«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы қоғамдық экологиялық кеңес мүшелері Парламент Мәжілісі депутаты Еділ Жаңбыршин және Самат Мусабаевпен кездесу өткізді. Басқосуда өңірдің экологиялық ахуалы туралы мәселе қозғалды.
Оффлайн және онлайн режимінде өткен кездесу кезінде «Nur Otan» партиясы республикалық қоғамдық экологиялық кеңес төрағасының орынбасары, мәжілісмен Еділ Жаңбыршин өзінің республика және облыс деңгейіндегі экологиялық мәселелерді шешу бағытындағы қызметімен таныстырды. Ал Маңғыстау өңіріне жеке тоқталсақ, күрмеуі қиын экологиялық проблемалар жетерлік. Қошқар ата улы көлі, тұрмыстық қатты және құрылыс қалдықтары, көгалдандыру мен ауызсу тапшылығы мәселелері бар. Биылғы құрғақшылықтың облыстың мал шаруашылығына тигізіп жатқан ауыр зардабы сияқты өзекті проблемаларды шешудің тиімді жолдарын іздестіру қажет-ақ. Осы бағытта кеңес мүшелері бірнеше ұсыныс жеткізді. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Самат Мусабаев Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін шешуге облыстық кеңес мүшелерін белсенді атсалысуға шақырды. – Өз тарапымнан, облыстық кеңес төрағасы ретінде, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясы Биоалуантүрлілікті қорғау бойынша қоғамдық инспекциясының қызметін жаңа Экологиялық кодекс талаптарына сәйкестендіру керегін қайталаймын. Бұл мақсатта «Nur Otan» партиясы республикалық қоғамдық экологиялық кеңесінің қолдауы керек екенін жеткіздім, – деді ол. Қазір аймақта тиімді атқарылып жатқан жұмыстар бар. Мысалы, Маңғыстау облысының Ақтау қаласы және оған іргелес орналасқан Мұнайлы ауданы, сонымен қатар Қарақия ауданы ауылдарын ауызсумен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін ұлғайту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оған республикалық бюджеттен 2021 жылға дейін 1 миллиард теңге бөлініп, толықтай игерілді. Биыл аталған жұмыстарды жалғастыруға тағы да 6,7 миллиард теңге бөлініп, тамыз айында жергілікті бюджетке тиісті қаражат толықтай түсті. Бұл қаражат зауытқа осы апта соңында тікелей аударылатын болады. Аталған жұмыстардың орындалуы облыс әкімдігінің тікелей бақылауында.М.ТӨЛЕУ