Мүгедек қайтіп күн көрер?

Мүгедек қайтіп күн көрер?

2015 жылы Қазақстан мүге­дек­тердің құқығы туралы конвенцияны ратификациялаған болатын. Оның талаптарына сәйкес, жарымжан жандар үшін барлық ғимарат пен көлік қолжетімді болуы тиіс. Шын мәнінде солай ма? Солтүстік Қа­зақстан облысындағы жағдайға үңіліп көрдік.

Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қорғаудың тиімді жү­йесін жасау – мемлекеттің әлеу­меттік саясатының басым бағыт­тарының бірі. 2012-2018 жылдар аралығында елімізде мүгедек­тердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақ­сарту жөніндегі үш кезеңдік іс-шаралар жоспары іске асырылды. 2019 жылы осы мақсатты діттеген Ұлттық жоспар қабылданды. Оның бағыттарының бірі – ке­шенді қолжетімділік пен кедер­гісіз орта, яғни ғимараттардың баршаға ыңғайлылығы. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы осы мақсатқа бағытталған. Бірақ көріп отырғанымыздай, шын мәнісінде бұл ретте назар аударатын түйткіл жетерлік. Сол­түстік Қазақстан облысында мү­гедектердің еркін жүріп-тұруына барлық жағдай жасалған деп айту қиын. «Nur Otan» партиясы об­лыс­тық филиалы жанынан құ­рыл­ған қоғамдық-партиялық мо­ниторинг тобы мүшелері әлеу­меттік маңызды нысандардың қолжетімділігін бағалау бары­сында осыған әрдайым көз жет­кізіп жүр. Мониторинг тобының жетекшісі, партия филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Халықованың айтуынша, әсіресе халыққа қызмет көрсете­тін дүкен, дәріхана, сауда үйі, базар, кинотеатр, мұражай, қо­ғамдық тамақтану орындарында кемшілік көп. «Көптеген ұйым­дардың басшылары, шағын және орта бизнес субъектілері пандус пен шақыру қоңырауы болса болды деп ойлайды. Сол пандус­тарының өздері көп жағдайда талапқа сай емес. Көлбеу бұрышы ақылға қонымсыз. Нормативке сәйкес пандустың бойлық еңісі 5 пайыздан аспауы тиіс, тар жер­лерде 8 пайыз болуы мүмкін. Біз зерттеген нысандардың көбінде бұл көрсеткіш 12 пайыздан астам, кей жерлерде 20-40 пайызға дейін жетеді. Нағыз ұшу алаңы ма дерсіз. Мұндай пандусқа мінудің өзі машақат. Тұтқасы жоқ пан­дустар бар. Шақыру қоңыраулары барлық нысандарға орнатыл­маған, яғни қоларбамен келген мүгедек адам көмекке адам да шақыра алмайды деген сөз. Мұн­дайда шыны есікке орнатылуы тиіс ескерту белгілері, Брайль жүйесі бойынша бедерлі-нүктелі шрифтпен жасалған маңдай­шалар, ақпараттық табло, так­тильді бағыттағыштар, ыңғайлы тұтқалар, дыбыстық ескертулер, бейімделген дәретханалар туралы сөз қозғаудың өзі артық», - дейді Гүлнәр Өміржанқызы. Мәселен, заңдылықтың сақ­талуын қадағалауға тиісті аудан­дық прокуратуралардың өздері заңды бұзып отырғанын төрт жыл қатарынан жүргізілген монито­ринг көрсетіп берген. Атап айт­қанда, Есіл аудандық прокурату­ра­сы мүгедектер үшін мүлдем қол­жетімсіз: пандустың көлбеу бұрышы – 20 пайыз, тұтқасы атымен жоқ, есіктері тар, қоларба сыятын жол жоқ, табалдырықтары биік, шақырту түймешесі тым жоғарыда орналасқан. Қызылжар аудандық прокуратурасында шақырту қоңырауы, екінші тұт­қалары мүлдем жоқ. Мұнда да жоғарыда аталған кемшіліктер байқалады. Басқа аудандардың прокуратурасындағы жағдай да осыған ұқсас. Аудандық соттар­дағы жағдай да аса мәз емес. Сот ғимараттары мүгедектерге бейім­делмеген, пандустары норматив­тен алшақ, сот отырысы залдары екінші қабатта орналасқан, оған қоларбамен көтерілу мүмкін емес екені түсінікті, қос есік орнатыл­ған ғимараттар бар. Денсаулығы дімкәс мүгедек­тер жиі баратын денсаулық сақтау нысандарының өздері олар үшін қолжетімді емес. Мониторинг тобы жетекшісі бұл ретте оң өз­герістер бар болғанымен, шеші­мін күткен мәселелер әлі де же­терлік екеніне тоқталды. Атап айт­қанда, мұнда да пандустар ес­кертуден соң қайта жасалғаны­мен, басым бөлігі әлі де сын кө­термейді, көтергіштер жоқ.

«Мүгедектерді әлеуметтік қор­ғау туралы» заңның 25-бабына сәйкес кәсіпкерлер мүгедектер­дің кедергісіз жүріп-тұруына жағ­дай жасауға міндетті. Өкінішке қарай, шағын және орта бизнес өкілдері бұл талапты орындамай отыр. Ал мониторинг тобының ұсыныс­та­ры­на бәзбіреулер, тіпті пыс­қырмайтын да көрінеді. Бір­неше жылдан бері мониторинг жүр­гі­зіліп келе жат­қанымен, көп жер­лерде «Баяғы жартас – бір жартас».

Білім беру нысандарын жөн­деуге жылда қыруар қаржы бө­лінгенімен, олардың қолжетімді­лігі мәселесі назардан тыс қалып келеді. Нәтижесінде, білім беру нысандары басшылары өз күш­терімен қисық пандустар орна­татын көрінеді. «Бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуы тиіс екенін түсінеміз. Дегенмен «Сұрамаған балаға емшек жоқ» дегендей, 2012 жылдан бері ғимаратты бейім­деуге қаржы сұрауға болушы еді ғой», – деп налыды Гүлнәр Өмір­жанқызы. Мектептердің басшы­лығы мұнда мүгедек балалардың келмейтінін алға тартатын кө­рінеді. Дүкен, дәріхана иелері де осындай сылтау айтатынды шы­ғарыпты. Бәлкім, ғимаратқа бәрібір кіре алмайтынын білгендіктен бармайтын шығар? Бұл туралы ойланған адам жоқ сияқты. Ал бала кезінен сал ауырына ұшы­раған Айсұлу жүріп-тұруы қиын болғандықтан көп ғимараттарды айналып өтетінін жасырмады. «Көп жағдайда барғым келген жерлерге барудан бас тартуға мәжбүр боламын. Өйткені өзді­гімнен кіре алмаймын. Ал біреу­дің көмегіне жүгіне бергім кел­мей­ді», – деп күмілжіді ол.

ЕСКЕРТУЛЕР ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛАДЫ

«Мүгедектерді әлеуметтік қор­ғау туралы» заңның 25-бабына сәйкес кәсіпкерлер мүгедектер­дің кедергісіз жүріп-тұруына жағ­дай жасауға міндетті. Өкінішке қарай, шағын және орта бизнес өкілдері бұл талапты орындамай отыр. Ал мониторинг тобының ұсыныс­тарына бәзбіреулер, тіпті пыс­қырмайтын да көрінеді. Бірнеше жылдан бері мониторинг жүр­гі­зіліп келе жатқанымен, көп жер­лерде «Баяғы жартас – бір жартас». «Кейбіреулер біздің ұсы­ныстарымызға түсіністік таны­тып, кемшіліктерін жоюға ты­рысса, көп жағдайда ескертулер елеусіз қалады. Прокуратура, сот сияқты мекемелерде кадрлар ро­тациясы болып тұратындықтан, жаңа келген мамандар көбінесе біздің ескертулерімізден хабарсыз болып шығады. Жаңадан келген маманға қайтадан басынан бастап барлығын тәптіштеп түсіндіруге мәжбүр боламыз. Мониторинг тобының келгенін жақтырмай, шу шығаратындар қаншама?! Бізді барлығы жарқын жүзбен қарсы алады деп айта алмай­мын», – деді Гүлнар Халықова. Сондықтан ол «Атамекен» кә­сіпкерлер палатасы, үкіметтік емес ұйымдар, қала және аудандар басшылығы шағын және орта бизнес өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, артықтық етпейді деген ұсынысын білдірді. Дегенмен мониторинг тобы­ның жұмысы өз нәтижесін беріп те жүр. Мәселен, «Қазпошта» АҚ басшылығымен ұзаққа созылған келіссөздерден кейін аудандық филиалдардың көпшілігіне кө­тергіш құрылғылар орнатылып, есіктері кеңейтіліпті. Бірақ жұ­мыс істемейтін көтергіштер орна­тылып, көзбояушылыққа да жол берілген. Кей филиалдарда еш­теңе өзгермеген, операция залына кіру мүмкін емес. Мұндайда айып­­пұл салғаннан басқа амал жоқ. Тек әлеуметтік нысандар ғана емес, көпқабатты үйлердің құ­рылысы барысында да мүгедек­тердің жағдайы ескерілсе деген тілек бар. Өйткені қоларбамен подъезге кірген олар бірінші қа­батқа көтеріле алмай қиналады. Көтергіштер орнатылса, оның жұмысын кім реттейді? Өз ше­шімін күткен түйткіл көп. «ХХІІ-ХІХ ғасырларда са­лынған Эйфель мұнарасы, Нотр Дам де Пари, Капитолий сияқты әлемдік архитектура ескерт­кіш­тері қолжетімділіктің жарқын мы­­салы бола алады. Неліктен ке­ңес заманында ғимараттарды бе­йімдеу қолымыздан келмей отыр? Мүмкін емес нәрсе жоқ. Шындап қолға алсақ, барлығын да бе­йім­деуге боларды деп ой­лаймын», – деді Гүлнәр Өміржан­қызы.

ӨРКЕНИЕТТІЛІК ДЕҢГЕЙІ

Қоғамның мүгедектерге көзқарасынан оның өркениеттілік деңгейін аңғаруға болады. Біз өркениетті қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, мүгедектерге ке­дергісіз орта қалыптастыру – ма­ңызды міндеттердің бірі. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар да басқалар сияқты оқу оқып, жұмыс істеп, дүкен аралап, мә­дени нысандарға барып, өмірдің бар қызығын толығынан кешкісі келетінін түсінгеніміз жөн. Сол үшін оларға барлығымыз жағдай жасауға тырысқанымыз артықтық етпейді. Көбінесе олар ғимаратқа кіру түгіл қоларбамен көшеде жүруге де қиналып қалатыны жасырын емес. Қоғам белсендісі Роман Чудиновтің айтуынша, облыстық балалар стоматоло­гиясының пандусы екі жерден сым тізбекпен құлыпталыпты. Мұның себебін тіркеу орнынан сұрағанымызда «Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Сымды ілгектен алып тастап кіре беруіне болады» деген жауап алдық. «Бұл қо­лар­бамен келген мүгедектің қолынан келмейді. Астыңғы сымнан өтті делік. Ал пандустың биігіне шы­ғып, қай жерден ұстанбақ? Қа­лайша екінші ілмекті шешпек? Міне, біздің қаламыздағы қолже­тімділіктің сиқы осындай», – деп Роман Чудинов ренішін жасыр­мады. Қоғам белсендісімен бірге мемлекеттік әлеуметтік меди­циналық сақтандыру филиа­лының ғимаратына барғанымызда да көптеген кемшіліктер бар еке­ніне куә болдық. «Ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» дегендей, тіпті мекеменің аты жазылған маң­дайша­ да жоқ. Дәретханасы бе­йім­делмеген, тактильді бағытта­ғыштар, шыны есіктердегі сары дөңгелектер жоқ. Мекеме бас­шылығы бұл мақсатқа елордадағы бас мекеме қаржы бөлмегенін, ғимаратты жалға алғандарын ай­тып ақталды. Облыстық Жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2021-2025 жылдар аралығында облыста 1 295 ны­санды қолжетімділік норма­ла­рына сәйкестендіріп, бейімдеу жоспарланған. Соның 259-ы биыл ретке келтірілмек.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы