Қазақстан теннис федерациясы 19-26 қыркүйекте Astana Open ATP 250 халықаралық турнирін ұйымдастырады. Айтулы іс-шара Ұлттық теннис орталығында өтеді.
Федерацияның хабарлауынша, жарыс ATP-ның жаңартылған ресми күнтізбесіне енгізілген. Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польскийдің айтуынша, ATP-ның директорлар кеңесі мен қатысқан ойыншылар өткен жылғы осы доданың деңгейін жоғары бағалаған. «Пандемияның қайта өршуіне байланысты биыл күзде Қытайда көптеген жарыс өтпейтін болды. Бұған алаңдаған ATP басшылығы біздің бір жарысты өткізуге келісім бергенімізге ризашылық білдірді. Бұл – біз үшін жақсы мүмкіндік, мұндай жарыс ең алдымен жастарға жол ашады», – деді Ю.Польский. Astana Open жарысынан бір апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласында ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Мұнда жеңімпаз атанған ойыншы Astana Open-нің негізгі турниріне, жүлдегерлер іріктеу сайыстарына жолдама алады. Астана ашық біріншілігіне Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев пен Александр Недовесовтер қатысады. Ал Дмитрий Попко, Тимофей Скатов, Денис Евсеев, Бейбіт Жукаев секілді жастар ел чемпионаты арқылы бағын сынап көреді. Жанкүйерлер үшін қуанарлығы ұйымдастырушылар балаларды шектеулі көлемде кортқа кіргізуді жоспарлап отыр. Олар барлық санитарлық талапқа сәйкес әуелі ПТР-тест тапсырады. Осылайша, балалар теннисшілердің ойынын бақылай алады. Бірақ ересек жанкүйерлер турнирге кіре алмайды. Десе де, федерация барлық матчты ҚТФ сайты мен Қазақстан телеарналарында көрсетуді ұйымдастырады.А.АЙДАРҚЫЗЫ