С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басшылығы мен жергілікті кәсіподағы ЖОО-да жұмыс істейтін әрбір адамның атқаратын лауазымы мен еңбек функцияларына қарамастан тұрақты әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіп отырады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ұжымы қалалық және қала маңындағы қоғамдық көліктерге тегін жол жүру билеттерін алады. Сондай-ақ оқытушылар мен қызметкерлерге жеке кеңсе тауарлары мен жұмысқа қажетті керек-жарақтар жиынтығы беріледі.
- Қазір университетте әлеуметтік қолдау жүйесі 3 бағыт бойынша дамып жатыр. Олар - үздіксіз медициналық көмек көрсету, қаржылық қолдау және нарықтық бағадан төмен бағамен экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз ету, - дейді жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Айтхожин.