Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалса да, Ақмола облысының көптеген білім беру орындары талапқа сай емес. Облыс мектептерінің оқу жылына дайындық барысын тексерген кешенді мониторинг тобы ондаған мектептерден елеулі кемшілікті анықтады. Әсіресе, санитарлық-эпидемиологиялық стандарттардың, медициналық қызмет көрсету және тамақтану саласындағы нормалардың өрескел бұзылғаны белгілі болды. Көңілге кірбің салатын мәліметті Ақмола облысының Білім беру жүйесінің сапасын бақылау департаментінің басшысы Серік Алтаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
26 мектеп спорт залынсыз, 69 мектепте кітапхана жоқ...
Мониторинг облыстың 551 мектебін тексерістен өткізген. Жүргізілген кешенді бақылау барысында ондаған білім ордаларындағы олқылықтар анықталды. Облыстың оқушылар саны 50-ден төмен шағын комплектілі және негізгі мектептерде медициналық қызмет лицензиясы қосымша мен келісімшарттар жасалмаған, тіпті медициналық кабинеттер мүлде жабдықталмаған болып шықты. Ал 46 мектепте бала санының аздығы және тамақтануды ұйымдастырушыларының болмауына байланысты тамақтанатын орын жоқ. Мектептерде балаларды тамақтандыру ата-аналардың қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Мұнымен қоса, 26 мектепте спорт залының, 69 мектепте жеке кітапхананың жоқ екені, ал Қорғалжын ауданындағы Арықты орта мектебінде меншік құқығының да тіркелмегені анықталды.Электронды кітапханалар жоқ, мектеп жиһаздары ескі...
«Мектеп кітапханаларының әлемдік көркем әдебиетпен қамтылуы жеткіліксіз. Электронды кітапханалар жоқ. Мониторинг барысында мектеп жиһаздарының, сынып тақталарының көп қолданғандықтан жарылып кеткені, ауыстыру қажеттігі көрінді. 36 шағын комплектілі бастауыш мектепте компьютер класы жоқ. Облыстың 256 мектебінде Ұлттық білім беру деректер қорындағы (ҰБДҚ) мәліметтердің шынайы орналастырылуы қамтамасыз етілмеген. Білім басқармасы органдарына негізгі көрсеткіштер бойынша ҰБДҚ деректерін толтыруға талдау жасау қажеті ұсынылды», – дейді департамент басшысы Серік Алтаев. Негізгі мәселелердің бірі ретінде edu.kz аймағында облыс мектептерінің бар болғаны 3 пайызында ғана үшінші деңгейлі доменнің бар екені аталды. Сондай-ақ жекелей қолдану үшін жабдықталған шкафтар облыс мектептерінің 14 пайызында ғана бар болып шықты. «Мәселе облыс әкімдігіндегі және білім басқармасындағы жиындарда, білім беру ұйымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде бірнеше рет көтерілді. Бірақ бүгінге дейін нәтижесі көңілге қонбайды», – дейді Серік Алтаев.168 мектептің оқу кабинеті жоқ
Бұған қоса, облыста әсіресе шалғайда жатқан ауылды мектептерде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес оқу кабинеттерінің жеткіліксіздігі анықталды. Атап айтқанда, 168 мектепте химия, биология, физика, қазақ тілі, география, орыс тілі, информатика сияқты негізгі пәндерден оқу кабинеттері жоқ. 494 негізгі және орта мектептерде құрал-жабдық жеткіліксіз. 194 мектептің жаратылыстану циклді пәндерден тәжірибелік жұмыстар жүргізу үшін зертханаларының жабдықталуы жеткіліксіз болып шыққан. Айта кететін өзекті жайтардың бірі – бірқатар мектеп қарапайым қажеттіліктерден ада қалғаны алаңдатты. Облыстың 50 мектебінде су жүйесі орталықтандырылмаған әрі ұңғыма қазылмаған. Су тек тасымалданып әкелінеді. Ал тіршілік нәрі осылайша жеткізілетін мектептердің 70 пайызында тіпті су тасымалдауға келісімшарт та болмай шықты. Орталықтандырылған кәріз жүйесі тек 84 мектепте, яғни барлық мектептің 15,2 пайызында бар болып шықты. Ал септикті тазалау келісімшарты 327 мектепте ғана бар екені анықталды.513 мектептегі бейнебақылау камерасы талапқа сай келмейді
Мониторинг тобы тексеріс барысында мектептердің бейнебақылау жүйесінде де шалалық байқады. Өткен жылдың жазында ғана облыстың барлық мектебі бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Оның ішінде 29 мектеп жедел басқару орталығына да қосылыпты. Алайда жүргізілген тексеріс ІІМ мен Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылдың 23 қаңтарындағы бірлескен бұйрығының бұзылғанын анықтады. Облыстың 513 мектептің бейнебақылау жүйесі талапқа сәйкес келмейді. «Білім беру мекемелеріндегі кемшіліктер мен күрделі мәселелерді шешу әрі түзету үшін облыс әкімі мен білім басқармасының басшыларына хат жолданды. Сондай-ақ қажетті ұсыныстар жоспарланып берілді», – дейді Серік Алтаев.P.S. Сонымен, оқу жылына санаулы күндер қалса да елдегі ең өзекті саланың бірі – білім беру нысандарында жоғарыдағы қателіктер мен мәселелер анықталды. Олардың қаншалықты шешімін табатынын алдағы уақыт көрсете жатар...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы