Дәрігер тамызда коронавирустан көз жұмғандар неліктен көбейгенін айтты
Дәрігер тамызда коронавирустан көз жұмғандар неліктен көбейгенін айтты
Сурет: zakon.kz
176
оқылды
Онлайн өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов тамызда КВИ салдарынан науқастардың көз жұмуы жиілегенін мәлімдеді. Pavlodarnews.kz мәліметі бойынша, облыста тамыз айында коронавирустан көз жұмғандар саны 111-ге жетті. Шілде айында 81 адам көз жұмған болатын.  
Қайтыс болған адамдардың көбі зейнет жасындағы адамдар. 35-40 жастағы адамдар көз жұмған санаулы жағдайлар болды. Биыл ауру күрделі өтуде, – деді Айдар Сейітқазинов.
  Басқарма басшысы тамызда КВИ жұқтырушылардың көбейгені де әсер еткенін айтты. Сондай-ақ басқа да бірнеше себеп бар.  
Тамызда ауруханаға түскендер көп. Оған қоса, коронавирустың жаңа штамы шықты. Ол қауіптірек. Себептердің бірі – адамдар ауруханаға кеш жүгінеді. 1 аптаға дейін өз-өзін емдеумен айналысады. Сондықтан адамдар ауыр жағдайға жетіп қана келуде. Осының бәрі көз жұмғандар санының артуына әкеліп отыр, – деді Айдар Сейітқазинов.
  Еске салайық, соңғы тәулікте Павлодар облысында 338 адамнан коронавирус анықталды.