Жауаптылардың жауапсыздығы
Жауаптылардың жауапсыздығы
220
оқылды

Былтыр Үкімет елдегі төтенше жағдайға байланысты ЖШС мен жеке кәсіпкерліктегі қызметкерлердің белгілі бір санаттарына ешқандай салық ұстамай, айлықты толық алуға рұқсат еткен. Алайда бастапқыда айтылғандай, сәуір­ден қазанға дейінгі кезеңде салық пен зейнетақы жарна­ларын төлемеген кәсіпорын қызметкерлері бармағын тістеп қалды. Өйткені мемлекеттің өзі кепілдік берген декреттік демалыстың толық сомасынан қағылғандар құзырлы орындардан көмек сұрағанмен, жөні түзу жауап ала алмай жүр. Аяғы ауыр келіншектердің жәрдемақысын қысқарту қаулыға қайшы ма? Құзырлы орындар қандай уәж айтады?

Әлеуметтік төлем азайып қалған

Informburo.kz сайтының шы­ғарушы редакторы Махаббат Ең­себаева Үкімет қаулысының орын­далуындағы олқылыққа қатысты пікірін білдірді. Айтуынша, бала күтіміне байланысты еңбек де­малысы жағымсыз жағдаймен басталыпты. Дәлірек айтқанда, жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемін үш­тен бірге қысқартып жіберген. Яғни, соңғы төрт айдағы кірісі есептелмей кеткен. Ал бұл былтыр Салық кодексіне енгізілген тү­зетулерге сәйкес БАҚ қызмет­керлері зейнетақы жарналары мен басқа да әлеуметтік аударымдарды төлеуден босатылғаннан болып отыр. Бірреттік төлемнен бөлек, бір жыл бойы алатын бала күтіміне байланысты жәрдемақысы да азайтылыпты. Бес күн бұрын ғана осы ин­тер­нет порталдың тағы бір журналисі Жанна Хабдулхабар Алматы әкімдігінің алдында бір адамдық пикет өткізіп, жеке табыс салығын төлеуден, зейнетақы қорына қа­ражат жіберуден, әлеуметтік тө­лемдерден босатыла тұра, декреттік өтемақысының кем берілгеніне қарсы шыққан. Жарлыққа сүйен­сек, 1 миллион 125 мың теңге алуы тиіс болған ол миллионның орны­на қолына 800 мыңнан сәл асатын төлем алыпты. Енді Үкіметке сенген Жанна Хабдулхабар да бала күтіміне байланысты жәрдем­ақысын өзі күткеннен ай сайын 50 пайызға аз алатынына алаңдау­шылық білдіреді. Өйткені өзіне дейін де әділдік сұрап барған жур­налистер жауапты мекемелерді сотқа бергенімен, жеңіліп қалған.

Кепілдіксіз қамқорлық

«Айқын-Литер» ЖШС-нің қыз­­меткері Жадыра Аққайыр да әріптестері секілді барлық құзыр­лы орындардың есігін қағып шық­қан. «Былтыр карантиннің кезінде алты ай көлемінде кейбір ЖШС, сондай-ақ жеке кәсіпорындардағы қызметкерлердің белгілі бір сана­тын салықтан босатқан. Біз соңғы алты ай жалақыны толық алып жүрдік. Кейін бала босанғанға де­йінгі әлеуметтік төлемімді алғанда үш айым есептелмей қалғанын білдім. 300 мыңнан астам ақша қыс­қартылған. Әлеуметтік тө­лем­нің азайып қалуы салық ұсталма­уынан болыпты. Айналып келген­де қазан айына дейінгі салығы тө­ленбегендер жарлықтың зарда­бын көріп жатыр. Төлемақыдан бө­лек, ай сайынғы жәрдемақымыз да азайып отыр. Өйткені бірреттік босан­ғанға дейінгі төлемде соңғы 12 айдағы та­быс есепке алынса, ба­ланың бір жасына дейінгі жәр­демақысы соң­ғы 24 айға байла­ныс­ты бері­леді», – дейді әріптесіміз. Мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың қалай жүзеге аса­тынын алдын ала ескертпеген ат­қамінерлер қазір де жауап­кер­ші­лікті мойнына алғысы жоқ. Бір емес, бірнеше бұқаралық ақпарат құралының өкілі әлеуметтік тө­лемнің қалай орындалғанын сұ­рап, тиісті хат жолдаған. Бірақ Ең­бек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Салық комитеті әлі күнге дейін қатенің кімнен екенін анықтай алмай дал. Ми­нистрлік өкілдері қаулы бойынша салықты төлемегендерге де нөлдік коэффициентпен есептеп, толық әлеуметтік төлем жасап жатқан­дарын жеткізеді. Бір қызығы, дек­ретке құжат тапсырғандар қаулыға сәйкес құжат толтырғанын қанша көрсетсе де, тиісті мекемелер қа­был­даудан бас тартқан. Өйткені БАҚ қызметкерлері нақты қай­тарылуға тиіс санаттың қатарында жоқ болып шыққан.

Министрдің бақылауында

Әріптестердің мәселесін ай­тып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сауал жолдағанбыз. Министрліктің БАҚ-пен өзара іс-қимыл департаментінің директоры Шыңғыс Төкеев журналистердің басындағы жағдайды жақсы білетіндерін, тиісті мәселе ми­нистр Аида Балаеваның жеке ба­қылауына алынғанын айтты. Қазір ведомство басшылығы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігімен бірлесіп заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеп жатқанын білдік және қыркүйек айында Парламент Мәжілісі қарауына ен­гізу жоспарланған көрінеді. Ми­нистрлік декреттік жәрдемақы­ларды төлеу мәселесі жыл соңына дейін шешілетініне уәде береді.

Әлеуметтік төлем мөлшері қысқартылмайды

Үш күн бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне әлеуметтік төлемнің не себепті қысқартылғаны жөнінде сауал жолдағанбыз. «Егер баланың анасы жұмыс істесе және ол үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қорына әлеуметтік аударым­дар түссе, онда ол жүкті болу мен босануға (еңбекке уақытша жа­рамсыздық парағында көрсетiлген жүктiлiкке және босануға байла­нысты демалыс берiлген күнге және соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстың орташа мөлшеріне байланысты), бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу бойынша (соңғы 24 ай­дағы әлеуметтік аударымдар жүргі­зілген табыстың орташа мөлше­рінің 40%-ын құрайды) әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда қордан төленетін әлеуметтік тө­лем­дер алуға құқылы. Жыл сайын мемлекеттік жәрдемақылар мөл­шері ұлғайып келеді, ресімдеу бө­лігі жеңілдетіліп, оларды азамат­тарға беру тетіктері жетілдіріледі. Мемлекеттік жәрдемақылардың немесе қор тарапынан берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қысқарту мәселесі қарасты­рыл­майды», – делінген министрліктің берген жауабында. Осы министр­лікке әлеуметтік төлемін толық ала алмай жүрген әріптестерімізге ведомство өкілі «Бұл мәселе Салық комитетінің шешіміне сәйкес жү­зеге асады. Егер заңды болса, қыс­қартқан соманы қайтып қайтара­мыз» деп шығарып салған. Салық комитеті бұл сауалдың өздеріне еш­қандай қатысы жоқ екенін ай­тып, Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі мен Ұлт­тық экономика министрлігіне сілтеді.

Түсініксіз тармақша

Құзырлы орындардан тұшым­ды жауап болмаған соң заңгердің көмегіне жүгіндік. Алматы қала­лық Адвокаттар алқасының адво­каты Тимур Әйтен былтыр «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ко­декс­тің 341-бабы 1-бөлігі 51-тармақ­шамен толықтырылғанын айтады. Өзгеріске сәйкес, салық төлеуші­лердің табыстарына түзету енгі­зілді. Сөйтіп, квазимемлекеттік сектор субъектісі болып табыл­май­тын және телевизиялық бағ­дар­ламаларды жасау, радио хабар­ларын тарату, газет-журнал мен мерзімді жарияланымдар шығару жөніндегі қызметпен айналысатын мемлекеттік емес БАҚ қызмет­кер­лері жеке табыс салығын төлеуден босатылды. Осы толықтырудың қолданылу кезеңі 2020 жылғы сәуірден бастап қазанға дейін жалғасты. Бірақ қызметтің бұл түрі 2020 жылдың 20 сәуіріндегі Үкі­меттің №224 қаулысы, салық салу мәселелері бойынша «экономи­каны тұрақтандыру» жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Пре­зиденттің 2020 жылғы 16 наурыз­дағы №287 Жарлығында қарас­тырылмаған. Тиісінше, орташа ай­лық табысты есептеу кезінде әлеу­меттік аударымдарға «0» коэф­фициенті қолданылмайды екен. «Меніңше, бұл жерде БАҚ-та жұмыс істейтін аяғы ауыр әйел­дерді 51-тармақшамен толықтыру арқылы кемсітіп отырмыз. Ше­неуніктер түзетулерді қабылдау кезінде осы санаттың мүдделерін ескермеген. Былай айтқанда, олар­дың әлеуметтік төлемдерді алу құқығы мен мөлшеріне қысым жа­салды. Конституциямызда: «Ең қым­бат қазына – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бостан­дықтары» деп бастап, 28-бабының 1-тармағында: «Азамат жасына келген, науқастанған, мүгедек бол­ған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды не­гіздерде әлеуметтік қамсыздан­ды­рылуына кепілдік беріледі», – дей тұра, азаматтарды алалауға әке­леміз», – дейді Тимур Әйтен. Осы орайда құқық қорғаушы түсініксіз қаулыдан зардап шеккен әйелдерге бірқатар кеңес береді. «Біздің қоғамда өз қателіктерін көпшілік алдында мойындау мә­дениеті қалыптаспаған. Әділдікке жету де қиын. Десе де, Консти­туциямыз бен заңдарымызда ке­пілдік берілген құқықтарының бұ­зылуына негізделген норматив­тік құқықтық актіні заңға қайшы деп тану туралы ұжымдық мәлім­деме жасау қажет. Төлем бо­йынша сотқа шағымдануларына болады. Екінші, бұл мәселені БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жа­риялау арқылы биліктің наза­рын аударуымыз керек», – дейді адво­кат. Оның айтуынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қа­ғидасы қолданылып жатқаны рас болса, қаулыға енгізілген өзгерісті тиісінше түсіндірмеген құзырлы орындар жауапкершілікті мой­нына алып, бала күтіміне байла­нысты еңбек демалысына шыққан әйелдердің заңды мүдделері ескерілуі тиіс.

Жадыра МҮСІЛІМ