Құқық қорғау органдарына көлігін қолды қылғандар жиі жүгінеді екен. Жасыратыны жоқ, автөкөлік ұрлығы қоғамда үлкен резонанс тудыратын қылмыстардың біріне айналды. Есте болса, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2013 жылғы Әлем чемпионатының күміс, 2015 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Денис Теннің қайғылы қазасын жұрт әлі күнге ұмытқан жоқ. Одан бері біраз жыл өтсе де, көлік ұрлайтындарға құрық салу қиын болып тұр.
Әйтсе де, құқық қорғау қызметкерлеріне көлік ұрлығының алдын алу және ашу бойынша ерекше міндеттер жүктелген. Қазір ұрланған көліктерді анықтау бойынша тұрақты негізде жедел-іздестіру және алдын алу іс-шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов жақында ғана өткен «Автомобиль» іс-шарасына 5 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылғанын айтты. Соның арқасында 118 автокөлік ұрлығы ашылған. Сондай-ақ 433 пост, оның ішінде көршілес елдермен шекаралас аудандарда 62 пост қойылды. Үш мыңнан астам көлік жөндеу орталығы, жекеменшік автошеберханалар, көлік тұрағы кооперативтері мен автотұрақтар тексеріліп, нәтижесінде 61 ұрланған автокөлік анықталған. Ал жалпы жыл басынан бері көлік ұрлаумен айналысқан бірнеше қылмыстық топ әшкереленіпті. «Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде биыл көлік ұрлығының 13,3, ал көлікті айдап кету қылмысының 17,8 пайызға төмендегені байқалады. Жыл басынан бері автокөлік ұрланғаны үшін 749 адам, оның ішінде 17 қылмыстық топ ұсталды», – деді Қанат Нұрмағамбетов. Сондай-ақ ол көлік иелеріне қарапайым қауіпсіздік нормаларын сақтауға кеңес берді. Айтуынша, көлік есігін ашық қалдырмау, түнде көлікті гаражға немесе күзетілетін автотұраққа қою, ұрлыққа қарсы дабыл жүйесін орнату, көлік ішінде бағалы заттар мен құжаттар қалдырмау, жеке тұлғадан автомобиль сатып алған кезде құқық белгілеуші құжаттарын беруді талап ету қажет. Бұдан бөлек, қабылданып жатқан шараларды жетілдіру мақсатында министрлік тұрақты негізде бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық бастаманы іске асырып жатыр. ІІМ-нің бастамасы бойынша, Қылмыстық кодекске қылмыстың ауыр түрлеріне «бірнеше рет» және «заңсыз кіру» саралау белгілерін жатқызу бөлігінде түзетулер енгізілді. Бұл татуласуға байланысты күдікті адамдардың жауапкершіліктен кету мүмкіндігін болдырмауға және жаза мерзімін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ішкі сауда ережелеріне де біраз өзгеріс енгізілуі мүмкін. Бұл бойынша мамандандырылған дүкендерде сатып алу-сату шартын міндетті түрде жасап, қосалқы бөлшектер суретке түсірілу керек болады. Талапқа бағынбаған жағдайда сатушыға айыппұл салынады. Көлік ұрлығын азайтуда бейнебақылау камераларының да көмегі көп тиеді екен. Қазір тұрғын үйлердің аулаларында 44 мың бейнебақылау камерасы бар, 22 мыңын тұрғындар өздері қойғызған. Айтпақшы, Mercedes, Toyota, Мазда, BMV, Volkswagen және Lexus көліктері жиі қолды болатын көрінеді. Ал көлік ұрлаушылар Алматы қаласы, Алматы және Қостанай облыстарында көп. Бір ғана елорданың өзінде былтыр 81 көлік ұрлау фактісінің 72-сі ашылған. Ал биыл ұрланған 77 көліктің 68-ін ашқан полицейлер сатып алушыларға бірнеше кеңес береді. «Ұрланған көліктердің көбінде дабыл түймесі жоқ. Екіншіден, ресейлік көліктер көп қолды болады. Өйткені оларды сатқан кезде ешқандай құжат керек емес. Сақтандыру арқылы сата береді. Сондықтан көрші елден көлік сатып алатын кезде міндетті түрде тексеріп алуға кеңес береміз. Сатып алған автокөлік Ресей Федерациясында іздеуде тұрған болуы мүмкін. Сол үшін нақты иесімен кездесіп, өз қолынан алмай тұрып, әркімге сене беруге болмайды, – дейді Нұр-Cұлтан қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Нұрлан Қаратаев. «Автомобиль» іс-шарасы кезінде қаладағы автобөлшектер сату орындарын тексерген құқық қорғау қызметкерлері 5 көлік ұрлығын ашыпты. Оның екеуі бірнеше жыл бұрын қолды болған көліктер. Дегенмен жасалған көлік ұрлығының көбі қасақана емес, заңсыз айдап әкету бойынша тіркеледі екен. «Ашық тұрған көлікті мастықпен айдап әкету, сосын көлік жөндейтін орындарға сеніп тапсырған автокөліктерді иесінің рұқсатынсыз тізгіндеп кету жағдайы жиі тіркеледі. Сондай-ақ автокөліктің бөлшектерін ұрлау фактісі көбейгені рас. Бұл жерде көлікті жалға алушылар бөлшектерді сатып, ауыстырып жібереді. Сондықтан жалға берушілерге айтарымыз, көліктеріне GPS орнату керек. Сол арқылы көлікті жалға алушылардың әрекетін біліп отыру оңай. Бізде былтыр дабыл түймесі бола тұрып көліктерін ұрлатқан екі факті тіркелген. Бірақ бұл қылмыстың артында көлік иелерінің өздері тұрғаны белгілі болды. Себебі олар кредитті төлемеу үшін осындай әрекетке барған. Бірнеше жылдан бері ашылмай келе жатқан көлік ұрлау қылмыстары да бар. Қылмыс ашылмай, ондай істер жабылмайды», – деп атап өтті Нұрлан Қаратаев.Жадыра МҮСІЛІМ