Петропавлдағы 365 лифт құлаудың алдында тұр...

Петропавлдағы 365 лифт құлаудың алдында тұр...

Петропавл қаласындағы әбден тозса да, әлі қолданылып келе жат­қан лифтілер тұрғындардың үрейін ұшырып отыр. Көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарында тұратын адам­дар пәтеріне жеткенше иманын үйі­ріп, білетін дұғасының барлығын оқып шығатынын жасырмайды. Бірақ өз қаржысы есебінен жаңа кө­тер­гіш сатып алуды қалталары көтер­мейді. Бюджетте бұл мақсатқа қарастырылған қаржы теңізге тамған тамшыдай.

Қалалық тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, Петропавл қаласында 1106 көпқабатты тұрғын үй болса, соның 112-сі 7 және одан да көп қабаттан тұрады. Онда 370 лифт орнатылған. Жұмыс істеп тұрғаны – 365. Бесеуі техникалық жағдайына байланысты мүлдем жарамсыз. Жартысына жуығының пайдалану мерзімі баяғыда-ақ өтіп кеткен. 200-ден астам лифтіге қызмет көрсететін «Петропавловск лифт» ЖШС басшысы Наталья Царькованың айтуын­ша, нормативтік мерзім 25 жыл болғаны­мен, көбінің пайдалану мерзімі 40 жылдан астам. «Сондықтан олар жиі сынады. Ең қиыны сол, оларды жөндейік десек, мұндай ескі құрылғыға арналған қосалқы бөлшектер де таусылып біткен. Қазір шығары­лып жатқан көтергіштер мүлдем басқа, заман талабына сай жасалған. Ал біздікілердің көбі тым ескі. Бұрын қосалқы заттарды астанадан, не басқа қалалардан алдыратынбыз. Қазір Нұр-Сұлтан түгел жаңар­ды, енді онда да жоқ. Оларды шығар­ған зауыттар да жабылған. Өткенде екі қақпақ іздеп қиналдық. Тауып едік, бағасы 120 000 теңге», – деп таусылды Наталья Рашидовна. Тұрғындардың лифт қызметі үшін төлейтіні – адам басына айына 150-300 теңге. Бір подъезден бар болғаны 5-10 мың теңге жиналады. Бұл тиын-тебен еш жыртығын жамауға жетпейді. Осы азын-аулақ төлемақының өзін төлемей отырған борышкерлер қаншама? Оған сенсек, көршілес орналасқан Көкшетау қаласында лифт қызметінің құны айына 1000 теңге екен. Осындай қызмет көрсетумен айналы­сатын тағы бір фирма  «СКОЛифтСервис» ЖШС директоры Валерий Ярославцевтің ойынша, адам басынан ақша жинаған дұрыс емес. «Өйткені бір отбасында 4-5 адам болса да, бір не екі адам үшін ғана төлеуі мүмкін. Қазір бір пәтерде қанша адам тіркелгені туралы мәліметті жария­лауға болмайды. Сондықтан біз адам санын тексере де алмаймыз. Төлем әр пәтерге белгіленсе, әділ болар еді. Жаңа жылдан бастап осындай төлем жүйесін енгізуді жоспарлап отырмын. Қазір адам басынан 300 теңге төлеп келген тұтынушыларымыз әр пәтерден 600 теңгеден төлейтін болады. Бұған отбасында адам саны көп тұрғындар қарсы болмайтыны түсінікті, себебі олар ұтпаса, ұтылмайды. Тек жалғыз тұратын адамдармен әңгіме жүргізіп, түсіндіруге тура келеді. Тариф 5 жылдан бері өзгерген жоқ. 7 жасқа дейінгі балалар үшін тегін. Нұр-Сұлтанда кейбір үйлерде карточка арқылы төлеу жүйесі енгізілген. Бұл жола­қы төлегенмен бірдей. Ал бізге керегі – лиф­тіні күтіп-ұстау үшін төленетін төлем­ақы», – дейді Валерий Павлович. Оның ойынша, тіпті отбасы ұзақ мер­зімге жол жүріп кетсе де, тиісті төлемақыны төлеуі тиіс. Заңгер Павел Афанасьев те осындай пікірде. «Пәтер қанша уақыт бос тұрғанына қарамастан, иесі кондоминимум нысанының ортақ мүлкін күтіп ұстауға арналған төлемдерді төлеуден бас тарта алмайды. Бұл ретте бұл мүлікті пайдалана ма, жоқ па – маңызды емес», – деп жауап берді заңгер.

«ЖАМАН АЙТПАЙ, ЖАҚСЫ ЖОҚ»

Пәтер иелері ай сайын тиісті төлемдерді төлеп отырғанымен, соған сай қызмет көрсетілмейтініне наразы. Петропавлдық Татьяна Жукова 7-қабаттағы пәтеріне жеткенше зәре-құты қалмайтынын айтады. «Үйге жеткенше кабина дірілдеп-селкіл­деп, сықырлап зәрені алады. Осы үйге көшіп келгенімізде лифт мүлдем істемей тұрған. Өзіміз ақша жинап, жөндеп алдық. Белбеулерін, мойынтіректерін алмастыр­дық, кабинаны ретке келтірдік. Бір түнде бар аллюминийі қолды болғанда, ішіміз күйген. Қазір «Петропавловск лифт» ЖШС қызмет көрсетеді. Бірақ құр аты ғана. Ешқандай қосалқы бөлшектері, керек жабдықтары жоқ. Сынып қалса, оларға жүгінгеннен пайда жоқ. Жөндеуге 2-3 мың теңгелеп, техникалық тексеріске 1 мыңдап өзіміз ақша жинаймыз. Шынын айтқанда, осы лифт сынбаса екен деп дұға етіп отырамыз», – дейді ол. Лифтіні баптап ұстау үшін кешкі 22.00-де сөндіріп, таңғы 5-те қайта қосып отырған кездері де болып­ты. Бірақ оған түнгі ауысымда жұмыс істейтін, бизнеспен айналысатын тұрғындар қарсы шыққандықтан, қайтадан тәулік бойы жұмыс істеуге көшірген. Татьяна Жукова тұратын үйдің басқа подъездерінің тұрғындары «Петропавловск лифт» ЖШС-нен бас тартып, «СКОЛифтСервис»-ке ауысыпты. Ал қызмет көрсетушілер көп жағдайда тұрғындардың өздері кінәлі деп есептейді. «Олар бұл өздерінің мүлкі екенін түсініп, лифтіні ұқыпты ұстауы керек. Бәзбіреулер көтергіш жүк тасуға арналмағанын түсін­бейді: жиһазын, тұрмыстық техникасын, велосипедтерін тасиды.  Мұндай жүктеме­ден су жаңа лифтілер де істен шығады. Қазірдің өзінде бірқатар жаңа лифтілердің қабыр­ғалары, есіктері жырылған», – дейді Наталья Царькова мен Валерий Ярослав­цев. Тұрғындар мен қызмет көрсетушілер бір-бірін кінәлап отырғанда, «жаман айт­пай, жақсы жоқ», қырық жылғы көтер­гіштің кесірінен жазатайым оқиға бола қал­са, кім жауап береді? Наталья Раши­довна мұны түсініп отырғанын айтады. «Өзіміз де тәуекелге бармай, ескі лифтілерді сөндіріп-ақ тастағымыз келеді. Бірақ тұрғын­дар өтініш айтқан соң тағы аяймыз. Кейде 2-3-қабатта тұратындар да жүгінеді. Мы­салы, бір әйел күйеуі қатты ауыратын­дықтан, баспалдақпен өздігінен көтеріле алмайтынын, әйел басымен өзі көтеріп жүргенін айтып еңірегенде етегі жасқа толды. Мұндайда қалай қоспасқа?», – деді Наталья Царькова. Валерий Ярославцев те бұл тым үлкен жауапкершілік екенін айтады. Дегенмен пайдалану мерзімін ұзартуды өз мойнына алған.  «Өндіруші зауыт белгілеген мерзім мен оны ұзартудың арасындағы айырма­шылық жер мен көктей. Ешкім мұндай жауапкершілікті өз мойнына алғысы кел­мейді. Біз қазір үш ұйым бірігіп, ескі көтер­гіштердің темір құрылғыларын, электр жабдықтарын, жалпы жағдайын тексеріп, осындай аттестауды өткізуге мәжбүрміз. Нәтижесінде, кейде жарты жылға, кейде 3 жылға пайдалану мерзімін ұзартамыз. Ал шын мәнісінде моральдық та, материалдық та жағынан қаусап тұрған лифтілерді ал­мас­тыру керек», – деді Валерий Павлович. Тұрғындар өз қалтасынан ақша шыға­рып, жаңа лифт сатып алуға мүлдем қарсы. Ең арзаны – 6 миллион теңге. Мұны бір подъезд тұрғындарының қалтасы көтер­мей­ді. Пәтер жалдаушылар мұндай әңгі­мені тыңдағысы да келмейтіні түсінікті.

ШЕШІМ – ПАЙЫЗСЫЗ НЕСИЕДЕ

Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Аслан Ілиясовтың айтуынша, 2011-2014 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қайта жаңғырту бағдарламасы аясында 19 лифт алмастырылып, 13-і жөнделген екен. Кейін жабылып қалған бұл бағдарламаның бойына биыл қайтадан жан біте бастағанға ұқсайды. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға биыл көтергіші техникалық жарамсыз болған 108 пәтерлі тұрғын үйге бір жаңа лифт орнатылыпты. Жыл соңына дейін тағы 8 лифтіні жөндеу жоспарда бар. Бағдарлама аясында бұған дейін тұрғындарға 7 жылға 0,1% пайыздық үстемеақымен берілген қаржыны қайтару қиынға соғыпты.  Наталья Царькова түсіндіргендей, тұрғындардың көпшілігі бұл төлемнен бас тартып, кейін сот арқылы өндіріп алуға тура келген. Дегенмен «ТКШ-ны қайта жаңғырту және дамыту орталығы» облыстық филиалының және Петропавл пәтер иелері қауымдастығының директоры Сергей Худяковтың пікірінше, лифт шаруа­шылығына қатысты түйінді мәселелерді шешудің жалғыз жолы – осы. «1970-1980 жылдары тұрғын үйлердің құрылысы жаппай жүргізілгендіктен, лифтілер де сол жылдары орнатылған. Қазір әкімдік жылына 5-8 көтергішті жөндейді. Мұндай қарқынмен мәселені шешу мүмкін емес. Жылына кем дегенде 30-40 лифтіні жөндеу керек. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен ақша табылатынына сенім­сіз­бін. Бүгінде лифт ауыстыру төбе жөнде­геннен әлдеқайда қымбат. Сондықтан жергілікті бюджет тұрғындарға ең төменгі пайызбен несие бергені жөн. Кейбіреуін жөндеуге де болады. Петропавлда зауыттар да, шеберлер де жетерлік, қосалқы заттарды жасап шығара алады.  Сондықтан Беларусь пен Ресей зауыттарының мүддесі үшін қолда бар лифтілердің пайдалану мерзімін ұзартуға тыйым салу дұрыс емес», – дейді Сергей Герольдович. Ескі лифтілерге байланысты қиындық Петропавлға ғана тән мәселе емес. Елі­міздің барлық өңірінде осындай күрмеуі қиын машақат бар екені рас. Ендеше тұр­ғындардың қауіпсіздігі үшін бұл мәселені неліктен Үкімет деңгейінде шешпеске?

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы