Алматы маңындағы Титов шыңына көтерілу кезінде 25 метр биіктіктен ер адам құлап кеткен.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға 22 тамыз күні болған. Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне Титов шыңына көтерілу барысында шамамен 25 метр биіктіктен ер адам құлап кеткені туралы ақпарат түскен. Абырой болғанда, зардап шеккен азамат туыстарына көмек керек екені туралы хабарлама жіберіп үлгерген.
«8 адамнан тұратын РЖҚЖ жедел тобы, оның ішінде кинологиялық есеп оқиға орнына шықты. РЖҚЖ құтқарушылары жедел автокөлікпен Бастион тауына дейін көтеріліп, әрі қарай жаяу жүрді. Уақытты үнемдеу мақсатында «Қазавиақұтқару» АҚ-дан көмек сұрау туралы шешім қабылданды. Себебі жаяу жолға шамамен 4 сағат уақыт кетер еді», - делінген ТЖМ хабарламасында.
Зардап шеккен азаматты құтқару үшін құтқару бекетіндегі кезекшілік еткен және жақын жерде орналасқан Алматы қаласының Құтқару қызметінің құтқарушылары да жолға шыққан.
«Алайда ұшып аралау нәтиже бермегендіктен, РЖҚЖ қызметкерлері биікке жаяу жүруді жалғастырды. Іздестіру-құтқару жұмыстары тәуліктің қараңғы мезгілі мен күрделі тау бедерімен күрделене түсті.
Зардап шеккен азаматты тапқан кезде оның жанында Құтқару қызметінің қызметкерлері болды. Ер адамның аяғы, қолы және басы жарақаттанып, тоңып қалған», – делінген хабарламада.
Туристті жылы заттармен жауып, РЖҚЖ құтқарушылары Құтқару қызметінің құтқарушыларымен бірлесіп төменге түсірген. Жолда жол талғамайтын көлікпен ер адамның танысы шығып, Тұйықсу ауданында зардап шеккен адамды Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне дейін автокөлікпен жеткізді.