Ауылға деген көзқарас оң
Ауылға деген көзқарас оң
© itube.kaztrk.kz
231
оқылды

Ауылға көмек ешқашан толастар емес. Өйткені ауыл – тіршілік көзі, қаланы асыраушы. Ауыл десе мың­ғырған мал, ет, сүт келеді көз алды­мызға. Ауыл – би­дай, ауыл – нан. Қарағанды облысында да ауылға кө­мек, ауылға жәрдем ай­тар­лықтай жасалып жатыр. 

Агроөнеркәсіпке субсидия бар

Қарағанды қаласында Antikor.Live жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл де­партаментінің «Антикор орта­лы­ғында» департамент басшысының бірінші орынбасары Асхат Оразхан мен Қарағанды облысы Ауыл ша­руашылығы басқармасының бас­шысы Асқар Санаубаровтың қа­тысуымен ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелері бойынша тікелей эфир өтті. А.Санаубаровтың мәліметі бойынша, 2020 жылы республи­калық бюджеттен 19 бағдарлама бойынша 19,9 млрд теңге көле­мінде субсидия төленді, 6 бағдарлама бо­йынша 11 млрд 512 млн теңге игерілді, об­лыстық бюджеттен 13 бағдарлама бойынша 8 млрд 396 млн теңге төленді. 2021 жылға белгіленген ли­митке сәйкес 18 бағдарлама бо­йын­ша барлығы 16,1 млрд теңге қа­растырылған. Облыстық бюд­жеттен 13 бағдарлама бойынша бар­лығы 8,5 млрд теңге қарас­ты­рылған. Оның ішінде өсімдік ша­руашылығында 4 бағдарлама бо­йынша 2,7 млрд теңге, мал ша­руашылығы саласында 3 бюджеттік бағдарлама бойынша 5,8 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Қарағанды облысының Ауыл шаруа­шылығы басқармасы субси­диялаумен бай­ланысты 15 мемле­кеттік қызмет көрсетеді. Қазір бұл қызметтер толығымен автоматтан­дырылған «Қолдау» және «Субси­диялаудың ақпараттық жүйесі» екі ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл субсидиялау бо­йынша қабылданатын шешім­дер­дің транспаренттілігін қамтама­сыз етеді. «Өсімдік шаруашылығы» ба­ғыты бо­йынша бөлінген қаражат есебінен ауыл ша­руашылығы да­қылдарының 6 мың тон­надан ас­там өнімділігі жоғары тұқымдарын сатып алу қамтамасыз етілді. 493 мың литр кө­лемінде пестицидтерді сатып алуды субси­диялау жүзеге асырылды және 425,1 мың га өңделді. Бұдан басқа, 5,8 мың га алаң­да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен су жеткізу бо­йын­ша қызметтердің құнын субси­диялау қамтамасыз етілді, 173,4 мың га алаң­да 12,7 мың тонна ми­нералдық тыңайт­қыштар сатып алу қамтамасыз етілді. «Мал шаруашылығы» бағыты бойынша 5 659 585 мың теңге көз­делген қаражат есебінен тауар өн­дірушілердің селекциялық және асылтұқымдық жұмысты жүргіз­гені және мал шаруашылығы өнімі өндірісінің құнын арзандатқаны үшін шығындарын субсидиялау жүзеге асырылатын болады.

Тіршілік нәрі – су

Аймақтағы бірқатар ауданда тір­шілік нәрі – суға зәру ауылдар жетерлік. Ал Жезқазғанда жерасты суының бай қоры бары дәлел­ден­ген. Бұл ауызсу мен шаруашылық-тұрмыстық суға деген қажеттілікті қамтамасыз етуге жетеді. Бірақ ауызсу мәселесі, дәлірек айтсақ, оның тапшылығы күн тәртібінен әлі түбегейлі түспей тұр. Суға зә­рулік салдарынан Жез­қазғанда жиі шу шығып жатады. Енді бұл мә­селе шешіледі. Қарағанды облы­сының тұрғындарын сапалы ауыз­сумен қам­тамасыз ету туралы Өңірлік ком­муникациялар қыз­меті ала­ңын­да өткен брифингте Энер­гетика және ТКШ басқармасының бас­шысы Ұлантай Үсенов айтып берді. – 2021 жылы облыста 265 ша­қырымнан астам су құбыры және кәріз желілерін салу және қайта қалыпқа келтіру жоспарланды. Бүгінде сумен жабдықтау желілері Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы және Нұра аудандарының бірқатар ауылдарындағы үйлерге жүргі­зіл­ген. Мысалы, Нұра ауданы­ның Қарой ауылында бұрын орталық сумен жабдықтау болмаған, тұр­ғын­дар су алу үшін даладағы құ­быр­­лардан алуға мәжбүр бол­ды, – дейді Ұлантай Үсенов. Басқарма басшысы жыл со­ңына дейін Есқұла су құбырын пай­далануға беру жос­парланғанын айтты. Оның іске қосылуы Жез­қазған мен Сәтбаев тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз сумен қамта­масыз етуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде облыс бойынша 86 елді мекенде жерасты су көз­дерін барлауға да­йындық жүргізіліп жатыр. Жарлы-Қарқаралы су тарт­қышын салуға жоба әзірленген, оны іске асыру Қарқаралы халқын тұрақты сумен қамтамасыз етеді. Қарқаралы ауданының Аппаз ауылында желілерді қайта құру ісі жалғасып жатыр. – Бұқар Жырау ауданы Асыл ауылында су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Қазір оның тұрғындары тасымалданып алып келетін суды пайдаланады. Ұлытау ауылында тазарту құрыл­ғы­ла­ры­ның құрылысы аяқ­талады, – деп қосты Ұлантай Үсенов.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы