Диқандар нарықтағы бидай бағасын 30% көтеруді талап етіп отыр
Диқандар нарықтағы бидай бағасын 30% көтеруді талап етіп отыр
green red working harvesting combine in the field of wheat
296
оқылды
Биыл қуаңшылық кесірінен диқандар шығынға ұшырауы мүмкін. Себебі еккен дақылдары бітік шықпай, алған азғантай өнімдерін арзан бағаға сатуға мәжбүр болмақ. Сондықтан олар тез арада нарықтағы бидай бағасын 30%-ға өсіру керек деп отыр. Ал, астық құны қымбаттаса, дүкендегі азық-түлік бағасы да қоса көтеріледі. Бірақ шенеуніктер дәнді-дақылдың аз шығуы — сөредегі ет пен нанның бағасына әсер етпейтінін айтып сендіріп отыр, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы. Бірқатар өңірде астық жылдағыдан әлдеқайда аз алынуы мүмкін. Мәселен, Жамбыл облысында 379 мың гектар алқапқа бидай мен арпа себілген. Қазір егінге орақ түсіп, 466 мың тонна астық жиналыпты. Ал былтыр дәнді-дақыл 357 мың гектарға егіліп, 782 мың тонна өнім алынған. Айырмашылығы айтпаса да көрініп тұр. Ал ақмолалық шаруалар өнім өз құнын ақтамайды деп дабыл қақты. Айтуларынша, қыста қардың, көктемгі маусымда жауынның жеткілікті мөлшерде болмауынан астық та бітік шықпаған. Салдарынан, бір гектардан 12 центнер ғана өнім түсіпті. Сондықтан диқандар, тез арада бидай бағасын 30%-ға көтеру керек, дейді.
"Жанармай бағасы 199 теңге болып тұр. Сайман қымбат. Кісілерге күнкөріс керек. Олар балаларын киіндіріп, оқытуы керек", — деді шаруа Жұмабек Төлеубаев.
Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл астық өткен жылға қарағанда 20%-ға аз болады деген болжамын бөлісті. Әрі сол өнім ішкі қажеттілікті толық өтеп, тіпті, экспортқа да қалады, деді шенеуніктер. "Қазақстан астық одағының" ресми өкілі болса, диқандар өндірген өнімін қымбат бағаға сатпаса шығынға батары сөзсіз, дейді. Айтуынша, астық құны өссе, ел тұтынатын ет, сүт, нан, жұмыртқа секілді тауарлар да қымбаттайды. Ал Үкімет масақты дақылдың нарықтағы бағасы көтерілмес үшін шектеулер енгізу жайын қарастырып жатыр екен. Алайда бұл шектеу — мәселені шешпейді, деді Евгений Карабанов.
"Шаруалар шығынға батпауы үшін астықты қымбат бағаға сатуы қажет. Жалғыз жолы осы. Ал егер азық-түлік құны көтеріліп жатса, "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" арқылы бағаны тұрақтандыруға болады", — деді "Қазақстанның астық одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің ресми өкілі Евгений Карабанов.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері астықтың аз болуынан азық-түлік бағасы қымбаттамайды, деді. Себебі биыл қуаңшылықтан бөлек елді жайлаған пандемияға байланысты да түрлі тыңайтқыш пен дизель отыны, құрылыс материалдары секілді шаруаларға қажетті тауар құны да өскен. Бағаның құбылуына осы фактор әсер етуі мүмкін екен. Ал энергетика министрлігі күзгі дала жұмыстарын жүргізуге арзандатылған бағамен 396 мың тоннанан аса дизель отынын бөлген. Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: