Ақмолада кей мектептер талапқа сай келмейді
Ақмолада кей мектептер талапқа сай келмейді
249
оқылды

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалса да, Ақмола облысының көптеген білім беру орындары талапқа сай емес. Облыс мектептерінің оқу жылына да­йындық барысын тексерген кешенді мониторинг тобы ондаған мектептерден елеулі кемшілікті анықтады. Әсі­ресе, санитарлық-эпидемиологиялық стандарттардың, медициналық қызмет көрсету және тамақтану сала­сын­дағы нормалардың өрескел бұзылғаны белгілі болды. Көңілге кірбің салатын мәліметті Ақмола облысының Білім беру жүйесінің сапасын бақылау департаментінің басшысы Серік Алтаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

26 мектеп спорт залынсыз, 69 мектепте кітапхана жоқ...

Мониторинг облыстың 551 мектебін тексерістен өткізген. Жүр­­гізілген кешенді бақылау ба­ры­сында ондаған білім ордала­рындағы олқылықтар анықталды. Облыстың оқушылар саны 50-ден төмен шағын комплектілі және негізгі мектептерде медици­на­лық қызмет лицензиясы қосым­ша мен келісімшарттар жасалма­ған, тіпті медициналық кабинеттер мүлде жабдықталмаған болып шықты. Ал 46 мектепте бала са­нының аздығы және тамақтануды ұйымдастыру­шы­ларының бол­мауына байланыс­ты тамақтанатын орын жоқ. Мек­тептерде балаларды тамақтандыру ата-аналардың қа­ражаты есебінен жүзеге асырылған. Мұнымен қоса, 26 мектепте спорт залының, 69 мек­тепте жеке кітап­хананың жоқ екені, ал Қорғалжын ауданындағы Арық­ты орта мекте­бінде меншік құқы­ғының да тір­кел­мегені анықталды.

Электронды кітапханалар жоқ, мектеп жиһаздары ескі...

«Мектеп кітапханаларының әлем­дік көркем әдебиетпен қам­ты­луы жеткіліксіз. Электронды кітапханалар жоқ. Мониторинг барысында мектеп жиһаздарының, сынып тақталарының көп қолдан­ғандықтан жарылып кеткені, ауыс­тыру қажеттігі көрінді. 36 ша­ғын комплектілі бастауыш мек­теп­те компьютер класы жоқ. Облыс­тың 256 мектебінде Ұлттық білім беру деректер қорындағы (ҰБДҚ) мәліметтердің шынайы орналас­ты­рылуы қамтамасыз етілмеген. Бі­лім басқармасы органдарына не­гізгі көрсеткіштер бойынша ҰБДҚ деректерін толтыруға тал­дау жасау қажеті ұсынылды», – дейді департамент басшысы Серік Алтаев. Негізгі мәселелердің бірі ре­тін­де edu.kz аймағында облыс мектеп­терінің бар болғаны 3 пайызында ғана үшінші деңгейлі доменнің бар екені аталды. Сондай-ақ жекелей қолдану үшін жабдықталған шкаф­тар облыс мектептерінің 14 пайызында ғана бар болып шықты. «Мәселе облыс әкімдігіндегі және білім басқармасындағы жиын­дарда, білім беру ұйымда­рында ақпараттық-түсіндіру жұ­мыстарын жүргізу кезінде бірнеше рет көтерілді. Бірақ бүгінге дейін нәтижесі көңілге қонбайды», – дейді Серік Алтаев.

168 мектептің оқу кабинеті жоқ

Бұған қоса, облыста әсіресе шалғайда жатқан ауылды мек­теп­терде мемлекеттік жалпыға міндет­ті білім беру стандарттарына сәй­кес оқу кабинеттерінің жеткілік­сіздігі анықталды. Атап айтқанда, 168 мектепте химия, биология, физика, қазақ тілі, география, орыс тілі, информатика сияқты негізгі пәндерден оқу кабинеттері жоқ. 494 негізгі және орта мектеп­терде құрал-жабдық жеткіліксіз. 194 мектептің жаратылыстану циклді пәндерден тәжірибелік жұ­мыстар жүргізу үшін зертхана­ларының жабдықталуы жеткіліксіз болып шыққан. Айта кететін өзекті жайтар­дың бірі – бірқатар мектеп қара­пайым қажеттіліктерден ада қал­ғаны алаңдатты. Облыстың 50 мек­тебінде су жүйесі орталықтан­дырылмаған әрі ұңғыма қазыл­маған. Су тек тасымалданып әке­лінеді. Ал тіршілік нәрі осылайша жеткізілетін мектептердің 70 па­йы­зында тіпті су тасымалдауға ке­лісімшарт та болмай шықты. Ор­талықтандырылған кәріз жүйесі тек 84 мектепте, яғни барлық мектептің 15,2 пайызында бар бо­лып шықты. Ал септикті тазалау келісімшарты 327 мектепте ғана бар екені анықталды.

513 мектептегі бейнебақылау камерасы талапқа сай келмейді

Мониторинг тобы тексеріс ба­рысында мектептердің бейнеба­қы­лау жүйесінде де шалалық байқады. Өткен жылдың жазында ғана об­лыстың барлық мектебі бейнеба­қылау камераларымен жабдықтал­ған. Оның ішінде 29 мектеп жедел басқару орталығына да қосылыпты. Алайда жүргізілген тексеріс ІІМ мен Білім және ғылым министр­лігінің 2019 жылдың 23 қаңта­рын­дағы бірлескен бұйрығының бұзылғанын анықтады. Облыстың 513 мектептің бейнебақылау жүйе­сі талапқа сәйкес келмейді. «Білім беру мекемелеріндегі кемшіліктер мен күрделі мәселе­лерді шешу әрі түзету үшін облыс әкімі мен білім басқармасының басшыларына хат жолданды. Сон­дай-ақ қажетті ұсыныстар жос­парланып берілді», – дейді Серік Алтаев.

P.S. Сонымен, оқу жылына са­нау­лы күндер қалса да елдегі ең өзек­ті саланың бірі – білім беру ны­сандарында жоғарыдағы қате­ліктер мен мәселелер анықталды. Олардың қаншалықты шешімін табатынын алдағы уақыт көрсете жатар...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы