Қазақстан алманың отаны болып қала ала ма?
Қазақстан алманың отаны болып қала ала ма?
731
оқылды

Діни әфсаналарда кездесетін ең алғашқы жеміс – алма болса, оның ең ежелгі арғы атасы елімізде өсетін Сиверс алмасы екені халықаралық ғылыми қауымдастық деңгейінде дә­лелденген. Соған теліп, Адам Ата мен Хауа Ана өмір сүрген жұмақ қазақ даласында бол­ған деген де тұжырым бар. Жетісу өлкесін «жер жәннаты» дейтіні де содан болар. Ендеше  осы­­нау тарихи да  табиғи мұраны қаншалықты сақтай алып отырмыз? Жойылып кету қаупі бар жабайы жеміс бақтарының биоалуантүрлілігін сақтау үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

Сағындым алма бағын...

Елімізде жыл өткен сайын алма бақтары жойылып барады. Оның бірнеше себебі бар. Ең негізгісі – егілген алқаптардың қыс­қа­рып бара жатқаны. Ғалымдардың есе­бінше, қазір алманың атасы са­налатын Сиверс алмасы Тарба­ға­тайда 297,2 гектар жерге таралса, Іле Алатауының баурайында 5 496 гектар жерді, ал Жоңғар Ала­та­уында 14 037 гектар аумақты алып жатыр. Сондай-ақ олар еліміздегі 15 селекциялық-генетикалық учас­кеде 1932-2007 жылдар аралы­ғында, яғни 75 жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жа­байы Сиверс алмасы Іле Алата­уының баурайында 80%-ға, Жоң­ғар Алатауында 28%-ға қысқарға­нын анықтаған. Осы бір көрсет­кіштен-ақ жабайы алма жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын байқауға болады. Сондықтан да мұндағы жұмыстарды мемлекет өз қолына алып, молынан қаржы­ландырып, нақты бағдарлама бойынша жұмыс жүргізуі тиіс. «Қызыл кітапқа енген, жойы­лып бара жатқан алма тұқымдарын зерттеуде бізге кешенді бағдарлама қажет. Өйткені бүгінде мемлекет тарапынан көмек мардымсыз. Тіпті іссапар шығындарына да ақша бермейді. Негізінен, ғылыми жұмыстар шетелдік гранттардың және солардың технологияла­ры­ның көмегімен жүргізіліп отыр. Оның өзінде де олар ауқымды жұ­мыстарға жетпейді, былайша айт­қанда, жыртыққа жамау. Оның үсті­не, шетелдік гранттар үш жыл­ға ғана берілетіндіктен, көп еш­теңеге үлгермейсің, ғылыми тізбек үзіліп қала береді. Одан бөлек, ғылыми-зерттеу институттарында молекулярлық деңгейде тексеретін дені дұрыс жабдықтары да жоқ. Шетелдік әріптестерімізге жалы­нып жүреміз. Сіздерден зерттеп алсақ бола ма, бірге ғылыми ма­қала шығарамыз сосын деп! Қан­шама ұсыныстарымыз бар, еш­қайсысына құлақ асып жатқан мемлекет жоқ», – дейді «Қазақ ор­ман шаруашылығы» ҒЗИ Алма­ты филиалының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Бағила Майсупова. Ғалымның айтуынша, Іле Ала­тауындағы ағаштармен салыс­тырғанда Тарбағатай мен Жоңғар Алатауындағы Сиверс алмалары­ның жағдайы біраз жақсы екен. Бұл бақтың жасымен де байла­нысты болуы мүмкін. Алматыдағы бақтар ежелден келе жатқан ормандар. Соның ішінде Кузнецов сайындағы резерватта алма ағаш­тарының жағдайы өте мүшкіл. Соны мемлекет шындап қамқор­лы­ғына алуы керек.

