Онлайн өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов тамызда КВИ салдарынан науқастардың көз жұмуы жиілегенін мәлімдеді.Pavlodarnews.kz мәліметі бойынша, облыста тамыз айында коронавирустан көз жұмғандар саны 111-ге жетті. Шілде айында 81 адам көз жұмған болатын.
Қайтыс болған адамдардың көбі зейнет жасындағы адамдар. 35-40 жастағы адамдар көз жұмған санаулы жағдайлар болды. Биыл ауру күрделі өтуде, – деді Айдар Сейітқазинов.
Басқарма басшысы тамызда КВИ жұқтырушылардың көбейгені де әсер еткенін айтты. Сондай-ақ басқа да бірнеше себеп бар.
Тамызда ауруханаға түскендер көп. Оған қоса, коронавирустың жаңа штамы шықты. Ол қауіптірек. Себептердің бірі – адамдар ауруханаға кеш жүгінеді. 1 аптаға дейін өз-өзін емдеумен айналысады. Сондықтан адамдар ауыр жағдайға жетіп қана келуде. Осының бәрі көз жұмғандар санының артуына әкеліп отыр, – деді Айдар Сейітқазинов.
Еске салайық, соңғы тәулікте Павлодар облысында 338 адамнан коронавирус анықталды.