Мемлекеттік кірістер комитеті Грузия мен Әзербайжаннан әкелінген көліктерге қатысты мәлімдеме жасады
Мемлекеттік кірістер комитеті Грузия мен Әзербайжаннан әкелінген көліктерге қатысты мәлімдеме жасады
Фото: kolesa.kz
Соңғы кезде кедендік баждар мен салықтарды төлеуден босатылған уақытша әкелінген көлік құралдарын Қазақстан аумағына алып келу жағдайы жиілеп кеткен. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап өтетін жағдай, көрсетілген автомашиналардың басым көпшілігі Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағына Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өткізу пункттері арқылы уақытша әкелініп (ЕАЭО тауарлары болып есептелмейді), кедендік бақылауда болады. ЕАЭО Кедендік кодексінің 264-бабының 6-тармағына және 275-бабының 2-тармағына сәйкес уақытша әкелінген көлік құралдары декларанттың (әкелуді жүзеге асырған тұлға) іс жүзінде иелігінде және пайдалануында ЕАЭО кедендік аумағында болуға тиіс. Алайда, бүгінгі таңда Қазақстан аумағына уақытша әкелінген көлік құралдарына қатысты кедендік баждар мен салықтарды төлеуден, кедендік тазартудан жалтарып, мемлекеттік тіркеуге қойылып жатқан фактілер анықталуда. Мысалы, жеке пайдалануға арналған шетелдік көлік құралдарын, шетел азаматтары өз көлік құралдарын әкелген соң, біраз уақыттан кейін ҚР аумағынан кетіп қалып жатыр (негізінен Грузия мен Әзербайжан азаматтары).
«Бұл көлік құралдарын тиесілі кедендік баждар мен салықтарды төлемей Қазақстан аумағында тіркеуге қойып, Қазақстан азаматына беру мақсатында ЕАЭО аумағынан әкелінгені туралы пайымдауға негіз болып отыр. Мемлекеттік кірістер комитеті кедендік баждар мен салықтарды төлемей Қазақстан аумағына тіркеуге қойылған 156 көлік құралын анықтады», – делінген хабарламада.
Осыған байланысты, МКК Қазақстандағы барлық азаматқа уақытша әкелінген көлік құралдарын тек кедендік тазартудан өтіп, кедендік баждар мен салықтарды төлегеннен кейін ғана сатып алуға және Қазақстан аумағында аталған көлік құралдарын пайдалануға болатынын ескертеді.