Биші – бейнеті зор, зейнеті қор
Биші – бейнеті зор, зейнеті қор
1,158
оқылды

Балетке бишілер ерте жас­тан қатысады. Әрі олардың сах­на­дағы дәурені де өте қыс­қа болады. Өйткені, денелері қатпай тұр­ғанда сахнада емін-еркін билей алуы мүмкін. Олар жасы келіп, қартайғанша билеп жүре алмайтыны анық. Оның да себебі бар: әр би оңайлықпен келмейді. Қан­шама жаттығу жасай­ды. Арасында құлап, жара­қат­танып та қалуы мүмкін. Оның үстіне денсаулығы да сыр бере бастайды. Барлығы бір­дей мұғалім бола алмасы бел­гілі. Сонда не істемек?

Рас, қазір елімізде балет мектеп­тері көптеп ашылып жатыр. Олар­дың көбі балет ұстазы қызметін ат­қаруы мүмкін. Болмаса, бишілер шәкірт тәрбиелеп, жеке мектеп ашатын шығар. Бірақ зейнет жасына дейін сахнада жүре ала ма?

Бишілердің негізгі кәсібі – би

Өнертану ғылымының канди­даты, профессор Тойған Ізім биші­лердің ұзақ уақыт сахнада жүре ал­майтынын айтып отыр. Ғалым: «Бір кездері биші, балет әртістерінің зей­нет жасын өзгерту туралы ұсы­ныс көтерілген. Бірақ ол ұсыныс күйінде ғана қалды. Себебі әнші, вокалистер, музыканттар, цирк әр­тістеріне де зейнет жасын қайтару керек болады деп, заңға өзгеріс енгізген жоқ. Бірақ 20 жыл еңбек өтілі болса, оның жұмыстан шығуына болады. Яғни, белгілі бір пайызда еңбекақы төленеді екен. Оның өзі болар-болмас ақша, яғни 30 бен 60 мың теңгенің арасында ғана.  Ұзақ уақыт сахнада жүрген бишілерге обал болды. Тізең басылмайды, бел ауырады. Омыртқа орнынан қозғалады. Менің мойын омыртқам қозғалып кеткен. Көп бишілер омыртқадан жарақат алып қалады», – дейді. Бұрын биші 20 жыл сахнада жүр­се, зейнетке шыға алатын еді. Қазір ондай жеңілдік жоқ. Қырық пен елу­дің арасындағы бишілерді сахна­ға шығару қисынды ма? Кіл желкіл­деген жастармен бірдей тұрып, өнер көрсете алмайтыны тағы бар. Биші­лердің негізгі кәсібі – би. Би­ден басқа қайда барады? Қырықтан кейін басқа кәсіпке ауысып, маман­дық өзгертуге адамның бәрі бірдей қабілетті бола бермейді. Бұған дейін балет бишілерін зейнет демалысына ерте жіберу ту­ра­лы мәселені қазақ балет өнерінің майталманы Болат Аюханов жиі көтерген болатын. Ол бір сұхбатын­да: «Қырық бес жасымда соңғы рет Гамлетті алқынып, әрең билеп шық­қан­мын. Ал 45 жастағы әйел қандай кәсіби биші болсын, жас кезін­дегі­дей билей ала ма, өнерсүйер қауымға эстетикалық ләззат сыйлай ала ма? Осыны ойламайтын Үкіметте ұят бар дегенге сенбеймін. Қазір бізде сахнада не істеп жүргендерін өздері білмейтін кәрі бишілер жетерлік. Мен оларды қуып шыға алмаймын, өйткені байғұстар зейнетке шық­қанша шыдайық деп, соңғы демі жеткенше тырысып-ақ жүр. Қанша сіңірін созғанмен, мені де, көрер­менді де риза ететін өнер көрсете алмайтыны тағы белгілі. 17 адам зейнет жасына жете алмай қайтыс болып кетті» деген еді. Бірақ балет королінің бұл арманы әлі орындала қойған жоқ. Жасы қырықтан асса да, әлі күнге сахнада жүрген бишілер көп. Олардың бәрі өмірін биге арнаған. Сол себепті де осынау бір бекзат өнерден кете алмайды. Балетке әртістердің тым ерте келетінін ескерсек, Қазақстанда оларға жарты ғасыр еңбектену керек. «Ғалымдар балет бишілері қызметін кеншілердің еңбегімен салыс­тырады, соның өзінде қазақ­стан­дық балет әртістері ғұмырының жартысынан көп бөлігін билеумен өткізуі керек», – дейді әртіс­тер. биші Ал биші Перизат Омарбекова «бұрын бишілер қауымы 20 жыл еңбек өтілінен соң,  38  жасында зейнетке кеткен болса, қазір ол заңды алып тастаған» дейді. Биші бұл заңды  қайта қарастыру керегі  қанша айтылса да, өзгеріссіз тұрға­нын айтады.  «Соңғы мәліметке сүйен­сек, жас келгенде би  билеу қиын болған соң, бишілерге  20 жыл еңбек өтілінен соң, айлығына бел­гілі бір пайыз көлемінде қосылады деген жаңа заң шыққан. Нақты неше екенін білмедім. Қазір биші­лер­дің шамасы келгенше сахнадан түспеуге, зейнетке басқа ел қатарлы шығуға құқығы бар. Негізі, бишілер физикалық құрылымы жағынан да, өзінің өмірлік ұстанымы, жеке ден­сау­лығы тұрғысынан қарасақ та әр­түрлі. Мысалы, аты әйгілі Майя Плесецкая 90 жасқа келгенше билеген екен. Қытайдың аты әйгілі атақты бишісі Янь Ли Пин 58 жаста, әлі де сахнада жүр. Ал Үндістанның кәсіби бишілері қарттық келгенше сахнадан түспейтініне өзім көз жет­кізіп келдім. Табиғат адамзатты әр­түрлі етіп жаратады ғой,  дегенмен  бишілердің ағзасына гимнастика спорты секілді  өте үлкен салмақ тү­се­­ді», – дейді Перизат Омар­бекова.

Басқа кәсіпке баруы мүмкін бе?

Жасы келіп, рөлсіз қалған бишілерге жаңа заман талабына сай курс оқып, басқа салаға кетуіне тура келеді. Бәрі бірдей кәсіп аша алмасы белгілі. Би өнеріне адам жүрек қалауымен келеді. Кез келген адам биші, балет әртісі болып кетпейтіні анық. Сондықтан өнерге шын берілген жандар екінші рет кәсіп жаңғыртуға мүдделі бола бермейді. Ресейде 20 жыл сахнада билеген биші құрметті еңбек демалысына шығуына құқы бар. Кейбір елдерде 40 жастан бастап зейнеткерлікке шығады. Бізде ше? Біздің бишілер­дің неге құқы жоқ? Біз бұл сауалды осы салаға жауапты министрлікке қойған едік. Министрліктің айтуынша, жұ­мыс өтілі 20 жылдан кем болған кез­де әртістерді жеңілдікпен зей­нет­ақымен қамтамасыз етуге қатыс­ты мәселе көптеген жылдар бойы пысықталуда. Қазақстанда ынтымақты зей­нет­ақы жүйесінен жинақтаушы жүйеге көшуіне байланысты 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жеңіл­детілген және мерзімінен бұрын зейнетақы, оның ішінде әртістерге берілетін зейнетақы төлемдері қыс­қартылды. Бұл мәселе ҚР Президен­ті Әкімшілігі, ҚР Үкіметі, оның ішін­де мүдделі мемлекеттік орган­дар мен ҚР Парламенті деңгейінде қаралды. Алайда жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту қағидат­тарын сақтау мақсатында әртістерге еңбек сіңірген жылдары үшін зей­нет­ақыны қалпына келтіру жөнін­дегі ұсыныс қолдау таппайды.  Сонымен қатар 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №289-VI ҚРЗ қабылданған заң шеңберінде Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан заңына кәсіптің өзіндік ерекшелігі бар мәдениет ұйымдарының әртіс­теріне арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер түрінде мемлекеттік әлеу­меттік қолдауды көздейтін жаңа 15-1-баппен түзету енгізді. «Түзетуге сәйкес ай сайынғы ар­найы ақшалай төлемдерді алу құқығына кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл және балет әртісі лауазымын­да кәсіби қызметін зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін тоқтатқан балет әртіс­тері ие болады. Бұл ретте арнайы ай сайынғы қаржылық тө­лемдер бір жұмыс орнынан соң­ғы 3 жыл­дағы орташа айлық жалақы­сының 60% мөлшерінде, бірақ тиісті қаржы жылына арналған респуб­лика­лық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсет­кіштен 109 есе аспайтын ай сайынғы ақшалай төлемақы түрінде әлеумет­тік қолдау көрсетеді. Сондай-ақ  Мәдениет және спорт министрі 2020 жылғы 24 сәуірдегі №101 бекіт­кен «Мәдениет ұйымдарының балет әртістеріне ай сайынғы ар­найы ақшалай төлемдерді тағайын­дау қағи­да­ларын бекіту туралы» қағида­лары  қолданылады», – дейді ведом­ство өкілдері. Биші болу оңай емес. Ол да қыруар еңбекті, күш-жігерді талап етеді. Жаттығуда жүрген елу жастағы бишіні көз алдыңызға елестете аласыз ба? Профессор Тойған Ізім айтқандай, биші темір емес, ол да ет пен сүйектен жаралған адам. Оның да денсаулығы сыр беруі мүмкін. Таң­ның атысы, күннің батысы театрда жүре алмайды. Кейбір балет бишілері сахнадағы өмірдің ғұмыры қысқа екенін жиі айтып жүр. Жасы келіп, жұмыссыз қалып  қалу да би­шіге оңайға соқпайды. Сол себепті де, олардың зейнет жасын қайта қарайтын уақыт жеткен секілді.

Айым БЕКТҰР