Павлодар облысынан Маңғыстау фермерлеріне 250 тонна шөп жіберілді. Шаруаларға 12 вагон шөпті тиеуге «Nur Otan» партиясының мүшелері мен жасотандық еріктілер және Павлодар гарнизонының әскери қызметшілері көмектесті.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қиындыққа тап болған жандарға павлодарлықтар алыс-жақындығына, жыл мезгіліне не болмаса өз тіршілігіне қарамай, әрдайым қол ұшын созуға дайын. Қазір Қазақстанның батысындағы отандастарымыз құрғақшылық салдарынан қиындыққа тап болғанда, Ертіс өңірінің тұрғындары сырт қалмады», – деді «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Серік Жартыбаев. Осыған дейін Түркістан облысының партия белсенділері де бұл жағдайға немқұрайды қарамаған болатын. Олар құрғақшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысындағы фермерлік шаруашылыққа екі айға толмайтын қысқа уақытта 100-ге жуық вагон немесе 3 мың тоннаға жуық шөп жөнелткен еді. Сондай-ақ #BizBirgemiz акциясы аясында Жамбыл облысынан Қызылорда өңіріне 16 вагон шөп жіберілді. «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Мағжан Ералиев те өз қаражатынан Арал ауданының фермерлері үшін 20 тонна шөп сатып алған. Еске салсақ, 10 шілдеде «Nur Otan» партиясы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жемшөп бағасы мен оларды тасымалдау тарифтерін төмендету ұсынылды. Кеңес мүшелері Ауыл шаруашылығы министрлігіне фермерлерге жанар-жағармайдың қосымша көлемін бөлуді және Азық-түлік корпорациясының базасында жемшөп қорын құруды ұсынды.Мадияр ТӨЛЕУ