"Талибан" қозғалысы (Қазақстанда террористік қозғалыс ретінде тыйым салынған) Ауғанстан президентінің інісі Хашмат Ғани адалдық туралы ант бергенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ауғанстанның бұрынғы президенті Ашраф Ғанидың інісі Хашмат Ғани Халил Әл-Рахман Хаккани қатысқан кездесуде "Ислам Әмірлігіне" ("Талибан" режимі қойған атау – авт. ескерт.) адалдық туралы ант берді", – делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін жергілікті Shamshad News телеарнасы Кабулда "Талибан" қозғалысымен тығыз байланыста болған "Хаккани желісі" террористік тобының аға мүшесі Халил Әл-Рахман Хаккани мен ауған экс-премьері, Ауғанстан Ислам партиясының жетекшісі Гульбеддин Хекматияр арасында кездесу болғанын хабарлады. Кездесудің егжей-тегжейі көрсетілмеген.
Өз кезегінде, қозғалыстағы дереккөз РИА Новости агенттігіне "Талибан" қозғалысы саяси кеңсесінің басшысы Барадар молда сенбіде Кабулға үкімет құру туралы келіссөзге келгенін мәлімдеген.
Айта кетейік, соңғы апталарда Ауғанстандағы жағдай күрделене түсті, "Талибан" қозғалысы ірі қалаларды басып алды. 15 тамызда бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпарат көздері шекараның барлық өткелі бақылауда екенін хабарлады. Сол күні содырлар Кабулға кіріп, президент сарайын басып алғанын мәлімдеді.
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани "қырғын болмауы үшін" елден кеткенін айтты. 16 тамызға қараған түні "Талибан" қозғалысы саяси кеңсесінің өкілі Мухаммед Наим Ауғанстандағы соғыс аяқталғанын мәлімдеді.