Былтыр Үкімет елдегі төтенше жағдайға байланысты ЖШС мен жеке кәсіпкерліктегі қызметкерлердің белгілі бір санаттарына ешқандай салық ұстамай, айлықты толық алуға рұқсат еткен. Алайда бастапқыда айтылғандай, сәуірден қазанға дейінгі кезеңде салық пен зейнетақы жарналарын төлемеген кәсіпорын қызметкерлері бармағын тістеп қалды. Өйткені мемлекеттің өзі кепілдік берген декреттік демалыстың толық сомасынан қағылғандар құзырлы орындардан көмек сұрағанмен, жөні түзу жауап ала алмай жүр. Аяғы ауыр келіншектердің жәрдемақысын қысқарту қаулыға қайшы ма? Құзырлы орындар қандай уәж айтады?
Әлеуметтік төлем азайып қалған
Informburo.kz сайтының шығарушы редакторы Махаббат Еңсебаева Үкімет қаулысының орындалуындағы олқылыққа қатысты пікірін білдірді. Айтуынша, бала күтіміне байланысты еңбек демалысы жағымсыз жағдаймен басталыпты. Дәлірек айтқанда, жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемін үштен бірге қысқартып жіберген. Яғни, соңғы төрт айдағы кірісі есептелмей кеткен. Ал бұл былтыр Салық кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес БАҚ қызметкерлері зейнетақы жарналары мен басқа да әлеуметтік аударымдарды төлеуден босатылғаннан болып отыр. Бірреттік төлемнен бөлек, бір жыл бойы алатын бала күтіміне байланысты жәрдемақысы да азайтылыпты. Бес күн бұрын ғана осы интернет порталдың тағы бір журналисі Жанна Хабдулхабар Алматы әкімдігінің алдында бір адамдық пикет өткізіп, жеке табыс салығын төлеуден, зейнетақы қорына қаражат жіберуден, әлеуметтік төлемдерден босатыла тұра, декреттік өтемақысының кем берілгеніне қарсы шыққан. Жарлыққа сүйенсек, 1 миллион 125 мың теңге алуы тиіс болған ол миллионның орнына қолына 800 мыңнан сәл асатын төлем алыпты. Енді Үкіметке сенген Жанна Хабдулхабар да бала күтіміне байланысты жәрдемақысын өзі күткеннен ай сайын 50 пайызға аз алатынына алаңдаушылық білдіреді. Өйткені өзіне дейін де әділдік сұрап барған журналистер жауапты мекемелерді сотқа бергенімен, жеңіліп қалған.Кепілдіксіз қамқорлық
«Айқын-Литер» ЖШС-нің қызметкері Жадыра Аққайыр да әріптестері секілді барлық құзырлы орындардың есігін қағып шыққан. «Былтыр карантиннің кезінде алты ай көлемінде кейбір ЖШС, сондай-ақ жеке кәсіпорындардағы қызметкерлердің белгілі бір санатын салықтан босатқан. Біз соңғы алты ай жалақыны толық алып жүрдік. Кейін бала босанғанға дейінгі әлеуметтік төлемімді алғанда үш айым есептелмей қалғанын білдім. 300 мыңнан астам ақша қысқартылған. Әлеуметтік төлемнің азайып қалуы салық ұсталмауынан болыпты. Айналып келгенде қазан айына дейінгі салығы төленбегендер жарлықтың зардабын көріп жатыр. Төлемақыдан бөлек, ай сайынғы жәрдемақымыз да азайып отыр. Өйткені бірреттік босанғанға дейінгі төлемде соңғы 12 айдағы табыс есепке алынса, баланың бір жасына дейінгі жәрдемақысы соңғы 24 айға байланысты беріледі», – дейді әріптесіміз. Мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың қалай жүзеге асатынын алдын ала ескертпеген атқамінерлер қазір де жауапкершілікті мойнына алғысы жоқ. Бір емес, бірнеше бұқаралық ақпарат құралының өкілі әлеуметтік төлемнің қалай орындалғанын сұрап, тиісті хат жолдаған. Бірақ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Салық комитеті әлі күнге дейін қатенің кімнен екенін анықтай алмай дал. Министрлік өкілдері қаулы бойынша салықты төлемегендерге де нөлдік коэффициентпен есептеп, толық әлеуметтік төлем жасап жатқандарын жеткізеді. Бір қызығы, декретке құжат тапсырғандар қаулыға сәйкес құжат толтырғанын қанша көрсетсе де, тиісті мекемелер қабылдаудан бас тартқан. Өйткені БАҚ қызметкерлері нақты қайтарылуға тиіс санаттың қатарында жоқ болып шыққан.Министрдің бақылауында
Әріптестердің мәселесін айтып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сауал жолдағанбыз. Министрліктің БАҚ-пен өзара іс-қимыл департаментінің директоры Шыңғыс Төкеев журналистердің басындағы жағдайды жақсы білетіндерін, тиісті мәселе министр Аида Балаеваның жеке бақылауына алынғанын айтты. Қазір ведомство басшылығы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеп жатқанын білдік және қыркүйек айында Парламент Мәжілісі қарауына енгізу жоспарланған көрінеді. Министрлік декреттік жәрдемақыларды төлеу мәселесі жыл соңына дейін шешілетініне уәде береді.Әлеуметтік төлем мөлшері қысқартылмайды
