Ауқымды жоба жалғасып жатыр

Ауқымды жоба жалғасып жатыр

Елорданы газдандыру мәсе­лесі – қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жеңілдетуге ба­ғыт­талған ауқымда жоба. Өйт­кені көмірден шыққан көк түтін қаланың экологиялық таза­лығына да айтарлықтай қауіп төндіреді. Екіншіден, тұрғын­дардың қауіпсіздігі үшін де маңызды. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан елорданы газдандыру жобасы қалай жүріп жатыр? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей бақылауына ал­ған бұл жұ­мыс­тың қысқа дейін қанша пайызы аяқ­талуға жақын?

Екі жылдан бері қолға алынған газдандыру жүйесі жұмыстарының бірінші және екінші кезеңі қарқынды іске асып жатыр. Сол алғашқы кезеңде 9 іске қосу кешені жүзеге асуы керек болған еді. Бүгінде жоспарға сәйкес, 6-уы іске қосылған. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қазір қаладағы бірқатар елді мекен толығымен газдандырылғанын айтқан болатын. Атап айтсақ, биылғы жылыту маусы­мында қаладағы жеті елді мекен тұрғындары газға қосылу мүмкіндігін алатын болды. Қыстың қамын жазда ойлаған әкімдік жылыту маусымының басталуына дейін тағы бірнеше ауданға газ құбырын тартуға үлгеру үшін барын салып жатыр. Қаладағы жылыту маусымы шамамен 7 айға созылатынын ескерсек, газдан­дыру жұмысы қала тұрғындарының өмір сүруін едәуір жақсартуы тиіс. Биыл жылыту маусымында газға қосылу мүмкіндігін тағы Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Көктал-1, Агро­қалашық (2020 жылы қосыл­маған бөлік). Бұдан бөлек, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендері тұрғындары көре алады. «Қазақауыл» (Қараөткел) шағын­ауданы бойынша да газбен жабдықтау желілерінің құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Қазір бұл бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзір­леніп жатыр. Сондай-ақ қала әкімінің айтуын­ша, газ тарату желілерін салу бойын­ша ауқымды жұмыстар жалғаса бере­ді. Осы жылы тағы 317 шақырым газ тарату желісі салынуы тиіс. Оның ішінде 240 шақырым астамы дайын.  Былтырғы жылыту маусымында Теміржолшылар, Көктал-2, Агро­қалашықтың бір бөлігінің тұрғын­дары газға қосылу мүмкіндігін алған болатын. Қазір 345 шақырым квар­талішілік газбен жабдықтау желі­лерінің жұмысы аяқталған. Қаладағы газ құбырын тарту бо­йын­ша жұмыстарға қызығушылық танытып отырған тұрғындар көп. Мәселен, Үркер шағынауданының тұрғындары газдың қызығын қашан көре алатынын сұраған. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл аудан халқының сұрауы келесі жылға қалып отыр. Қазір Үркер шағынауданын газбен қамтамасыз ету 2022-2023 жыл­дардың жоспарына енгізіліп, бұл бойынша жобалық-сметалық құжат­тар жасалып қойған.  Сонымен бірге Оңтүстік-Шығыс ауданы мен Агро­қалашық халқының да газдандыру жұмысына байланысты толғандырып жүрген сауалы көп. Дегенмен жауап­тылардың берген жауабына сүйенсек, бұл аудан халқының алаңдауына негіз жоқ көрінеді. Өйткені ауданды газдандыру желілерінің құрылысын аяқтау екі ауданда да қыркүйек айының соңына дейін жоспарланған. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің отын-энергеткалық ресурстар бөлімі­нің басшысы Мақсат Есмағұлов қазір Көктал-1, Көктал-2, Агроқала­шықтың бір бөлігі, «Теміржолшылар» тұрғын үй алаптарындағы әрбір үйге толығымен газ әкелініп, құбыр ішіне берілген деп отыр. Ал ары қарай әрбір тұрғын өз қалауы бойынша газ құбырына қосыла алады. Сонымен қатар былтыр екі жылу беру орталығы қазандық газға ауыстырылыпты. «Биыл ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ге тағы қазандық қосылады.  Атап айтсақ, ЖЭО-1 4 қазандық, ЖЭО-2-ні 5 қазан­дық газбен қамтамасыз ету көз­дел­ген», – дейді Мақсат Қайыр­кешұлы. Сондай-ақ бөлім басшысы қа­лып­ты газға көшуге халықты ынта­ландыру үшін мемлекет пен әкімдік тарапынан бірнеше шара қарас­тырыл­ғанын жеткізді. Бірінші кезек­те газға қосылуға ниет білдірген әрбір тұрғынға тегін есепші құрылғысы беріледі. Оның құны шамамен орташа алғанда, 80-90 мың тұрады екен. Оны газға қосыламын деген кез келген адам тұрғын үй шарттарын алғаннан кейін әкімдіктен алуына болады. Екін­шіден, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға әкімдік тарапынан 270 мың көлемінде көмек қарастырыл­ған. Үшіншісі, әкімдік Халық банкпен бірге газға қосылатын тұр­ғындарға несие алу бойынша жеңіл­дік қарастырады. Яғни, газды қос­тыру­ға қажетті несие рәсімдегенде пайызсыз және кепілсіз беру туралы меморандум бар. Несие берудің ең үлкен құны – 750 мың теңгені құрай­ды. Тұрғындардың бұл қаржыны бөліп төлеуіне банк рұқсат беруі тиіс.

Жадыра МҮСІЛІМ