Вакцина паспортын жасатқан әйел коронавирустан көз жұмды

Вакцина паспортын жасатқан әйел коронавирустан көз жұмды

Павлодарда жалған вакцинация паспортын сатып алған әйел коронавирус жұқтырып, ауруханада қайтыс болды, – деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

60 жастағы қала тұрғынының қызуы көтеріліп, ауруханаға ауыр халде түскен. Науқасты дәрігерлер үш апта бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан. Әйелдің анамнезін жинау кезінде мамандар оның екпе алмағанын анықтапты. Ал, қолындағы вакцинация паспорты жалған болып шыққан.
"Екпе құжатын сатып алғаны белгілі болды. Реанимациялық шараларға қарамастан оның жағдайы біртіндеп нашарлап, жүрек қызметін қалпына келтіру мүмкін болмады", – деді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.
Осындай қайғылы оқиғаларға қарамастан, елде вакцинация құжатын қолдан жасап сататындарға тоқтау болмай тұр. Бүгін ғана Нұр-Сұлтанда жалған паспорт жасаған 28 жастағы күдікті арнайы жасақпен ұсталды. Ол елорда тұрғындарына небәрі 20 күннің ішінде құжат жасап беруді ұсынған. Бірақ ер адам жұмыс орнының жанында 50 мың теңге көлемінде ақша алып тұрған жерінен қолға түсті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері жалған ПТР анықтама мен вакцинация паспортын жасағандарға қатысты 124 қылмыстық іс қозғалған.