Ауылдың жағдайы ешкімді бейжай қалдырмаса керек. Егер де ол елді мекен қиындықтарды бастан кешіріп жатса. Сондай кенттің бірі — Қарағанды облысы Ұлытау ауданына қарасты Жезді ауылы.
Сонау отты жылдары, оқ өтпейтін болат сауыт жасауға жұмсалатын шикізат өндiретiн кенiштер жау қолында қалып, қиын-қыстау күн туған күрделi кезең – 1942 жылы 38 күнде марганец кенiшiн қатарға қосқан жездiлiктер тәуелсiздiкке қол жеткенде тағдыр тәлкегiне ұшырады. 1944 жылы «Жұмысшы қалашығы» мәртебесiн иеленген Жездi 90-жылдары тоқыраудың топанына тұншықты. Соғыстан соң марганец кенi 1956 жылға дейiн Орал зауыттарына жiберiлiп тұрады. Сосын оған сұраныс күрт азаяды. Жергiлiктi мамандардан айырылып қалмау қамымен Жездi марганец кен басқармасы «Главруда» қарамағына өтiп, 1965 жылға дейiн мемлекеттiк қорға қажеттi көлемде ғана кен өндiре бастайды. Сол жылы байыту фабрикасының қатарға қосылуы құрамы металға кедей құнарсыз кендi барынша байытуға мүмкiндiк тудырды. Жеткiлiктi көлемде шикiзатпен жабдықтау мақсатында қосымша карьер де қатарға қосылды. Ол кезде Жездi марганец кен басқармасы Қара металлургия министрлiгiне қарайтын. 1970 жылы «Союзрудаға» бағынышты свердловскiлiк «Уралрудаға» берiлдi. Кейiн қоғамдағы өзгерiстерге байланысты Жәйрем кен-байыту комбинатының құрамына кірді. Бірақ елде марганец кенiне сұраныс азайып кетті, одақ ыдырағаннан кейiн бұрынғы тұтынушылармен байланыс үзiліп тынды...Тоз-тозы шықты...
Ал кенiштi қолына алып, жұмысын жүргiзiп, көсегесiн көгерте қоятындай кәсiпкер немесе басқадай бизнес иесi шыға қоймады. 1995 жылы «Қазмарганец» АҚ банкрот болып, байыту фабрикасы қаңтарылды. 1997 жылы мамырда аудан тараған соң орталығындағы тұрғындардың тоз-тозы шықты. Жездiде жерүйдi қоспағанда 53 көпқабатты тұрғын үй болды. Соның 70 пәтерлiк 5 қабатты 1-еуi, 32 пәтерлiк 4 қабатты 2-еуi, 2 қабатты бiрнешеуi, ұзын-ырғасы 15 шақтысы бейберекет бұзылды. Сонымен қатар 3 қабатты орта мектеп, 2 қабатты жаңа балабақша, 2 қабатты тубдиспансер, тағы басқа бірқатар ғимарат қиратылып, материалы «ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында» кеттi, опырайған орнында қоқыс қана қалды. Қазiр кетеуі кеткен кентте бiр кездегi халықтың бестен бiр бөлiгiне жетер-жетпес қана адам тұрады, нақтысы – 2 204. Осының мыңға жуығы экономикалық белсенді бөлігі болып саналады. Бүгiнде оларды ойландыратын да, толғандыратын да мәселе жеткiлiктi. «Үмiтсiз – шайтан» дегендей, ауданнан – 75, облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықта жатқан жездiлiктер үмiтiн үзбей отыр.Ауылдың жағдайын ауылдағы біледі
– Бүгінде елдің әлеуметтік әлеуетін арттыруға, тұралаған тұрмысын тұғырландыруға, аймақты абаттандыруға, тағы басқа шырайлы шараға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Оны жүйелі жүзеге асырып, игілігін көріп отырған жұртшылық та жеткілікті. Былтыр Жезді кентінде де бірқатар бағдарлама қолға алынды. Бірақ береке таппаған бағдарламалар өкінішке ұрындырып, бөлінген қыруар қаржы игерілмей қалды, жыл соңында басым бөлігі бюджетке қайтарылды, – дейді Жезді тарихын зерделеп жүрген журналист Әлібек Әбдірәш. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында орташа жөндеу жұмысы басталғанда көп жылдан бері жезділіктердің жүйкесін жүндей түткен автокөлік жолы мәселесін шешуге бірегей бетбұрыс жасалғандай көрінген. Обалы не керек, Абай мен Құттыбаев көшелері бойына сапалы асфальт төсеп, жұмысын кестеге сай тамыздың алғашқы аптасында аяқтаған «Дорстрой материал LTD» ЖШС 34 612 615 теңге қаражат игерді. Қожабай ақын көшесінде өз міндетін мінсіз атқарған «Құрылысшы ДК» ЖШС-де шіліңгір шілдеде тиесілі 13 987 мың теңгені шытырлатып санап алды. Есесіне «Құсайн жолы» ЖШС «сау басқа – сақина» болып жабысты. Ол Байытушылар көшесінде – 1,8 (65 968 000 теңге), Ақмолда батыр көшесінде – 1 (32 480 000 теңге), кентке кіреберістен Живов көшесінің жартысы мен Кеншілер көшесінен кенттің шығаберісіне дейін 4 шақырым (70 672 000 теңге) жолға орташа жөндеу жүргізуі керек еді. Амал не, бұл мердігер белгіленген тапсырманы жарым-жартылай орындап, жұмыстың сапасына мән бермей, қыруар қаржының құн-жынын шығарды. Ақыры келісімшартты бұзуға тура келді. Жергілікті билік үш рет облыстық мамандандырылған экономикалық соттың төрелігіне жүгінді, алайда төтенше жағдайға байланысты талап-арыз қаралмай қалды. Бір қызығы, былтыр Құтымбетов көшесінің бойындағы Кенесары хан алаңына ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына енген жобаны жүзеге асыруды тендер жеңімпазы «СМК Промстрой» ЖШС мойнына алады. Келісімшартқа сәйкес ол республикалық бюджеттен бөлінген 22 400 000 теңге қаражатты игеріп, нысанды 31 тамызда тапсыруы тиіс еді. Бірақ адам күші жетіспейді. Жұмыспен қамту орталығы жіберген 4 адам мардымды шаруа тындырмады. Ақыры мердігер жұмысты толық аяқтамай, тастап кетті. Кент әкімдігі облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа шағымданды. Таяуда тағы байқау жарияланды. Өткен жылы тұсауы кесілген ауқымды жоба – 160 орындық спорт-сауықтыру кешені. Оның құны – 396 717,1 мың теңге. Байқауда бағы жанған мердігер — «Карагандастройконструкция» ЖШС. Бірден айтайық, былтыр бұл нысанда мардымды жұмыс атқарылған жоқ, оның әртүрлі себеп-салдары бар. Негізгі ғимараттың, қазандықтың, көмір және күл қоймасының іргетасы қаланды. Қарағандыдағы «Имсталькон» АҚ темір құрылғылары зауытынан әкімшілік ғимаратының қаңқасын көтеруге арналған металл конструкциялар әкелінді. Игерілген қаржы көлемі 86 259,4 мың теңге екен.Түйін:
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына енген нысанның пайдалануға берілетін мерзімі – 2021 жылғы желтоқсан. Биыл облыстық бюджеттен – 248 145,0 мың, жергілікті бюджеттен 77 458,0 мың теңге бөлінді. Тек жылдың құрылысқа қолайлы кезеңі өтіп бара жатқаны алаңдатады. Ала жаздай алаңсыз жатқан құрылыс алаңына тамызға он күн қалғанда 4 құрылысшының ғана табаны тиді. Құрылыс-монтаж жұмысымен айналысатын негізгі күштің әзірге қарасы көрінбейді.
Иә, Үкімет арнайы бағдарламаларға миллиардтап ақша бөледі. Ауыл көркейсін деп. Бірақ игілігін көріп жатқан тұрғындар жоқ. Нағыз қызу жұмыс жүрер уақытта қаңтарылып тұрып, күз түсіп, қыс қарайлағанда ғана іске кірісетіндерге не деуге болады? Жезді шынымен жетімсіреп тұр...
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы