Ел ғарыштан ұшқыр интернетпен қамтылады

Ел ғарыштан ұшқыр интернетпен қамтылады

Қазақстанда OneWeb спутниктік интернеті өрістетілуде. Ресми мәлі­мет бойынша, ол шалғайда жатқан ауылдарға дейін кеңжолақты интернетті қолжетімді етуі тиіс. Бұл ғаламат жобаның алғашқы жетістіктерін паш ету алдағы қыркүйек айында басталады деп күтілуде.

Осы мақсатта 2021 жылы 22 тамызда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 04.13-те Байқоңыр ғарыш айлағының 31 алаңын­дағы «Союз» ұшыру кешенінен OneWeb ғарыш аппараттары көк сеңгіріне жол тартқан болатын. Нәтижесінде, «Союз-2-1б» зымыран тасығышы OneWeb-тің бірден 34 ғарыш аппаратын ғарышқа шығарды. Ұшырылуы штаттық режимде өтті. Бұл – жалпы OneWeb бағдарламасы бойынша тоғызыншы және Байқоңыр ғарыш айлағынан үшінші ұшырылым болып отыр. Ғарыш аппараттардың мақ­саты – жердегі тұтынушыларды спутниктік ғарыштық байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету. Спутниктерді еуропалық аэроғарыш корпорациясы Airbus Defence and Space жасады. Тапсырыс беруші – OneWebSatellites компаниясы. Оларға Қазақстан бюд­жеті қаражат салмаған. Әрбір құрылғының салмағы шамамен 150 келі. Олардың әрқайсысы екі күн батареясымен жабдықталған. Қызмет ету мерзімі – 5 жыл. Осылайша, қазір жердің төменгі ор­бита­сындағы OneWeb спутниктерінің шоқ­жұлдызындағы ғарыш аппараттарының жалпы саны 288-ге жетті. Бірақ бұл жаһандық жобадан Қазақстан да қалыс қалмайды. Осы орайда Нұр-Сұл­тан қаласындағы Ұлттық ғарыш орталығы­ның алаңында OneWeb компанияның жаб­дық­тарын орнату және күйіне келтіру жұмыстары аяқталып қалды. Онда өткізу қабілеттілігі жоғары және сигналдың кідірісі төмен болатын кең­жолақты байланыстың геостационарлық емес спутниктік жүйесін қолдану бойынша OneWebDemo-ның демонстрациялық тест-сынақтары жүзеге асырылатын болады. OneWebDemo жобасын 2021 жылдың 9 сәуірінде Байқоңыр қаласында қол қойыл­ған ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының қолдауымен OneWebKazakhstan Ltd компаниясы жүзеге асыруда. Ірі жобаны іске асыруға Цифрлық даму министрлігі ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді. OneWebDemo демонстрациялық нау­қаны­ның басталуы 2021 жылдың қыр­күйегіне жоспарланып отыр. Бұл жоба қазақстандық мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың, телекоммуникациялық компаниялардың, еліміздің және Еуразия өңірі елдерінің цифрлық қауымдастығының қызығушылығын туғызды. Бұдан бұрын Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Қазақстанда OneWeb-тің спутниктік интернетінің жобасы Қазақ­станда да іске қосылатынын хабарлаған-тын. Оның айтуынша, OneWeb техно­логиялық мүмкіндіктерін орталықтан алыс жатқан ауылдарды интернетпен қамту үшін пайдалану жоспарланған. Бұл тех­нологияларды Қазақстан аумағында тес­тілеу OneWebDemo пилоттық жобасы аясында жүргізіледі. Дүниежүзінде ірі байланыс оператор­лары сыртында спутниктік интернет қызметін ұсынатын алпауыт провайдерлер бар. Мысалы, Илон Маск Starlink жаһандық спутниктік жүйесін өрістетіп жатқаны белгілі. Ал OneWeb соның аса ірі және терезесі тең бәсекелесі саналады. Биыл Б.Мусин OneWeb-тің CEO басшысы Нил Мастерсонмен онлайн кездесу өткізді. Оның барысында OneWeb технологиялық мүмкіндіктерін Қазақстан игілігі үшін пайдалану перспективаларын талқылаған. Сондай-ақ ол технологияларды біздің елімізде бірлесе тестілеуден өткізуге уағ­даласыпты. Нәтижесінде, OneWebDemo пилоттық жобасы өмірге келді. «Ол қияндағы ауылдарға дейін кең­жолақты интернет жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл технологиялар арқасында байланыс барлық дерлік жерде болады. OneWeb компаниясының негізін Google-дің бұрынғы қызметкері Грег Уайлер қалаған. Қазір олар төмен орбитальді спутниктер арқылы бүкіл әлемді жоғары жылдамдықты интернетпен «жабуға» кірісіп жатыр. Бұл – олардың миссиясы. Ал біздің миссиямыз – барша қазақстан­дықтың қолын ұшқыр әрі қолжетімді интернетке жеткізу», – деді министр Бағдат Мусин.

Айхан ШӘРІП