Кеңес Одағы кезінде өндірістік нысандардың мекені болған Маңғыстау облысының бүгінгі экологиялық ахуалы әбден ушыққан. Оған бір ғана Қошқар ата көлін мысалға алсақ жеткілікті. Улы қалдық толған көл біраз жылдан бері айналасындағы елді дүрліктіріп отыр. Себебі айтпаса да белгілі. Улы көл тұрғындарды ауруға шалдықтыруы мүмкін. Ал осы күнге дейін көлдің мәселесі неге шешілмей келеді?
Бұрынғысы аңсатар, қазіргісі шаршатар
Өткен ғасырда жер қойнауынан сапыра мұнай сорып, іргедегі телегей теңіздің суын тонналап тұшытып, балықтарды үймелеп, теңкиген теңдерге тиелген жүнді вагондап жөнелтіп жататын өңір осы күні экологиялық дертке душар болды. Ұзындығы 10, ені 8 шақырымды құрайтын Қошқар ата ойпаты – Маңғыстаудың танымал жерлерінің бірі болған. Кезінде Маңғыстау жұртшылығының көз қуанышы болған жер. Түбіне тұнған 16 миллион 700 мың тонна ас тұзы өз кезегінде халықтың еміне қолданылып, қара балшығы пайдаға жарап, тұрғындардың денсаулығын жақсартқан өлі табиғаттың бір жаратылысы болатын. Көлдің түбінде жатқан ас тұзы таптырмас таза өнім. Ас тұзының формуласы натрий болса, сол элементтің 90-95 пайызы осы жерден табылған. Қошқар ата көлінің маңын кезінде шағалалар өте көп мекендепті. Сол кездегі ойын балалары талай етегін толтырып шағаланың жұмыртқасын үйіне тасыған кездер де болған екен. Осылайша, тұрақты су алқабы, ойын балалары, жайқалған қамыстар шырайын келтірген Қошқар ата көлінің бүгінгісін көріп, жылағыңыз келеді. Қалдықтар қоймасына айналды. Онысымен қоймай, Маңғыстаудың ғана емес, бүтін елдің экологиясы өте лас бірден-бір аймақ болып шыға келді. Қазір көлдің бетінде 30 жыл бойы үздіксіз төгілген улы заттардың салдарынан 105 миллион тонна қатты қалдық жатыр. Бұл қалдық ойпаттың 66 шаршы метр жерін алады. Қошқар ата ойпатындағы қауіпті мәселе жел тұрған кезде қалдықтардың жан-жаққа ұшуында болып отыр. Ұшқан у ауаға тарап, жұртты әбігерге салады. Бірден әсері болмаса да, ұзақ жылдардан кейін зардабының тиетіні белгілі. Өндіріс орындары өз жұмысын тоқтатқаннан кейін Қошқар ата қалдықтар қоймасының қауіпті құрғақ жерлері тікенді сыммен қоршалған. Сол маңнан арнайы ор қазылып, кейбір уытты қалдықтар көмілген. Алайда сол жылдары өзге мемлекеттен келген азаматтар көмілген улы заттарды асыл металдар деп ойлап, қазуға кіріскен екен. Онымен қоймай, арнайы металл тапсыратын жерлерге де апарған. Керек десеңіз, «Мынау радиация өміріңізге қауіпті, жақындамаңыз» деп қаққан темір белгілерді де түбінен кесіп алып кеткен жағдайлар болыпты. Мұның барлығы сол кездерде Қошқар ата қалдықтар қоймасының зиянды жағы туралы ақпарат халыққа дұрыс жетпегеннен болар. Осындай жағдайлар жиі болған соң мамандардың арнайы жобалар жасауына тура келген. Содан барып қалдықтар көмілген жердің үсті қалыңдығы 25 см темір бетонмен жабылып, оның үстіне бір метр топырақ төселіп, барлығы 20 гектардан астам аумақ бетондалған. Сосын жан-жағына тағы ор қазылған. Яғни, ішкі аумағына адам да, мал да кіре алмайтындай жағдай жасалған. Өзге де қауіпті радиациялық фон беріп жатқан жерлерге ұшпайтын қиыршық тас аралас топырақ төгілген. Жалпы алғанда, 65 гектар жер залалсызданыпты. Қазір ол жердің қауіпсіздігі мезгіл-мезгіл өлшеніп тұрады. Уытты қалдықтардың шаңытуын бәсеңдету мақсатында қалдық қоймасына жыл сайын Ақтаудың кәріздік тазарту қондырғысынан шыққан 8-8,5 млн м3 су айдалып келіп отырған. Бірақ ол өз тиімсіздігін көрсетіпті. Алайда ағаш отырғызу жұмыстары тоқтаусыз жалғасып келеді. Экологиялық қысым байқалған бұл аймаққа кезінде көп зерттеу жүргізілген. Ол зерттеулер әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Бұрын иесіз қалған Қошқар ата ойпатындағы қалдықтар бүгінде заңды түрде республиканың меншігіне өтті. Нақтырақ айтсақ, ол Энергетика министрлігінің балансына берілген. Ендігі мәселе кеуіп кеткен қауіпті жердің барлығы залалсыздандырылуы керек. Осы мақсатта 2017 жылы арнайы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес республикалық бюджеттен 1 млрд 7 миллион 518 мың 159 теңге бөлініп, 4 жылдың ішінде жұмыс толықтай аяқталуы керек еді. Бірақ бұл жобаның тиімділігі мен қаржысы қайтадан сарапталады деген желеумен мәселе жайына қалды.Халық саулығына алаңдайды
Маңғыстаулықтар арасында онкологиялық аурулар, өкпе және жүрек-қан тамырлары аурулары, йод тапшылығы сияқты ауру түрлері мен суицид көп. Денсаулығы жарамсыз ана мен одан туатын дімкәс бала саны да аз емес. Нәтижесінде, бірін-бірі кінәлап, қырық пышақ болған дәрігерлер мен халық... Әрине, статистикаға жүгініп, өзге өңірлермен салыстырғанда «медициналық жағдай ана ауруда аз, мына ауруда көбірек» деуге болар, алайда ең басты таразы – халық, басты дерек – күнделікті көзбен көріп жүрген ахуал. Қазір өңірде қатерлі ісікке шалдыққан 900-ге жуық адам бар. Республика бойынша алғашқы үштікке кіреді. Былтыр экологиялық сарапшылар, соның ішінде Экологиялық мәселелер ғылыми-зерттеу институты да көлге зерттеу жүргізген. Институт директоры Айжан Сқақова көлдің улы қалдығы адамдарға әлі де зиян екенін айтады. – Зерттеу кезінде кейбір нормалар сәйкес келмеді. Біз зерттеуге алған тірі организмдерде радиация мен ауыр металдар анықталды. Негізі, толықтай анықтау үшін генетикалық талдаулар қажет. Оны жартылай орындадық. Мұнда күдік ұялатып тұрған нәрсе – онкологиялық аурулардың көбеюі. Оған да кешенді тексеріс керек, – дейді маман. Қорыта айтқанда, Маңғыстаудың экологиясы мәз емес. Онсыз да қуаңшылықтан жиі зардап шегіп, су тапшылығын көретін аймақ улы көлдің де зардабын қоса тартып отыр. Енді удың бетін қайтарар жол таппасақ, басқасы бір жөн, халықтың саулығына үлкен зардап тигізіп алатынымыз анық.Мадияр ТӨЛЕУ