Көшелі елдің көшеті қурамауы қажет
Көшелі елдің көшеті қурамауы қажет
248
оқылды

Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша 5 жыл ішінде елде 2 миллиард түп ағаш егуі тиіс. Экология министрлігі аймақ басшыларымен тізе қоса отырып, әр өңірде қанша ағаш егі­летінін нақты анықтап, іске кірісіп те кетті. Алайда бұл ғаламат ізгі бастама қоғамды қуанышқа бөлей алмады, тіпті назардан тыс қалғандай. Оның орнына биылғы жаз бойы халық өсіп тұрған ағаштардың аянышты халіне алаңдаумен болды.

Жап-жақсы жобаны шабан қарқын  құртады

Мемлекет басшысы 2020 жыл­­ғы 1 қыркүйектегі соңғы Жолда­уында Үкіметке 5 жылда мемле­кеттік орман қорында – 2 мил­лиард, ал елді мекендерде 15 мил­лион ағаш егуді жүктеді. Бұл елі­мізді көгалдандыру және орман­дандыру ауқымын күрт кеңейтуге септігін тигізуі тиіс. Яғни, рес­публиканы кең ауқымда жасыл желекке бөлеу бойынша тарихи науқан қолға алынды. QazEcoTech Ltd ЖШС бас директоры Ұлықбек Сұлтанның дерегінше, Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігі облыс әкімдіктерімен бірге осы бағытта тиісті жұмыстарды жүргізіп отыр. «Олар әрбір өңір бөлінісінде ағаш отырғызу көлемдерін анық­тап та қойды. Нақтылай кетсек, әкімдіктердің табиғат қорғау және орман қорғау мекемелерінің күшімен бастапқы кезеңде жалпы ауданы 464 мың гектарды құрай­тын территорияда 1,1 мил­лиард түп ағаш егу жүзеге асы­рылады. Жаңа орманның ең көп көлемі Түркістан, Қызылорда және Жам­был облыстарының жерінде отыр­ғызылмақ. Бұл ретте ағаштардың үлкен бөлігін сексеуіл құрайтын болады. Ол негізінен Арал теңі­зінің құрғап қалған түбінде егіледі. Қазақ­станның орталық өңірле­рінің басым көпшілігінде қарағай, шыр­ша, аққайың секілді орман түзуші ағаш түрлері егіледі», – деді сарапшы. Бұл ақпаратты Экология вице-министрі Әлия Шалабекова растады. «Республиканың орманда­нуын арттыру және елді мекен­дер­ді жасылдандыру мәселелері өте өзекті. Сол себепті оған Пре­зи­дент Қ.Тоқаев өз Жолдауында мән берді. Мемлекет басшысы­ның орман алқабында – 2 мил­лиард, ал елді мекендерде 15 мил­лион ағаш егу тапсырмасы тиім­ді іске асса, бұл шара елдегі эко­логиялық ахуалды айтарлық­тай жақсар­тады», – деген ол ве­домствоның әртүрлі орман өсіру жобаларын зерделеп жатқанын жеткізді. Маусым айының басындағы жағ­дай бойынша 21,6 мың гектар биылға жоспарланған 129,7 мил­ли­он көшеттің 82 миллионға жуы­ғы отырғызылыпты. Қалғаны не­гі­­зінен күзде егіледі деген жос­пар бар. Қалай болғанда, осы 130 мил­лиондай көшет жайқалып өсіп кеткеннің өзінде 2 миллиардтық жоспардың небәрі 6,48%-ы ғана орындалмақ. Мұндай қарқынмен экология ведомствосы мен әкім­дердің екі миллиардтық межені 5 жылда еңсеруі неғайбіл.

Жерсінбейтін ағашты еге беру қажет пе?

