Талдықорғанда автомобиль шиналарын қайта өңдеу зауытында өрт шығып, үш адам зардап шекті. Бұл туралы Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департаментке өрт туралы хабарлама 25 тамызда 03.25-те келіп түскен. Өңделген шиналарға арналған 5 текше метрлік ваккумдық пиролиздеу резервуарында жарылыс болды. Ол ашық алаңда орналасқан, артынан жанындағы ескі шиналар тұтанып, 80 шаршы метр жерді өрт шарпыды.
"Өрт салдарынан 1962, 1969 және 1977 жылғы үш жұмысшы зардап шекті. Екі ер адамның жағдайы орташа. 1977 жылы туған азаматтың жағдай ауыр. Үшеуі де көпсалалы ауруханаға жеткізілді", - делінген хабарламада.
Өрт ошағы таңғы сағат 04.27-де оқшауландырылып, 04.49-да сөндірілді. Оқиға болған жерге Төтенше жағдайлар департаментінің 9 техникасы мен 24 қызметкері барды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері, жедел жәрдем мен су және электр желілері қызметкерлері де сол жерде болды.
Төтенше жағдайлар департаментінің болжамы бойынша, өрттің шығуына жұмыс аумағында технологиялық процестің дұрыс атқарылмауы себеп болған.