Үш күн бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік төлемнің не себепті қысқартылғаны жөнінде сауал жолдағанбыз. «Егер баланың анасы жұмыс істесе және ол үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар түссе, онда ол жүкті болу мен босануға (еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетiлген жүктiлiкке және босануға байланысты демалыс берiлген күнге және соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстың орташа мөлшеріне байланысты), бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу бойынша (соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстың орташа мөлшерінің 40%-ын құрайды) әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда қордан төленетін әлеуметтік төлемдер алуға құқылы. Жыл сайын мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері ұлғайып келеді, ресімдеу бөлігі жеңілдетіліп, оларды азаматтарға беру тетіктері жетілдіріледі. Мемлекеттік жәрдемақылардың немесе қор тарапынан берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қысқарту мәселесі қарастырылмайды», – делінген министрліктің берген жауабында. Осы министрлікке әлеуметтік төлемін толық ала алмай жүрген әріптестерімізге ведомство өкілі «Бұл мәселе Салық комитетінің шешіміне сәйкес жүзеге асады. Егер заңды болса, қысқартқан соманы қайтып қайтарамыз» деп шығарып салған. Салық комитеті бұл сауалдың өздеріне ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігіне сілтеді.Түсініксіз тармақша
Құзырлы орындардан тұшымды жауап болмаған соң заңгердің көмегіне жүгіндік. Алматы қалалық Адвокаттар алқасының адвокаты Тимур Әйтен былтыр «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекстің 341-бабы 1-бөлігі 51-тармақшамен толықтырылғанын айтады. Өзгеріске сәйкес, салық төлеушілердің табыстарына түзету енгізілді. Сөйтіп, квазимемлекеттік сектор субъектісі болып табылмайтын және телевизиялық бағдарламаларды жасау, радио хабарларын тарату, газет-журнал мен мерзімді жарияланымдар шығару жөніндегі қызметпен айналысатын мемлекеттік емес БАҚ қызметкерлері жеке табыс салығын төлеуден босатылды. Осы толықтырудың қолданылу кезеңі 2020 жылғы сәуірден бастап қазанға дейін жалғасты. Бірақ қызметтің бұл түрі 2020 жылдың 20 сәуіріндегі Үкіметтің №224 қаулысы, салық салу мәселелері бойынша «экономиканы тұрақтандыру» жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Президенттің 2020 жылғы 16 наурыздағы №287 Жарлығында қарастырылмаған. Тиісінше, орташа айлық табысты есептеу кезінде әлеуметтік аударымдарға «0» коэффициенті қолданылмайды екен. «Меніңше, бұл жерде БАҚ-та жұмыс істейтін аяғы ауыр әйелдерді 51-тармақшамен толықтыру арқылы кемсітіп отырмыз. Шенеуніктер түзетулерді қабылдау кезінде осы санаттың мүдделерін ескермеген. Былай айтқанда, олардың әлеуметтік төлемдерді алу құқығы мен мөлшеріне қысым жасалды. Конституциямызда: «Ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бастап, 28-бабының 1-тармағында: «Азамат жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі», – дей тұра, азаматтарды алалауға әкелеміз», – дейді Тимур Әйтен. Осы орайда құқық қорғаушы түсініксіз қаулыдан зардап шеккен әйелдерге бірқатар кеңес береді. «Біздің қоғамда өз қателіктерін көпшілік алдында мойындау мәдениеті қалыптаспаған. Әділдікке жету де қиын. Десе де, Конституциямыз бен заңдарымызда кепілдік берілген құқықтарының бұзылуына негізделген нормативтік құқықтық актіні заңға қайшы деп тану туралы ұжымдық мәлімдеме жасау қажет. Төлем бойынша сотқа шағымдануларына болады. Екінші, бұл мәселені БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялау арқылы биліктің назарын аударуымыз керек», – дейді адвокат. Оның айтуынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы қолданылып жатқаны рас болса, қаулыға енгізілген өзгерісті тиісінше түсіндірмеген құзырлы орындар жауапкершілікті мойнына алып, бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шыққан әйелдердің заңды мүдделері ескерілуі тиіс.Жадыра МҮСІЛІМ