Әйтсе де, қазір қолданыстағы орман алқаптарын және елді ме­кендердегі өсіп тұрған жасыл желекті сақтап қалу күн тәртібінде «күйіп» тұр. Бұған да Мемлекет бас­шысы мән-маңыз беріп отыр: кеше, 23 тамызда ең ірі мегапо­ли­сімізге жұмыс сапары аясында Алматы әкімінің қаланы абат­тандыруға бағытталған жобал­а­ры­мен танысқан және есебін тың­­­­­д­а­ған Қасым-Жомарт Тоқаев «бар­лық жобалар қалада қауіпсіз орта қалыптастырып, шаһардағы өсім­діктер қорын сақтап қалуға бағыт­талуы қажет» екенін атап өтті. Әйтпесе, осы жазда Алматыда өткен жылғы қарашада отырғы­зылған ағаштардың қурап қалуы­на қатысты шу шықты. Былтырғы күзде еліміздегі ең ірі қаланың кө­шелерінде 65 мыңдай көшет егілген болатын. Көп уақыт өтпей жатып, оның жартысынан астамы құрыды. Жергілікті тұрғындар өсімдіктерді ешкім суармағанын айтады. Қалалық әкімдіктің Жасыл экономика басқармасы бұл мәліметті жоққа шығарып, ағаштардың кесте бойынша – аптасына бір рет суарылатынын алға тартты. Ал «өлген» көшеттер орнына жаңалары егілмек. көшет «Алдағы күзгі кезеңде ол кө­шеттерді қалпына келтіру жұмыс­тары жүргізіледі. Мердігер «ком­пенсациялық отырғызу» бойын­ша міндеттеме алған. Қураған ағаштар жаз бойы тұрды, егер жаңа көшеттерді жазда ексек, олар да қурап қалатын еді. Себебі жасыл желектердің вегетациялық кезеңі көктемде басталып кете­ді», – деп түсініктеме берді ақ­парат құралдарына Жасыл эконо­мика басқармасының бас маманы Нұркен Ақмырза. Бүгінде ең ірі мегаполисімізде шамамен 2 миллиондай ағаш бар. Басқаша айтқанда, бір алматылық тұрғынға бір ағаштан да келмейді. Оның үстіне, әкімдік уәде етіп отырған жаңа «компенсациялық» көшеттердің желек жайып кете­ріне еш кепілдік жоқ. Қала әкімі Бақытжан Сағын­таевтың мәліметінше, алдағы күзде Алматыда жалпы 300 мың көшет егу жоспарланған. Биыл мегаполис жерсіну деңгейі төмен, ал аурушаңдығы жоғары болған­дықтан, жөке, катальпа, бозар­шадан бас тартқан. Енді будан­дастырылған ағаштардың, атап айтқанда «Қазақстандық» деп аталатын, ұшатын ақ ұлпалары жоқ теректің, қарағаштың пай­дасына таңдау жасалуда.

«Өлген» көшеттерге бөленген қалалар

Әлгінде жаңа көшеттердің ең көп көлемі Түркістан облысына тиесілі екені айтылды. Мысалы, 28 гектарды алып жатқан түр­кіс­тандық дендропарктің аумағында 12 мың түрлі жеміс ағашы мен көпжылғы өсімдік егілді. Құры­лысын «Қазақстанның Даму Бан­кі» мемлекеттік банкі қаржы­лан­дырған, жалпы құны 87 миллиард теңге тұратын «Керуен Сарай» жаңа көпфункционалды туристік кешені аумағында 50 гектардай жер абаттандырылған. Алайда жақында әлеуметтік желі «Керуен Сарайдағы» ағаш­тардың қурап қалғанын айғақтай­тын фотосуреттер мен бейне­жаз­баларға толып кетті. Әкімқаралар бар айыпты алдымен табиғатқа жапты: ағаштар жергілікті кли­матқа шыдамаған-мыс. Содан ке­йін бар жауапкершілікті мер­дігерге қарай сырғытты: ағаш­тар­дың жетіліп, тамыр жайып кет­пеуіне олардың мерзімінен ерте және дұрыс отырғызылмауы се­беп болыпты. Бұған шенеунік­тердің «Керуен Сарайды» ашуды асықтыруы да себеп болса керек. Кешенді салған түріктің Sembol Construction алпауыт құрылыс корпорациясының Eco Life ком­па­ниясының өкілдері өз қате­ліктерін журналистер алдында мойындады. Компанияның бас менеджерінің айтуынша, мердігер кешенді ашуға асыққан және көшеттерді ережеге қайшы отыр­ғызған. Соның кесі­рінен қурап қалған аса қымбат шынар, сакура көшеттерін тамы­ры­мен қазып алып, лақтырып тас­тауға тура кел­ген. Мердігер күз­де олардың ор­нына Түркіс­танның аптап ыс­тығына төзімді басқа ағаштарды екпек. Mnews.kz хабарлауынша, олар да Түркиядан әкелінбек. Сонша жарнамаланған сарайда қанша ағаштың қурап қалғаны, одан қанша шығын келгені жарияланбады. Осының алдында Түркістан облысын жасылдандырудағы олқылықтарға және осы мақсатта бөлінген қыруар қаражаттың ұтымды жұмсалмауына қатысты жергілікті мәслихат депутаттары алаңдаушылық білдірген-тін. Олар ел қаржысына егілген кө­шеттер «түркі әлемінің алтын бе­сігінің» ажарын ашып, келбетін көркейту орнына, қураған кейпі­мен көңілсіз көрініс тудыраты­нына қынжылды. Әділін айта кету керек, ағаш­тар осы жазда елордада да қурап жатты. «Жаппай қураған көшет­тер мен ағаштар бас қаланың көшелері мен парктерін аралаған жанның көңі­ліне кірбің түсіреді. Бейне бір мер­зімінен бұрын күз түскен сияқ­ты. Шыршалар тат басып кет­кен­дей үрейлі түске боялды. «Қазақ елі» монументінің артындағы «Мың­жыл­дықтар аллея­сы» өз атына лайық емес: көшеттер мың жыл түгіл, бір жыл тұрмады. Әкім мырза, ағаштарға назар аудары­ңыз!» – деп қиыла жазды астана­лықтар әлеуметтік желіде. Осыдан ой туады: жаңадан 2 миллиард түп көшет егуге аста-төк бюджет қаражатын шығын­дамас бұрын, егілген ағаштарға күтім жасауды үйренбейміз бе?

Елдос СЕНБАЙ