Қазақстанның ұлан-байтақ даласында бос қалған немесе тұрғыны аз қалалар жетерлік. Олардың көпшілігі Кеңес Одағы кезінде ірі өндірістік нысандар немесе әскери база негізінде құрылды. КСРО-ның ыдырауымен олардың да тағдыры тәлкекке түсті. Қала құраушы кәсіпорындар тоқырауға ұшыраған соң жұрт жайлы мекен іздеп, жан-жаққа жосылды. Бір кездері тіршілігі қайнап жатқан елді мекендерде енді состиып-состиып иесіз ғимараттар ғана қалды.
Апатты үйлерден қалай арыламыз?
Шартты түрде мұндай ғимараттарды үш түрге бөлуге болады: біріншісі – болашағы бұлыңғыр қалалар мен елді мекендердегі қоныс аударушылар иесіз тастап кеткен нысандар; екіншісі – пайдалану мерзімі бітіп, әбден тозығы жеткен үйлер; үшіншісі, табиғи немесе техногендік апаттардың салдарынан жарамсыз болып қалған қирандылар. Мемлекет қараусыз ғимараттардың проблемасын әр өңірлерде әртүрлі жолдармен шешіп отыр. Мәселен, өндірісі тұралап, халқының басым бөлігі жан-жаққа босып кеткен қала халқын шоғырландыра орналастырып, шаһардың тек тұрғындар тұратын аймақтарына ғана су, электр жарығын береді де, басқа иесіз бөлігін тіршілік көздерінен ажыратып тастаған. Мұндай тәжірибені Қостанай облысы Арқалық қаласының, Түркістан облысы Кентау шаһарының, Шығыс Қазақстан облысы Асубұлақ кентінің, Жамбыл облысы Жаңатас қаласының, Семей қаласына қарасты Шаған кентінен көруге болады. Дегенмен өндірісі дүрілдеп тұрған облыс орталықтары мен ірі қалалардың өзінде қаңырап қалған ғимараттар аз емес. Бүгінде республика аумағындағы үйлердің үштен бірі 1970 жылға дейін салынған, сондай-ақ олардың 60%-ы кеңес заманындағы тұрғынжайлар. Олардың көпшілігінің уақыттың пәрменімен әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрғаны түсінікті. Қазір 24,4 мың адам апатты баспанада өмір сүріп жатыр. Мұндай ғимараттарды түпорнымен сырып тастап, тұрғындарын басқа үйлерге көшіреді немесе реновация бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізеді. Мәселен, бас шаһарымыз Нұр-Сұлтан қаласында апатты тұрғынжайдың саны 200-ге жуық. Жергілікті билік бекіткен жоспарға сәйкес, 2020 жылы 5 апатты үй (209 пәтерлік) сырылса, 2021 жылы – 4 үй (216 пәтерлік), 2022 жылы 16 үй (125 пәтерлік) сырылуы тиіс. Ал тұрғындарға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қордан жаңа баспана берілетін болды. Ескі астанамыз – Алматыда 2024 жылға дейін 1 034 ескі үйлер реновация бағдарламасына енгізілді. Ал Қарағанды облысында апатты үйлерден құтылудың соны тәсілін тапты. 2006 жылы Шахтинск қаласында тұрғын үйлердің орталарында орналасқан апатты алты үйге жарылғыш қойып, түпорнымен жарып жіберді. Бұл операцияның сәтті жүргізілгені соншалық, одан айналасындағы бірде-бір ғимарат жапа шеккен жоқ. Мұндай тәсіл Қазақстанда ең алғаш рет қолданғанын да еске сала кеткен жөн.Үлескерлер мәселесі де бар
Құрылысы ұзаққа созылып кеткен ғимараттардың да жай-күйі мәз емес. Республика бойынша тұрғын үй құрылысының көпшілігі елордада жүргізіліп жатқандықтан, мұнда үлескерлер мәселесінің де күрделеніп тұрғанын бөле-жара айтқан дұрыс. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында тұрғындар үлескерлік қатысумен ақша салған, бірақ құрылысы жүрмей тоқтап қалған 52 проблемалы үй болды. Елорда әкімдігі осы түйткілді 52 нысанды ведомстволық бақылауына алды. Бұл үйлерде жалпы саны 16 мыңға тарта үлескер бар еді. Жергілікті атқарушы биліктің көмегімен оның 22 нысаны (4156 үлескер) бойынша жұмыс жоспары бекітіліп, оларда құрылыс қайта жанданды. Ал аса проблемалы 30 нысанның (11660 үлескер) құрылысын аяқтау үшін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-ке «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2017 жылы Үкімет қорынан 40 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы оған қосымша тағы 38,5 млрд теңге берілді. Бұл қаражат проблемалы нысандардың құрылысын жалғастыруға және қосымша жаңа тұрғын үй кешендерін салуға жұмсалды. Осы шаралардың арқасында 2019 жылы 2,5 мың үлескері бар 10 көпқабатты үй пайдалануға берілді.Ел игілігіне жаратылып жатыр
