Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде орын алған жарылыстардан жұртшылық әлі ес жия алмауда. Үйлерін тастап қашқан қара халықтың бойын үрей мен қорқыныш қатар билеп тұр. Ал қаза тапқан төрт әскеридің өлімі көпшіліктің қабырғасын қайыстыруда. Арнайы құрылған штаб өкілдері жарылыс өрт шығуынан орын алғанымен, оның нақты себебін айтпады. Осы орайда, әскери салада талай жыл қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған майор Орынбасар Шаймашаевтың оқиғаға қатысты ойын білген едік.
- Негізі, бұл әскери бөлім бұрыннан жұмыс жасап келеді. Алайда кейіннен оқ-дәрі үшін қойма ретінде қызмет көрсете бастады. Қазір мұнда әскерилердің дені келісімшартпен жұмыс жасауда. Мен Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылысқа қызметкерлердің жауапсыздығы себеп болды деп ойлаймын. Арыстағы жағдай мұнда да қайталанып отыр. Бір абырой болғаны, Байзақ ауданындағы әскери қоймада тек инженерлік оқ-дәрілердің сақталғаны болды. Олар жарылғанда қашыққа ұша алмайды.Қоймадағы оқ-дәрілер 2-3 күн жарылады деген жалған. Осымен бәрі басылады, - дейді өмір жолын әскери салаға арнаған майор.Кешеден бері «Арыс оқиғасынан кейін қоймадағы оқ-дәріні неге басқа жерге көшірмеген?» деген әңгімені жиі естіп жатырмын. Әскери қойманы қаланың қақ ортасына салған елдер де бар. Сондықтан Байзақ ауданындағы әскери қойма өз орнында тұр деп ойлаймын. Оған қоса, қойма жер бетінде емес, таудың астында орналасқан. Екіншіден, Арыстағы да, Байзақ ауданындағы да әскери қойма теміржолдың қасына жақын тұр. Бұл - стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім. Егер ертең, беті аулақ, ел басына күн туатын болса, оқ-дәріні теміржол арқылы кез-келген жерге жеткізуге болады. Әскери қойманың теміржол маңына жақын салуының басты себебі – осы.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы