Осыдан он шақты жыл бұрын тұрғын үй салу үшін жер кезегіндегі азаматтарға Қызылорда қаласынан инфрақұрылымы тартылған жер үлестіріліп, «Бәйтерек» атты жаңа шағынаудан пайда болды. Сонымен қатар осы ауданға «Өтемұратов» қайырымдылық қоры арқылы 100 үй тұрғызылып, пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға уақытша пайдалануға берілген.
Бүгінде саны артқан жаңа ауданға қоныстанушылар мектеп пен қоғамдық көліктің қиындығын тартудай-ақ тартып келеді. Айтуларынша, 2020 жылдың маусым айында басталған нысанның аяқталар түрі көрінбейді. Құрылысы 6 ай жүргізіліп, 6 ай қаңтарылып қалған. Кей отбасылар, тіпті жер телімін алып, үй салғандардың басым бөлігі енді білім ордасының жоғынан көшіп келе алмай отыр. Шеткі аймақтың оқушылары қала мектептерінде оқып жүр. Ал Құрылыс басқармасының мамандары қаражаттың толық бөлінбеуінен білім ошағының биыл да бітпейтінін мәлімдеді. Енді балаларын алысқа тасымалдап әбігер болған тұрғындар құрылыстың созбалаңға салынғанына наразылық білдірді.
– Пәлендей жылжып жатқан дүние көргенім жоқ. Өйткені осы жерге кірпішті әкеліп жатады, бір қарасаң тиеп алып бара жатады. Көше бетке қарағанда бірінші қабаты біткен тәрізді, бірақ арғы жағында қабырға әлі тұрған жоқ, – дейді тұрғын Әбдуәли Қожамжар.
Шағынауданның басым бөлігі көпбалалы отбасылар болғандықтан олар мектеп жасындағы балаларына қала орталығындағы мектепке жету үшін арнайы көлік жалдауға мәжбүр. Биыл оқу жылы қайта дәстүрлі болады дегенді естіген олар «ең болмаса, қоғамдық көлікке қол жеткізсек» дейді.
– Ақылы мектептің балаларымызды қатынататын көлігі бар. Оның ақысы бала басына 7 мың теңге. Бір үйде 4-5 бала бар. Біреудің қалтасы көтереді, ал кей оқушылар жолпұл таппай қиналып отыр. Сол себептен біздер қалалық әкімдікке қайта-қайта барып, тұрғындар атынан арыз жазғанымызбен әзірге нәтиже жоқ, – дейді Жұлдыз Байдраманова.
Құрылысы басталған білім ордасы 600 оқушыға арналған. Бұрын қаланың меншігінде болған нысан облыстық басқарманың жауапкершілігіне өтіпті. Ал ондағылар жаңа мектеп келер жылы ғана пайдалануға беріледі дегенді айтады.
– Мектеп құрылысына осы жылға 386 млн теңге қаржы бөлінді. Негізінен бұл нысанның нормативтік құрылыс ұзақтығы – 18 ай. Былтыр 6 ай құрылыс жұмыстары жүргізілген. Келер жылғы құрылысына 270 млн теңге қарастырылып отыр. Білім ордасының құрылысы 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған, – дейді облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.
Жаңа ауданда қазір 5 мыңға жуық отбасы қоныстанған. Жер телімдері табысталған уақытта екі көшесіне асфальт төселіп, жарықтандырылған болатын. Жергілікті билік жыл өткен сайын шағынауданның ажары кіріп, әлеуеті артады деп сендіргенімен, әзірге уәде күйінде ғана қалып тұр.
Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
Қызылорда облысы