Енді бір өңірлерде қала орталықтарындағы қараусыз ғимараттарды жөндеп, ел игілігіне жаратқан жөн деп шешкен. Мысалы, Ақтөбе облысының Ембі қаласының әкімдігі отыз жылдан бері есік-терезесіз қаңырап қараусыз тұрған қос ғимаратқа жөндеу жасап, оны әлеуметтік осал топ санатындағы мұқтаж жандарға беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының жұртшылығы қараусыз нысандар нашақорлар мен жасөспірімдердің жынойнағына айналып барады деп көптен бері дабыл қағып келеді. Одан бөлек, шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлер мен білім беру мекемелерінің басым бөлігі жарықтандырылмаған. Бейнекамералар жоқтың қасы. Сол себепті кейінгі уақытта құқықбұзушылықтың саны да өсіп кеткен. Қаланың түрлі аудандарында мұндай қараусыз нысандар жетерлік. Көпшілігі банк кепілдігінде тұр. Алматыдан 70 шақырым жерде құрылысы аяқталмай қалған нысанның бірі – жоғары технологиялық құралдар кәсіпорны. Мұнда өндірістік роботтар шығару жоспарланған. Жобалаумен жапондықтар айналысқан. Кеңес Одағы құлағанда зауыттың бес қабатты ғимаратының құрылысы да тоқтап қалды. Бұл жерде одан басқа да қараусыз қалған үй-жайлар бар. Олар түнде және кешке «күдікті адамдар» жиналса, демалыс күндері экстрималды ойынсүйер қауымның ордасына айналады. Зауыт қараусыз қалған кезде оны металл сынықтарын алуға бұза бастады. Кранмен цех тақталарын суырып, бағаналарын құлатқан. Маңғыстау облысының Жарма, Сазды және Қияқты ауылдарында мемлекеттік бағдарламамен салынған үш дәрігерлік пункт 14 жылдан бері қаңырап бос тұр. Олардың әрқайсысына 21 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Бірақ тұрғындар жаңа ғимараттардың игілігін көрген жоқ. Аудан басшылығы бұл нысандарды қалай пайдаға жаратарын білмей дал. Бөбекжай ашуға тырысқан, бірақ оған да сұраныс болмапты. Енді ауыл шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерлер болса, ғимараттарды сенімгерлік басқаруға беріп құтылмақшы.Әлемдік тәжірибе
Қаңырап бос қалған қалалар мен алып ғимараттар, зор конструкциялар өркениет әлемдерінде де жеткілікті. Бұл нысандарды әр мемлекет өздерінің хал-қадірінше кәдеге жаратуға тырысады. Көрші Өзбекстанда ауқымды реновациялық шаралар 2019 жылдан бастап қолға алынды. Өзбек билігінің айтуынша, 2021 жылы республика бойынша жалпы саны 211 көпқабатты үйді сүру және 57 үйді жаңадан салу жоспарланған. Апатты үйлердің проблемасы – Ресейде де өте көкейкесті мәселелердің бірі. Бұл елде бос ғимараттардан басқа иесіз қалған қалалар мен жүздеген ауылдың проблемасы да ұшынып тұр. Әзірге шешімін табар емес. Бразилияда ескі ғиараттардың орнына жаппай жаңа үйлер салу бағдарламасының бірінші кезеңі 2009 жылы басталды. Оған мемлекет қазынасынан $17,5 млрд бөлініп, нәтижесінде 1 млн пәтерлі көпқабатты үйлер пайдалануға берілді. Бағдарламаның екінші кезеңі 2011 жылы басталып, жалпы сомасы $35,1 миллиардқа 2 млн пәтерлі тұрғын үйлер бой көтерді. Германия моральдық тұрғыдан тозған, коммуналдық қызмет көрсету қымбатқа түсетін ескі үйлерден арылу науқанын 2002 жылы қолға алды. Бұл уақытта Алмания аумағында одан басқа 1 миллионға жуық бос ғимараттар болды. Бұл елдегі жалпы үй қорының 13%-ын құраған. Оларды сүріп тастауға немесе жаңартуға федералды бюджеттен 2002-2013 жылдар аралығында – €2,7 млрд, ал 2014-2015 жылдары €128 млн бөлінген. Яғни, әлем елдерінде де аталған мәселеге көзқарас ұқсас. Ескі ғимараттарды не жөндеп, пайдалануға береді немесе мүлдем қиратады. Мүмкіндік болса, орнына жаңа құрылым салады. Әрине, екі әдістің де шығыны мол.Сөз соңы. Дегенмен әлемде түрлі табиғи және техногендік апаттардың салдарынан қаңырап қалған қалалар мен нысандардың бірқатары көпшіліктің қызығушылығын тудырған экскурсия орындарына айналды. Олардың қатарында Украинадағы Ченобыль АЭС-і, Намибиядағы тұтылған және көмілген Колмскоп, Тайваньдағы «өлім елесі» кезген Сан-Джи, Аустралиядағы улы қала Виттенум, Шығыс-Қытай теңізіндегі жойылған арал қаласы Хашима, Кипрдегі тікенек сыммен қоршалған Фамагуста қаласы, Филадельфиядағы түрме-мұражай бар.
Дәулет АСАУ