Қызыл кітапқа енген, жойы­лып бара жатқан алма тұқымдарын зерттеуде бізге кешенді бағдарлама қажет. Өйткені бүгінде мемлекет тарапынан көмек мардымсыз. Тіпті іссапар шығындарына да ақша бермейді.

«Мені осыдан төрт жыл бұрын Үрімшіден келген қытайлар сол жердегі Сиверс алмаларының жағдайын көруге өздеріне қонаққа шақырды. Барсам, бүкіл бақты құрт басып кетіпті. Қаншама жыл­дан бері ағашты да, алманы да ке­міріп жеп, жойып бара жатыр екен. Қаншама химиялық зарар­сыз­дандырғыштарды пайдалан­ғанмен, пайда болмаған. Бірақ бақ жақсы күтімге алынған, бапталған, жабайы бұталары оталған, бәлен­бай гектарға созылып жатқан абат­ты аумақ. Одан соң олар біздің бақ­тарды көруге келді. Ең жаман деген Кузнецов сайына алып бар­дым. Бізде жабайы қалпында тұр­ған ит тұмсығы өтпейтін ну жыныс орман. Бірақ қураңқырап қалған. Құрт жоқ. Іздеп таба алмады. Бірақ дұрыстап тексеру керектігін айтып ескертіп кетті. Ал өзіміз оны таби­ғи қартаю мен Алматы қаласының экологиясынан көріп отырмыз», – дейді Ауыл шаруашылығы ғы­лымдарының кандидаты Бағила Жылысбайқызы. Жабайы Сиверс алмасының сиреп кетуіне көп жағдайда гене­тикалық эрозияға ұшырауы әсер етеді екен. Мәселен, оны сақтап қалу үшін ізденушілер тау бөктері­не, теңіз деңгейінен 1125-1385 метр биіктік аралығында алма кө­шеттерін отырғызғанда, көшеттер­дің 24%-ның әлсіздігін, ал 6%-ның қурап қалғанын байқаған. Соны­мен қатар ғалымдар соңғы 20-25 жылда Сиверс алмасының дәні арқылы табиғи жағдайда өсіп-өнуі мүлде тоқтағанын алға тартты. Оған соңғы уақыттары пайда бол­ған ауру түрлері қатты әсер еткені анықталды. Алма ағаштарының жеміс беруіне ауа райының тұ­рақты болмауы әсер етіп жатыр. Көктемде ауа райы күрт суытқан кезде алма түйнектерін үсік ша­лып, алма біткеннің бәрі жеміссіз қалатын кездері жиі болған.

