Жас әкімнің жоспары жұмыр
Жас әкімнің жоспары жұмыр
428
оқылды

Елімізде алғаш рет өткізілген ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына Жамбыл облысында «Nur Otan» партиясы атынан 31 кандидат ұсынылған. Оның 14-і қайта сайлауға түскен округ әкімдері болса, 17-і жаңа тұлғалар. Олардың ішінде 12-і мемлекеттік қыз­мет­кер, 2-і білім және мәдениет саласының маманы, 2-і ауыл ша­руашылығы мен 1-і шағын және орта бизнес өкілі. Олардың қата­рында ең жас әкім Ерсайын Қуандық та бар.

Ерсайын Талғатұлы небәрі 28 жасын­да Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауыл­дық округінің тізгінін ұстап отыр. Өзі осы ауылдың тумасы болғандықтан, сайлауда бұқараның басым бөлігі жас әкімге қолдау білдіріп, даусын берген. Ерсайын еңбек жолын 2013 жылы Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ішкі сая­сат бөлімі «Жастар орталығы» Ақниет ауылдық округі бойынша жастармен жұмыс бойынша ұйымдастырушысы болып бастаған.Жас маманның білімі мен білігін байқаған әкімдіктегілер кейін оны аудан әкімдігінің ішкі саясат бө­ліміне шақырады. Осында Ерсайын екі жыл еңбек етіп, 2014 жылы аудан әкімі аппаратының компьютерлік бағдар­ламаларға техникалық қызмет көрсетуші маманы болып істейді. Осылайша, сан салада шыңдалған ол 2016 жылы аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің бас маманы бола­ды. Араға үш жыл салып дәл осы бөлімнің басшысы қызметіне тағайындалады. Мемлекеттік қызметте сатылай өсіп, бар­лық дәлізін көріп өткен Ерсайын осы жылдың шілде айында туған ауылына әкім болып сайлауға түсуге бел буады. Нәтижесінде, халықтың дені жас маманға сенім артып, 27 шілде күні Ерсайын Тал­ғатұлы Жаңатұрмыс ауылдық округі әкімі қызметіне кіріседі. Ерсайын Қуандықты бүгінде жаңа­тұрмыстықтар жылы қабылдап отыр. Жерлестерінің жас әкімге деген сенімі мол. – Ерсайын Талғатұлын жастайынан танимыз. Мектепте зеректігімен көзге түсіп, қатарының алды болып жүрді. Есейе келе оның ел үшін еңбек еткісі келетін ерекше ықыласын байқап жүрдік. Ал ауылдық округ әкіміне сайлауға түскелі жатқанын естігенде қуандық. Себебі бізге ауылымыздың тау-тасына дейін жіті білетін әкім қажет. Әрине, жас әкімге артылар жүк ауыр. Өйткені елді мекенімізде шоғырланған мәселе көп. Десе де, бұл түйткілдердің тү­йі­нін тарқату Ерсайынның қолынан келеді деп сенеміз. Біз сол үшін де дауыс бердік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық округ әкімдерін халықтың өзіне сайлатқан саясатын қос қолдап қолдаймын. Себебі біз өзіміздің жүрек қалауымыздағы, сенім арта алатын әкімімізді таңдадық, – дейді Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Асылбек Әзмұратов. Ерсайын Талғатұлының өзі ауыл әкімі сайлауына ауқымды жоспармен түскенін айтады. – Туған топырағыма қызмет ету үшін осы сайлауға түстім. Ауылда ең бі­рін­ші ауызсу мәселесі өзекті. Осыған бай­ланысты келер жылы Жаңатұрмыс ауылына ауызсу кіргізсем деп отырмын. Екінші мәселе – халық табиғи газға қол жеткізе алмай отыр. Бұйыртса, халық ке­­лер жылы көгілдір отынның да қызығын көреді. Осы екі мәселенің түйіні тарқа­тыл­ғаннан кейін тұрғындардың интер­нетке қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздеп отырмын. Сондай-ақ ауылішілік жолдардың да күрделі жөндеуі жоспа­рымда бар. Бір сөзбен айтқанда, әкімдік өкілетім біткенге дейін халық үшін аян­бай тер төкпекпін, – дейді жас әкім. Иә, Ерсайын Қуандықтың мұндай қарқынын көріп біз де қуандық. Ал Жаңатұрмыс ауылына газ құбырын тарту жұмыстары бүгіннен жүйесін тауып жат­қанын көріп, жанымыз жадырай түсті. Сондай-ақ ауызсу жүйесінің құрылы­сында да қозғау бар. Бұдан бөлек, Досым­беков көшесінің орташа жөндеу жұмыс­тары да күні ертең басталғалы тұр. Осын­дай ілкімді істерді көріп, біз де жас әкімнің әрбір бастамасына сәттілік серік болсын деп тіледік. «Жас келсе – іске» дейді дана қазақ. Ендеше Ерсайындай жас әкімнің жа­лын­ды бастамалары тек жемісті болғай!

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы