Семей полигонының қасіреті
Семей полигонының қасіреті
5,593
оқылды

Әлемде ашық түрде жарияланбай, құпия жүргізіл­ген, тірі адамның жаны түршігерлік алапат соғыс қазақ жерінде ғана өтті. Ол – Семей ядролық сынақ майданы! Бұл майданның тактикасы мен стратегиясын әскери шен­ділер емес, ғалымдар тобы жасады. Кеңес үкіметі қа­лың қазақтың ортасына 456 бом­ба жарып, 1 мил­лион­нан астам адамды құрбандыққа шалды! Қасірет сеп­кен полигон Қазақстан Президенті Н.Назар­баевтың 1991 жылғы 28 тамыздағы Жар­лығына сәйкес келесі күні жабылды.

Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толды. Жарылыстан зардап шеккен аумақ 18 мыңнан астам шаршы шақырымды қамтыды. Осы аумақта тұратын қазақ «сынақ қояндарына» айналды. Алғашқы атом бомбасы (дұ­рысы заряд) сыналған уақыт –1949 жылдың 29 тамызы, тура сағат таңғы жеті. Әскерилер ес­телігіне сүйенсек, заряд 30 метр биіктікте, бетон бақан үстінде жарылған. Көз ілеспес жылдам­дықпен ұлғайған отты доп жерге қадалып, сосын аспанға көте­рілген. Отты шар көз жетер жер­дің топырағы ыстық күлге ай­налдырып жіберген. Сынақ алаңына байлап қой­ған жылқы, қойдың есі кетіп, жүні, терісі жидіп түсіп қалған. О, тоба! Байлаулы тұрған иттер­дің қорыққаны сонша, жүректері жарылып өлген. Аң-құстар жан­тәсілім алдында жанталасып жа­тыпты. Жарылыстан жанды ма­құлықтар түгілі қара жер тітір­кенді. Жарылыстар жер үстінде және ауада өткен бірінші кезеңде (1949-1962 жылдары) ауа мен топырақ ластанды. Екінші кезең­де (1963-1989 жылдары) жары­лыстар жер астына ауысты. Бұл кездегі экологиялық апат – сулар құтты бір жер жарықшағына сау­лап ағып, жоғалып кеткендей болды. Арналы өзендер (Шаған, Маралды, Мұқыр тағы басқасы) мен қыр құдықтары кеуіп қалды. Семей полигонында жиыны 456 ядролық сынақ жасалды. Елдің, тұрғындардың тағдыры көкпарға салынды. – Алғашқы зардаптар біздің ауылда 1951-1952 жылдан бай­қалды дейді үлкендер. Аяғын ба­са алмай қалған, ақсақ-тоқсақ адамдар саны күрт көбейген. Үкі­мет адамдары беймәлім дертті «бұл малдан жұққан бруцеллез ауруы» деп жалтарып, жасыруға бұйрық алыпты, – дейді техника және филология ғылымдарының кандидаты, сынақ полигонынан 60 шақырым жерде дүниеге кел­ген Бөденелі ауылының тумасы Асан Омаров ағамыз. Әу баста сыналғандарға 1953 жылдан бастап термоядролық бомбалар қосылды. Солардың ішіндегі ең қуаттысы 1953 жыл­дың шілде айына келсе керек-ті. Өйткені сол жолы бұрынғы Се­мей облысының Абыралы, Абай аудандары ауылдарының тұр­ғындары 20 күнге көшіріліп, тек 40 адам «тәжірибе жасауға» қал­дырылғаны мәлім. Осы қырық­тың бірі Талғат Слямбеков көзі тірісінде: «Сол күні аспан шайдай ашық еді. Ойымызда ештеңе жоқ, сыртта жүргенбіз. Бір уа­қытта ашық аспанда найзағай жарқ ете қалды. Іле алып саңы­рауқұлақ көкке көтерілді. Қатты толқыннан деміккендей болдық. ...Арада екі сағат өткеннен кейін әскери адамдар тікұшақпен келіп, бізді машинаға отырғызып, Шыңғыс тауының ішіне алып кетті. Осы жерде олар бізді есеп­ке алды. Үсті-басымызды дози­метрмен тексерді де, әрқайсы­сымызға 200 грамдық стаканға толтырып, арақ берді. ...Арада бір жыл өткен соң әлгі 40 адам­ның сегізін Семейге алып барып, бір жарым ай бойы тексеруден өткізді. Бізбен сөз арасында «Осы­ның бәрі болашақ үшін» деп қояды. Сонда ғана барып өзіміздің сынақ аймағында тә­жірибе үшін қалдырылғаны­мыз­ды білдік» депті марқұм («Қазақ әдебиеті» 1991 жыл, тамыз).

Эпицентр аумағында 1954-1956 жылдар арасында туған сәби­лердің бірі ерте, бірі кеш, бәрі дерлік шетінеді. Төкен марқұм­ның айтқаны: «1954 жылы туған Рымғайша, 1956 жылғы Бақыт­жан көз жұмды. Әсіресе, Бақыт­жанды ұмыта алар емеспін. Ыс­тығы көтеріліп, екі көзі шырақтай жанып жатқан қарындасым мал басындағы әкеміз үйге кіріп келгенде «Әке!» деп атып тұрып, әкесінің мойнына асылған күйі үзіліп кете барды».

– 1955 жылдың 22 қазанында сыналған сутегі бомбасынан ке­йін адамдардың жаппай қы­ры­луы басталды. Сутегі бомбасы – тірі организмді жоюға арналған бомба. Одан балалар мен жас сәбилер көп шетінеді. Әлі есімде, апа-әжелер беймәлім дертті «қы­зылша» дейтін. Себебі баланың ыстығы көтерілетіні сонша, маң­дайына қол тигізбейді, терісі қызарып кетеді, екі-үш күннен аспай ажал құшады,– деді Асан Омаров. Эпицентр аумағында 1954-1956 жылдар арасында туған сә­би­лердің бірі ерте, бірі кеш, бәрі дерлік шетінеді. Төкен марқұм­ның айтқаны: «1954 жылы туған Рымғайша, 1956 жылғы Бақыт­жан көз жұмды. Әсіресе, Бақыт­жанды ұмыта алар емеспін. Ыс­тығы көтеріліп, екі көзі шырақтай жанып жатқан қарындасым мал басындағы әкеміз үйге кіріп келгенде «Әке!» деп атып тұрып, әкесінің мойнына асылған күйі үзіліп кете барды». ...Полигон құрбандарының есебі жоқ. Опат болғандар еш жерде тіркелмейді, сәуле алған жандарды емдеу жайлы ешкім жақ ашпайды. Заман солай! ...Алуан түрлі амалмен алдау­сыратты. Мысалы, Семейдің об­­лыстық баспасөз бетінде «Жа­ман дерттің таралуы ыстық шай­дан, түнде ет жегеннен» деген көбік әңгімелер жарияланатын. Семей ядролық полигонын­дағы сынақтардың әсері туралы алғашқы шын да жүйелі деректер Қазақ КСР Ғылым академиясы жүргізген кең ауқымды меди­ци­налық-экологиялық зерттеулер­дің нәтижесінде алынды. Зерт­теулерді, ғылыми экспедиция­ларды профессор Б. Атшабаров басқарды. Радиациялық сәуле­ленудің ықпалына ұшыраған аумақ тұрғындарының арасында өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары қатты байқалады. – Рак ісігі сынақтар бастал­ғалы бері үш есе өсті. Семей по­лигонына жақын аудандарда әртүрлі ауытқу, тәндік және есту кемшілігі бар әрқилы сәбилер дүниеге көп келеді. Мамандар­дың айтуынша, соны бәрі нақ қыс­қа­мерзімді және қалдықты радиа­цияның кесірінен бола­тын ге­нетикалық мутациямен бай­­ланысты. Адамдар ғана емес, жер де азап шегеді. Жылма-жыл ра­дио­нуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтады. Жердегі орасан зор микро­эле­мент­­тер: темір, мыс, магний және басқа металдар адам ор­ганизміне сіңеді,– дейді Б.Ат­ша­баров. 1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын табу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада–Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Сол жылдың 6 тамызында Семей об­лысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мора­торий жариялау жөнінде КСРО және АҚШ президенттеріне үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: «Сайын дала­мыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарыл­ды. Біз келешекті қауіппен кү­тудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбіт­шілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада–Семей» қозғалысын құрдық». Осы уақытқа дейін үнсіз тығы­лып келген халық бір дауыстан «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақ­парат құралдарында, телевидение мен газеттерде әңгіме бола бас­тады. Түрлі елдің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұран­дарын талқылап жатты. Ра­диа­циялық сәулелердің зардабы жай­лы дәрігерлер мен ғалымдар­дың ашық әңгіме қозғауға баты­лы жетті. Халықтың бастамасы­мен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Рес­публикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды.

Дәулет АСАУ