Сеул төрінде ұлы хакімнің мүсіні қасқайып тұр. Абай Құнанбаевқа қойылған ескерткіш Сеул Кибер университетінің кампусы алдында орнатылған. Жобаны Оңтүстік Кореяның үздік мүсіншілері қазақстандық эскиз бойынша әзірлеген. Бюст қоладан, ал 1200 метрлік тұғыры мәрмәрден жасалған.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Сондықтан Абайға арналған бюсттің білім ордасына қойылуы орынды шешім екені сөзсіз. Мұның символдық мән-маңызы айрықша. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық» деген еді. Абай арқылы әлем қазақтың даралығы мен даналығын таниды. Төрткүл дүниенің бірқатар елінде ойшылдың құрметіне арнап ескерткіш ашылып, есімі көше атауларына берілген.Ұлы ойшылдың атындағы көшелер
Мәселен, Душанбеде Абай есімімен аталатын көше бар. ТМД елдерінде ұлы ойшылдың атында ашылған алғашқы көшелердің бірі. Ол 1963 жылы қазақ әдебиетінің он күндігі аясында ашылған. Одан кейінгі үлкен көшелердің бірі – Делиде. Үндістанның басты шаһарындағы көшенің толық атауы – Абай Мардж. «Мардж» деген сөз жол деген мағына береді. Абай көшесінің ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан. Украинаның астанасы Киев қаласында да ақынның атында көше бар. Сондай-ақ Краматорск, Днепропетровск қалаларында да ұлы хакімнің атымен аталатын көшелер бар. Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы қарсаңында Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылған. 1998 жылы Каирде ашылса, 200 жылы Берлинде ұлы ақынға арнап көше берілді. Ташкент, Бішкек қалаларында да Абай атындағы көше атаулары бар. Үндістанның астанасы Нью-Делиде, Әзербайжан астанасы Бакуде көше атаулары ұлы ғұламаның атымен аталады. Әзербайжан халқы ақын шығармаларын сүйіп оқиды. Мажар халқының да Абай Құнанбайұлына деген құрметі бөлек. Олар 2014 жылы Венгрияда қазақтың біртуар ұлына арнап ескерткіш қойған. Көрші өзбек халқы да Ташкентте қазақ ойшылына арнап, үлкен ескерткіш тұрғызды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен марқұм Ислам Каримов қатысқан. Ескерткіш орнатылған қаладағы Шайхантахур ауданындағы басты көшелердің біріне Абай атамыздың есімі берілген. Ташкенттегі ескерткіштің авторлары – белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиев. Ал Мәскеудегі ескерткіш – Ресейдің елімізге тартуы. 2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі кезінде ұлы ақынға ескерткіш орнату туралы келісілді. Ақынның ескерткішін Мәскеудің «Чистые пруды» бульварынан көруге болады. 2014 жылы Қытай астанасы Бейжің орталығындағы «Чаоян» саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды. Оған сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты. Мүсінді жасаған – Юань Сикунь. Францияның Ренн қаласында 2016 жылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылды. 2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған. Абай тек өзінде ғана емес, қазақ жұртын білетін барлық ел таниды. Себебі Абай мен қазақ – егіз ұғым. Ол қазақ халқына жаңа ойлау жүйесі мен таным сыйлады. Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің алтын көпіріне айналды.Абай шығысқа ғана тән бе?
Ұлы ғұламаның артында исі қазаққа ғұмырлық рухани азық болар өшпес мұрасы, өлмес ізі қалды. Еліміздің әр өңірінде Абай ескерткіші мен-мұндаласа, ақын атындағы қаншама көше, мектеп, оқу орталығы бар. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде ұлы ойшылдың 17 ескерткіші бар екен. Оның ең үлкені Алматыдағы Республика сарайы алдында тұр. Бұл ескерткіштің орнатылу тарихы да ерекше. Әуелде мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың туындысы жазушы Мұхтар Әуезовке ұнай қоймаса керек. Тіпті, бірнеше рет өзгертуге тура келген. Абайға арналған тұңғыш ескерткіштің тұғырын сәулетші И.Белоцерковский қойған. Мүсінін Наурызбаев қоладан құйған. Ескерткіштің тұтас биіктігі – 13,7 метр. Абайға арналған ескі ескерткіштердің бірі Семей қаласындағы Абай алаңына орнатылған. Тастұғырда данышпанның «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген өлең шумағы жазылған. 1972 жылы ашылған бұл ескерткіштің авторлары – мүсінші Элбакидзе мен сәулетші Шингарев. Одан кейінгі биік ескерткіштің бірі Орал қаласында орнатылған. Ол 2002 жылы 17 тамызда ашылған. Ескерткіш граниттен жасалып, классикалық үлгіде бой көтерген. Қарағанды қаласы мен Өскемен қаласында да ұлы ойшылдың ескерткіші бар. Елімізде Абай есімін иемденген мектеп көп. Кейбір аудандарда бірнеше мектеп ұлы ойшылдың есімін иемденген. Ондай оқу орындарының көпшілігі ірі қалаларда: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте бар. Одан бөлек, Алматы облысы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысында ұлы ғұламаның есімін иемденген мектеп, оқу орталықтары, жоғары оқу орны, көше бар. Ал батыс облыстарда көбіне жергілікті батыр-билердің есімін беруге тырысады. Ел мен жер ортақ. Тарихи тұлғалар ортақ. Сол себепті де әр өңірде Абай, Шоқан, Ыбырай есімі алғашқы орында тұруы тиіс. Өйткені Абай – барша қазаққа ортақ тұлға. Тіпті, қазақтың төлқұжаты деп айтуға болады. Төрткүл дүниеде қазақты танитын мемлекеттер Абай есімін ұлықтап, ескерткіш мүсінін қойып, көше беруге тырысып жатқанда, елімізде де бұл үрдісті жалғастырғанымыз дұрыс. Бұл олардың ұлы ойшылға деген құрметі болса керек-ті. Қалай десек те, Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. «Адамның өзін-өзі тануы және ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», – дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сол айтқандай, «келер қазақтың да ішетін уы мен балы Абай» екенін ұмытпаған абзал.Айым БЕКТҰР