Жас әкімге сенім мол
Жас әкімге сенім мол
160
оқылды

«Жас келсе – іске». Солтүстік Қазақстан облысында жаңа­дан сайланған ең жас ауыл әкімдерінің бірі Темірболат Темір­хановқа қазақтың аяулы перзенті, ұлы ақын Мағжан Жұма­баев туып-өскен ауылдық округтің тізгіні ұстатылды. Қазақ­тың бетке ұстар қайраткері туған ауылдың туын жықпай, ел кө­лемінде мақтан тұтар елді мекенге айналдыру, келімді-ке­тім­­ді қонаққа ұялмай көрсетуге лайықты ету – ерге сын. Мұн­да тіркелген 325 сайлаушының 283-і, яғни 70 пайыздан ас­­тамы өз дауысын өзін-өзі ұсынған «Nur Otan» партиясының мү­­шесі Темірболат Әділұлына берді. Енді жаңа әкімнің ал­дын­да сайлаушылардың сенім үдесінен шығып, халыққа қалт­қысыз қызмет ету міндеті тұр. Бұл оңай жауапкершілік емес.

Темірболат Әділұлының сөздің емес, істің адамы екені ә дегеннен-ақ аңғарылды. Үнемі ауылдарды аралап, тұрғындардың мұң-зары­мен танысып, оларды шешуден қолы бір босамайтын жас әкім біз­бен әңгімелесуге әрең дегенде уақыт тапты. AIQYN-ның өзі тура­лы жазғысы келетінін естігенде ол әлі жас екенін, тәжірибесі жоғын, өзінен әлдеқайда тәжірибелі, сый­лы әкімдер жетерлік екенін алға тартып, таңданысын жасырмады. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында дүниеге келіп, 2 жасынан бастап Мағжан Жұмабаев ауданында өсіп-жетілген Темір­болат Әділұлы бұл өңірдің жай-жапсарымен жастайынан таныс. Әкеден ерте қалып, анасы жалғыз тәрбиелегендіктен, жұмысқа ерте араласуына тура келген. Әкім бо­лып сайланғанынан бері онша көп уақыт өте қоймаса да, Мағжан елін көркейтуге бел шеше кірісіп кет­кен. Мағжан ауылдық округінің құрамына ұлы ақынның әйгілі Сарытомары мен Жастар ауылы кіреді. 400-ден астам тұрғын бар. Сайлауалды науқан барысында ол ауылдықтармен бірнеше рет жүз­де­сіп, барлық өтініш-тілегін тың­даудан бір жалыққан емес. Әсіресе, жол, су, жарық мәселелері халық­тың мұң-мұқтажына айналғалы қай заман. Енді жас әкім әр үйге таза ауызсу енгізіп, барлық көшені жарықтандыру міндетін өз мой­нына алып отыр. Сарытомардың көшелерін жарықтандыруға был­тыр кірісіп, ақыр-соңын сиыр­құйым­шақтатып жіберген мер­ді­гер­лердің аяқтамай кеткен жұмы­сын да Темірболат Темірханов қол­ға алды. Жастар ауылына су тар­ту үшін қажетті құжаттар әзір­леніп жатыр. Ауылдықтардың тір­шілік нәріне қарық болатын күні алыс емес. Елді мекендерге дейінгі және ауыл ішіндегі жолдарға ас­фальт төселгенімен, күрделі жөн­деуді қажет етеді. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мін­деті тұр. Өзінің сайлауалды бағдар­ла­масында көрсетілген бұл мәселе алдағы екі жылда өз шешімін та­бады деп сендірді Темірболат Әділұлы. Өйткені қазақтың ақиық ақынының ауылына апарар жол мінсіз болуы керек екенін, жалпы, киелі мекенді көркейту керегін жақсы түсінеді. Оның айтуынша, Сарытомар ауылы жылдан-жылға дамып, абаттандырылып, гүлденіп келеді. Мағжан Жұмабаевтың алдағы мерейтойына дайындықты жерлестері осы бастан бастап кет­кен. Ауылдағы барлық мекеме мен ұжым, қоғамдық жұмысқа тартыл­ғандар әр бейсенбі сайын өз ғи­мараттарының маңайын жинасты­рып, көгалдандыру, санитарлық тазарту жұмыстарын атқарады. Ауылдың келбетін жақсартып, әлеу­меттік-экономикалық дамуы­на барша тұрғын атсалысып келеді. Әлемді жайлаған пандемияға бай­ланысты Алаштың ардақтысы туған ауылға соңғы кезде адам аяғы сиресе де, алдағы уақытта мұнда ағылатындардың қатары қай­тадан қалыңдайтынына олар се­німді. Сондықтан Сарытомар қа­зақ әдебиетінің жарқын жұл­дызының ауылы деген атаққа қай жағынан алса да лайықты болуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасап тыры­сып бағуда. Ауыл тұр­ғындарының пікірінше, бұл іс жас та болса, бас болып отырған Темір­болат Темір­хановтың қолынан келеді. «Ауылдық округтердің жаңадан сайланған әкімдерінің ендігі жұ­мы­сы билік басындағылармен және жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас орната білуіне бай­ланысты. Кез келген әкім шешімін күткен мәселелерге тап болады. Сондықтан бұл ретте жаңа келген адамдарға қарағанда бұған дейін осы жерде тұрып, өз адамы болып есептелетін кірігіп кеткен әкім­дер­ге жеңілірек. Алайда кез келген мәселенің уақытылы әрі сапалы шешілуі әкімнің жеке басының қасиетіне, кәсіби шеберлігіне, іс­кер­лігіне де байланысты. Қай тұр­ғы­дан алсақ та, Темірболат осы та­лап­тардың қайсысына болсын сай, жергілікті жердің адамы, биз­несте де, билікте де жұмыс істеген. Сондықтан оған сенім арттық», – дейді Сарытомар ауылының тұр­ғыны, ауылдық округтің ақсақалдар алқасының төрағасы Бегалы Жанділдин. Бұл аймақта халық еңбекқор. Тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысып, не бау-бақша баптап, өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтып отыр. Жұмыссыз адам­дар бірен-саран ғана. Дегенмен жаңа әкім кәсіпкерлермен бірлесіп, екі қолға бір күрек іздеген адамдарға жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Ол үшін мемле­кет­тік бағдарламалар арқылы қайта даярлықтан өтіп, оқу курстарына қатысуына жәрдемдеспек. Соңғы кезде бұл округте тұрғын үй құрылысы қарқын ала бастағаны – ауылдың дами түскенінің айғағы. «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыс күші көп өңірлерден қоныс аударушылар үшін қазір он үй салынып жатыр. Ауылда дәрігерлік қосын, мешіт, кітапхана, мәдениет үйі, екіқабатты мектеп сияқты бар­лық әлеуметтік-мәдени нысандар тұрғындар игілігі үшін үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жаңа әкім өзінің сайлауалды бағдарламасында спорт саласын, саламатты өмір салтын және ауыл тұрғындарының мәдени демалысына жан-жақты қолдау көрсетуге күш салатынын атап көрсеткен болатын. Сондықтан ауыл әкімінің абыройлы жұмыс іс­теуіне жерлестері де мүдделі. Олар жас әкім құрғақ уәдеге қарық қылмай, нақты ісімен халықтың ризашылығы мен алғысына бө­ленеді деген сенім артып отыр. Ол үшін Темірболат Әділұлы өзінің мектепте және мемлекеттік қыз­метте жұмыс істеген кезінде жи­нақтаған тәжірибесі мен бар күш-жігерін сарп етуге әзір. «Ол үшін тұрғындардың сенімін арқалаған әкім халықтың өтініш-тілегін, ше­шімін күткен мәселелерді жіті зерделеп, мән-жайдан хабардар болып, шешімін табуы тиіс, әр іске бастамашы болуы керек. Әрі ауыл әкімдерінің жұмысына жаңаша көзқарас қажет. Әкімдерді тікелей сайлау азаматтық қоғамның да­муына, жергілікті жерде демокра­тияның орнығуына тың серпін береді деп ойлаймын. Сондықтан бар білімім мен дағдымды жаңа жұмысқа жұмсауға әзірмін», – дейді Темірболат Темірханов.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы