала бойынша се­руен­дей алмайды. Теннис орталығының аумағында ойыншыларға арналған «Құлан­шы» заманауи өнер орталығы «Жусани ісі» экспозициясын ұйымдастырады. Барлық матч онлайн-трансляция ре­жимінде көрсетiлетін болды.  Халықаралық серіктес IMG компаниясы әлемнің бар­лық негізгі өңірінде трансляцияны жүзе­ге асырады, ал Қазақстан аумағында QAZSPORT арнасы эксклюзивті хабар та­ра­тады. Бұдан басқа, Ұлттық теннис ор­талығының аумағында виртуалды бас­пасөз орталығы жұмыс істейді. Бұл қазақ­стандық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының баспасөз конферен­цияларына, ойыншылармен эксклюзивті сұхбаттарға мүмкіндік береді.
– Коронавирус пандемиясы өмірдің барлық саласына әкелген қиындықтарға қарамастан, біз үлкен спорттың біртіндеп бұрынғы бағытына оралғанына өте қуаныш­тымыз. Qazsport телеарнасы, Қазақстан Теннис федерациясының стратегиялық ақпараттық серіктесі ретінде, қазақстандық және шетелдік теннисшілер матчтарының сапалы көрсетілуіне барлық күш-жігерін салады, – дейді АҚ РТРК «Қазақстан» QAZSPORT телеарнасының директоры Нағи Бақытбеков.
«Тойдың боларынан боладысы қызық» демекші, Нұр-Cұлтан қаласында ATP 250 Astana Open турнирі өтетіні белгілі болған күннен бастап жарыс иелері қызу дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Бүгінде барлық іс-шара кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазақстандық спорт жанкүйерлері де тур­нидің басталуын тағатсыздана күтіп жүр. Бір аптаға жетер-жетпес уақыт қалды. Алда тартысқа толы бірнеше кездесу бар. Ең бастысы, әлем елдері көз тіккен дүбірлі доданы абыроймен өткізсек, турнирде ел теннисшілерінің мерейі үстем болса, біз үшін айтулы жеңіс сол болмақ.

AblaiАбылайхан ЖҰМАШ