Сиверс – ғылыми әріптестік мәні

Бүгінде Сиверс алмасын зерт­теуді тұрақты жүргізіп келе жатқан аз ұйымның бірі – Caspian University жоғарғы оқу орны. Бұл жоба­мен олар төрт жылдан бері айна­лысып келеді. Оқу әдістемесіне Service Learning («қоғамға қызмет ету») деген пәнді енгізіп, 2017 жыл­дан бері сирек кездесетін алма түрімен айналысатын студенттер даярлайды. Бұл жұмыстарды олар «Халықаралық Сиверс алмасын сақтау қорымен» өте тығыз байла­ныста жүзеге асырып отыр. Шетел­дік ұйым «Өмір сүрудегі қауіпсіздік негіздері» мамандығы бойынша оқыту үшін гранттар бөлген. «Халықаралық ұйым бұл жоба­ға тікелей араласады. Солардың бастамасымен Іле және Жоңғар Алатауындағы Сиверс алмасы өсетін екі бақты қамқорлығымызға алдық. Онда өнім беріп  тұрған 4 000-нан астам Сиверс алма аға­шы бар. Студенттеріміз Іле Алата­уына, Жоңғар Алатауына барып, алма ағаштарын чип қоятын ар­найы аспаппен белгілеп, сынамаға үлгілер алып, идентификациялық анализдер жасап, каталогқа енгізіп қойды. Барлығын құжатқа түсіріп, картаға белгілеп, уақытын, тұрған жерлерін, жағдайын – барлығын жазады. Одан бөлек, күтімі мен бақылауын жүзеге асырады. Осы мамандық бойынша оқып жатқан грант иелері – біздің үздік шәкірт­теріміз. Биыл үшінші курста. Ке­лесі жылы диплом алып, осы ба­ғыттағы мамандар болып шық­пақ», – дейді Caspian University-нің Академиялық даму жөніндегі проректоры Оксана Киричок. алма отаны Осыдан екі жыл бұрын ЖОО бұл бағытта үлкен жетістіктерге жет­кен екен. Бұл еліміз үшін де үл­кен қуаныш. Нақтырақ айт­қан­да, академик Аймақ Жанғалиевтің Сиверс алмасының генетикалық коллекциясын елімізге қайта алып келуге қол жеткізген. Оны 1997 жылы Корнельский университеті алып кеткен болатын. Ал осы коллекцияның түрлі сорттағы алма ағашынан тұратын 200 элиталық ағаш 2012 жылы Алматыдағы Бо­таникалық бақта өрт болған кезде жойылып кеткен еді. Елге қайта­рылған коллекцияда осы ағаштар­дың пашақ тұқымдары бар бола­тын. Енді қолға түскен соң, ондағы тұқымдар қайта өсіріліп, көшет болған соң қайтадан егіліп жатыр. Олар университеттің қорғауына алынған. «Сонымен қатар Caspian University бірқатар жиындар өткізіп тұрады. Мәселен, халықаралық дең­гейде 2-3 ірі ғылыми-практика­лық конференциялар ұйымдасты­рылды. Оған үлкен-үлкен ғалым­дар, белгілі БАҚ өкілдері шақыр­тылды. Конференциялар екі бө­лім­нен тұрды. Бірінші бөлімі те­рең­детілген ғылыми-теоретикалық тақырыптарға арналды, онда көп­теген баяндамалар жасалып, кез­десулер, түрлі практикумдар өткі­зілді. Одан соң екінші бөлімде практикалық жұмыстар аясында экспедицияларға шықтық. Ол алма ағаштарының гүлдеу кезе­ңінде немесе жемісі піскен кезінде, яғни мамыр немесе қыркүйек ай­ларында ұйымдастырылды. Бұл мақсатта біздің оқу ордамыз Жоң­ғар Алатауында ғылыми база тұр­ғызған болатын. Ол жерге АҚШ, Германия, Франция сынды елдер­ден шетелдік ғалымдар жиі келіп тұрады. Өйткені ол аймақ – Сиверс алмасының қаншама ғасырлардан бері ең тамыр жайған жері. Біздің де ғалымдар көп жиналады. Онда олар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді», – дейді проректор Оксана Валентиновна. Еліміздің мақтанышына ай­нал­ған осынау табиғи мұрамыздың қайта жаңғыру тарихы XVIII ға­сыр­ларға тиесілі. 1790 жылдың ба­сында Императорлық Санкт-Пе­тербор ғылыми академиясы жаңа өсімдіктерді іздеп табу үшін Сібірге экспедиция аттандырған болатын. Оны Иоган Сиверс (1762-1795) басқарған еді. Төрт жылға (1791-1794) созылған осы­нау экспедиция кезінде ол Тарба­ғатай тайындағы Үржар өзенінің маңынан жабайы алмалар орма­нын жолықтырған екен. Осы алма­лар ғалымның құрметіне «Сиверс алмалары» деп аталды. Ал 2002 жылы Оксфорд университетінің генетика профессоры Барри Джу­нипер (B.E.Juniper) оны әлемдегі алмалардың ең ежелгі атасы еке­нін, ал оның отаны қазақ жеріндегі Тянь-Шань таулары екенін дәлел­деп шықты. Бірақ өкінішке қарай бұл жаңалық Қазақстан қоғамы­ның назарынан сол кезде тыс қал­ған еді.

Нұрлан ҚОСАЙ