Салықтың жеңілдегені – нарыққа серпін
Салықтың жеңілдегені – нарыққа серпін
© 24.kz
350
оқылды

Елімізде биыл салық заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізілген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан бұл жаңашылдықтар көп ретте заңбұзушылықтардың алдын алуға және салық төлеуді жеңілдетуге бағытталған. Соның бірі — салық төлеушілерді салық міндеттемелерінің бар екені туралы хабардар ету жүйесін жандандыра түсу. Өйткені осы уақытқа дейін салық төлеуді кешіктірудің, сол себепті оған өсімақы қосылып кетуінің бір себебі осы екені анықталған болатын. Ол үшін азаматтар салық органына өзінің телефон нөмірлері және электрондық пошта мекенжайы туралы мәліметтер ұсынып қойғаны жөн.

Жеңілдікке толы жаңашылдықтар

Одан бөлек, биылдан бастап Е-Salyq мобильді қосымшасы іске қосылды. Сол арқылы да салық жағдайынан хабардар болып отыруға болады. Салық  саласы мамандарының айтуынша, биылдан бастап қолданысқа берілген Е-SalyqBusiness мобильді қосымшасын қолдану кәсіпкер­лердің салық міндеттемелерін орындауын оңайлатады екен. Қосымша жеке кәсіпкер ретінде онлайн тіркелу, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеу, аталған арнайы салық режимін қолданатын тұлғалар үшін Салық есептілігі нысандарын (ФНО) ұсынуды жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ салық берешегі 6 АЕК-тен, яғни 17 502 теңгеден асқан жағдайда ғана шоттар бұғатталады. Одан төмен шоттарға тыйым салу шаралары қолданылмайды. «ЕАЭО елдерінен келетін бірқатар тауарға бақылау бағасының ең төменгі деңгейін қолдану әкелінетін тауарлардың құнын төмендету фактілерінің алдын алуға ықпал ететін болады. Әрі өзекті салық салынатын базадан ҚҚС алуға мүмкіндік береді. Мұндай шара отандық тауар өндіру­шілерді қолдауға және қорғауға бағытталған. Өйткені қазақ­стандық экспортты кемсітетін елдерге қатысты шараларын қолдануға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ жаңа негізгі қор­ларды қайта инвестициялауға жұмсалатын кіріс корпоративті табыс салығынан боса­тылады. Аталған шара инвестициялық ахуалды жақсартуды және өңдеуші өнер­кәсіпті дамытуды көздейді», – дейді МКК-ның департаменті директоры Әлия Жетібаева. Салық саласында жаңадан енгізілген одан да басқа жеңілдіктер көп. Мәселен, биыл 1 қаңтардан бастап екі жыл мерзімге пан­демиядан анағұрлым қатты зардап шек­кен 114 қызмет түрі үшін бөлшек салыққа арнайы режим енгізілді. Ол одан әрі 2023 жыл­дан 2025 жылға дейін қоғамдық тамақ­тандыру саласы үшін ұзартылатын болады. Яғни, кәсіпкерлерге бөлшек салықты 6%-дық ставкамен белгілей отырып қолдану құқығы берілді. Мұндай режимнің басты ерекшелігі – аталған 114 қызмет түрі ҚҚС мен әлеуметтік салықты төлемейтінінде.

Санаттарға бөлу ынталандырады

Салық саясатын жемісті жүзеге асыру­дың бір жолы ретінде Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерді санаттарға бөлу тәсілін қарастырып отыр. Сондықтан да 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл әдісті салық төлеушілердің дұрыстап түсініп алғаны абзал. Бұл – тәуекелдерді басқару жүйесін ыңғайлы ете түсуге, яғни ь салық органдары­ның жоғары тәуекелдерге жедел ден қойып, заңбұзу­шылық­тарды уақытында анықтау мүмкін­дігін арттыруға бағытталған әдістеме. «Өлшемшарттардың толық тізбесімен қағидадан қарап танысуға болады. Санаттау нәтижелері және қолданылған ашық өлшемшарттардың тізбесі «Салық төлеу­шінің кабинеті» веб-қосымшасы арқылы салық төлеушіге жіберіледі. Одан бөлек, мүмкін болатын тәуекелдің алдын ала бағалап көру үшін салық төлеушілер Мем­лекеттік кірістер комитетінің ресми сай­тында көрсетілген деректерді қолдана алады», – дейді Қаржы министрлігі Мемле­кеттік кірістер комитетінің басқарма бас­шысы Дәурен Нұрғожаев.

Түсініксіз заң тұйыққа тірейді

Қаржыгер Расул Рысмамбетов бүгінде салық заңнамасын жеңілдіктер мен субсидиялар беру жағынан құрақ көрпеге теңеп отыр. Ол Салық кодексіне әр ведом­ство мен ұйым өз ұсыныстарын тықпалап отырғанын айтады. Олай болса, заңнама мүлдем түсініксіз болып шыға келмек. Оның ойынша, жеңілдіктер мен арнайы режимдерді азайту керек және мұның барлығы ашық  әрі түсінікті етіп жасалуы тиіс. «Егер мемлекет орта және шағын биз­несті дамытуға күш салғысы келсе, мұндай бизнес өкілдерінің салық есебін өздері жасайтынын немесе «ең қарапайым деген» бухгалтерлерді жалдайтынын ескеруі керек. Сол себепті де Салық кодексі қарапайым түсінікті тілмен жазылуы тиіс. Ал кез-келген екіұшты мағына беретін тұстардың барлығы кәсіпкердің пайдасына қарай тұжырымдалуы тиіс. Тіпті, бұл мақсатта Салық кодексіне соңғы және нақты тұжырым беретін салық омбудсмендері қызметін құру керек. Сондай-ақ салық төлемдерге қарыз болғаны үшін салынатын айыппұлдардың жоғары шегін нақты белгілеп қою қажет. Әйтпесе, бүгінде бұл сомалар қарыздың өзінен де асып кетіп жатады. Тағы бір назар аударатыны, заңнаманың ішінде қарастырылатын қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер, салық қызметтерінің ішкі нұсқау­лықтары жалпылама салық саясатына ешқандай да ықпалын тигізбеу керек», – дейді Расул Рысмамбетов.

Нұрлан ҚОСАЙ