Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осыдан біраз бұрын Витебскіде өткен «Славян базары» XXX халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы, талдықорғандық әнші Рухия Байдүкенованы арнайы қабылдап, жеңісімен құттықтады.
Өңір басшысы осынау аса мәртебелі байқауға аттанар алдында Талдықорғанға келген Рухиямен жүздесіп, әнші қызға халықаралық жарыста табыс тілеген еді. Баталовтың батасы бос қалған жоқ. Витебскіде қазақ атын аспандатып қайтқан әнші жерлестерімен тағы да жолығып, олардың қолдауларына алғысын білдіріп, құрметіне бөленді. Қабылдау кезінде талдықорғандық таланттың бүкіл әлем көз тіккен халықаралық фестивальде Қазақстан мәртебесін асырғанын айрықша атап өткен облыс басшысы өзінің де көппен бірге қатты қуанғанын жасырмай жайып салды. – Сен зор табысқа жеттің! Елінің атын төрткүл дүниеге паш еттің. Дарындылығың өз алдына, өзің таңдаған жолда ерінбей, жалықпай ізденгенің, еңбектенгеніңнің есесі қайтты. Витебскіге барарда кездескенімізде, саған үміт артып, шын жүректен жеңіс тілеген едім. Соның орындалғанын көріп, мерейім тасыды. Өзіңнің алдыңдағы Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева сынды атақты әнші апаларыңның жарқын жолын берсін! Дәл сол кісілер сияқты халықтың қалаулысы атан. Біз саған сенеміз. Алда әлі талай-талай асуларды бағындырасың, – деген Амандық ағасына және жеңісіне қуанған жерлестеріне алғысын жеткізген Рухия Байдүкенова жеңіске жетуіне көпшіліктің пейілі, соның ішінде ел ағасы азаматтардың сенімі мен қолдауы көп көмектескенін айтты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде әншілеріміз үш халықаралық фестивальде Гран-при алғанын айта келе, соның біріне өзі қол жеткізіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай еліне лайықты тарту жасағанына барынша қуанатынын білдірді. Жеңімпаз атануына өзінің осында – облыста жинаған концерттік тәжірибесі де ықпал еткенін, «Талдықорған әуендері» ансамбліндегі кездері де оң әсерін тигізгенін, талдықорғандықтардың сенімі мен үміті күш-жігер бергенін де жасырған жоқ. Сөзінің соңында халықаралық фестиваль жеңімпазына берілген мүсіншені облыс басшысына тарту етті. Өңір жетекшісі өз кезегінде жеңімпаз мүсіншесін Мұхаметжан Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне сақтауға тапсырды. Қабылдауға арнайы шақырылған Рухияның ән сабағы бойынша ұстазы Серікжамал Әжібекованың айтуынша, ол кісі зейнеткерлікке шыққаннан кейін дарынды балаларға арналған өнер мектебіне ұсыныспен жұмысқа келіп, арнайы сынып ашыпты. Сонда оқыған талантты жеткіншектер арасында Рухия да болған және өзінің еңбекқорлығымен, ынтасымен ерекшеленген. Сабақтан жалықпайтынының арқасында әрқашан алдан көрініп жүріп ақыры мақсатына жеткен шәкіртін мақтан тұтатынын толқи тұрып әңгімеледі ұстаз. Рухияның тәлімгері, белгілі тележурналист Қымбат Досжан әнші қыздың халықаралық фестивальге қатысуына қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыс айтып, Алматы облысында мәдениет саласына барынша көңіл бөлінетініне орай разылығын білдірді. Расында Жетісу жерінде мәдениет саласына барынша қолдау көрсетіледі. Дарынды жастарға қажетті жағдайлар түгелімен қарастырылған. Саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қажетті қаржы тиісінше бөлінеді. Соның арқасында жетісулық жастар арасынан түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда топ жаратындар көптеп шығып жатыр. Әкім қабылдауынан соң жерлестерімен жүздескен әнші қызды талдықорғандықтар барынша алқалап, зор құрмет көрсетті. Облыс орталығының бизнесмендері мен меценаттары оған Hуundai автокөлігін мінгізді. Рухияның ұстазы Серікжамал Әжібекова мен тәлімгері Қымбат Досжанның әрқайсысына миллион теңгенің сертфикатын тарту етті.Болат АБАҒАН, Алматы облысы