354 мектеп санитарлық тұрғыда жаңа оқу жылына әзір емес
354 мектеп санитарлық тұрғыда жаңа оқу жылына әзір емес
Сурет: depositphotos.com
135
оқылды
Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Қазақстанда 354 мектептің жаңа оқу жылына дайын емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Informburo.kz басылымы. Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарының 2021-2022 оқу жылын дәстүрлі штаттық оқыту режиміне көшу туралы шешім қабылдағаннан кейін санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер жергілікті әкімдіктермен бірігіп, мектептердің оқу жылына дайындығын тексеріп жатыр. Басқа критерийлермен қатар, білім беру ұйымдарының санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай келуі тексеріледі.
"Бүгінгі таңда 354 мектеп дайын емес екендігін көрсетті", - деді Ажар Ғиният.
Қазіргі таңда мектептердің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын, мектепке келген балалардың арақашықтығын сақтауына арналған белгілердің және санитайзерлердің бар болуын, мектепке кіреберістегі бақылау қалай жүргізілетінін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тексерулер 25 тамызға дейін жүргізіледі. Ол, сондай-ақ, Бас санитар дәрігердің қаулысының жобасы әзірленіп жатқанын хабарлады. Оған сәйкес, егер сынып оқушыларының бірі коронавирус жұқтырса, онда сынып түгелімен карантинге жіберіледі.
"Балалардың жаппай ауырып қалуына жол бермеу үшін аталған қаулыда мектептерге санитарлық талаптар күшейтіледі", – деді Ажар Ғиният.