Елімізде әрбір қазақстандыққа 10 сотықтан жер беру мәселесінің көтерілгеніне жылдардың жүзі болды. Тіпті, заңда жер учаскесін беру жайы нақтыланған. Алайда Көкшетауда үй салу үшін алақандай жер ала алмай жүргендердің қарасы қалың. Кезекке сонау 15-16 жыл бұрын тұрғанымен, еш нәтиже жоқ. Халық әлеуметтік желілерге де, жергілікті билік өкілдеріне де мұң-зарын талай айтқан. Дегенмен ұзын сонар кезек азаюдың орнына еселене түскен...
Заңға сәйкес, тұрғын үй салу үшін жер учаскелері жарық, су және жол сияқты қарапайым инфрақұрылымдық қажеттіліктермен бірге берілуі тиіс. Алайда жергілікті билік те, тиісті органдар да қаражаттың жоқтығынан жер телімдерін ондаған жылдар бойы кезекте тұрғандарға бере алмай жатқанын айтады...Жер кезегіндегілер саны 15 мыңнан асып жығылды
Бүгінде тек Көкшетау қаласында үй салу үшін жер учаскесіне кезекке тұрғандардың ұзын саны 15 131 адамға жеткен. Тұрғындардың көпшілігі жер алудан үміттерін үзіп те қойғанын жеткізді. Өйткені сонау 2004 жылы кезекке тұрғандар да әлі жер ала алмай жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» заңға сәйкес, әрбір азаматқа тиесілі 10 сотық жер Көкшедегі кезектегілер үшін асу бермес арманға айналған. «Шынына келгенде, халық көп ештеңе сұрап жатқан жоқ. Бар болғаны су мен кәріз тартып берсе болды. Жер учаскесін алса қалғанын адамдар өздері жасап алатын еді. Ал электр желісіне келсек, меніңше барлығы жекеменшік болып кеткен. Әкімдік бұл жерде еш қауқар да қыла алмайды. Барлық қалаларда желілерді жергілікті атқарушы органдар тартып жатыр. Жер учаскесі содан кейін ғана беріледі. Өкінішке қарай, бізде бұл заң жұмыс істемейді. Бюджеттің бүйірі тесік болса да бірдеңе етіп, инженерлік желілерді тартуға болатын еді. Болмаса, республикалық бюджеттен қаржы сұраса да. Бірақ халықтың өзі бақыламаса бәрі сол баяғыша болатыны анық. Билікке жұлқына ұмтылып, халыққа уәдені үйіп-төккен депутаттарымыз қайда? Неге қордаланып қалған мәселеге назарын аудармайды», - дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Мақпал Садуақасова. Тұрғындар жергілікті билікке мәселе көтеріп, кезектің не себепті жылжымайтынын талай сұраған. Алайда еститіні тек бір жауап – инженерлік желілерді салуға бюджетте қаражат жоқ. Қаланың бюджеттік қоры өте аз. Ал кезектен үмітін үзіп, пәтер алуға қалтасы көтермейтін халық саяжайлар мен қаланың ең шеткі аймақтарынан жер телімдерін алуға тырысады. Дегенмен қарапайым халықтың қалтасы мұны да көтермейді. Бүгінде 10 сотық жер көлемі кемінде 5-7 миллионға дейін жетсе, ішкі жағында 10-12 миллионға дейін жетіп жығылған. Ал тұрғындар кезекте жылдар бойы тұрғанымен, жақында кезекте тұрғандар үйлерін салып алғаны туралы әлеуметтік желіде жиі жазылады. «Жақында әкімдікке төмендегі сауалымды қойдым. Мен жер учаскесіне кезекте 2015 жылдан бері тұрамын. Алайда 2004 жылы тұрғандар әлі жер учаскесін алмаған. Кезектері қарға адым болса да алға жылжымаған. Ал 2019 жылы кезекке тұрып үйлерін салып алғандар да бар. Қызығы сол, әкімдіктен еш адам менің сауалыма жауап бере алмай, ашықтан-ашық әңгімені басқа арнаға бұра бастады. Меніңше, біздің шенділердің өзі ұрлық қылуға әбден құныққан. Тұтас елімізді тонап бітірді», – дейді қала тұрғыны Игорь Барыбин. Халыққа жер учаскелерін тұрғын үй салу үшін ұсыну Қазақстанның Жер кодексі нормаларымен және Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №255 бұйрығымен бекітілген ережелермен реттеледі. Егер жергілікті әкімдікке өтініш түскен сәтте жер учаскесі болмаған жағдайда түскен өтініштер кезек тәртібінде арнайы тізімге қойылады. Біз Көкшетау қаласының жер қатынастары бөлімінен жер учаскелерін берудің неліктен жылжымай тұрғанын білмек болдық.Әлеуметтік осал топқа кезектен тыс жер учаскесін беру қарастырылмаған
«Үй салу үшін жер учаскелерін беру қатаң кезектілік тәртібімен барлық қажетті инженерлік желілермен қамтылған дайын жер учаскесі алаңы болған жағдайда ғана қанағаттандырылады. Сонымен бірге жер заңнамасымен тұрғын үй салу үшін кезектен тыс әлеуметтік осал топтар мен жеңілдікпен беру қарастырылмаған. Қазір Көкшетау қаласында ғана тұрғын үй салу үшін кезекке тұрғандардың жалпы саны 15 131 адамға жетті», – дейді Көкшетау қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы Дәулет Жүнісов. Ведомствоның мәліметінше, 2016 жылы Көкшетау қаласы әкімдігі жанындағы жер комиссиясының отырысында Көкшетау қаласының Бірлік шағынауданының солтүстігінде және бос жатқан басқа да жерлерді кезекте тұрған адамдарға ұсыну қарастырылған. «Сөйтіп, комиссияның шешімімен 2004 жылдың сәуірінен 2005 жылдың ақпанына дейінгі кезеңнен бері кезекте тұрған 184 адамға жер учаскесі берілді», – дейді Дәулет Жүнісов. Алайда Көкшетау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметі бойынша тұрғын үй салуға 3 мыңға жуық жер учаскесі әзірленіп қойылған. Дегенмен учаскелерді беру үшін инженерлік коммуникациялардың тартылмауына байланысты ұсыну жүзеге асырылмайды.P.S. Баспана салу қазір әрбір адамның басты мәселесіне айналғанымен, оны шешу әзірге мүмкін болмай тұр. Осы орайда жайлы пәтерді қойып, заңмен бекітілген 10 сотық жердің әлі күнге беруді қарастырылмай жатқаны көңілге кірбің салады. Заңмен инженерлік желілер тарту бекітілгенімен, жергілікті жерде оны салуға қаражат табылмай тұр. Қазірдің өзінде 15 мыңнан асып жығылған кезектегілердің қашан жер алып, баспана салатыны белгісіз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы