«Nur Otan» партиясының мүшесі, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Мұрат Бөрібаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Өтінішімен келген азаматтардың саны өте көп болды. Мәселен, Жезқазған қаласының тұрғындары А.Амандық, Ж.Қыстаубаева, Б.Амандық, С.Журтаханова жұмысқа орналастыру бойынша өтініш білдірді. Тұрғындардың өтінішін назарға алған депутат алдағы уақытта жұмыс бабы бойынша оларды сұхбатқа шақыратынын мәлімдеді. Өтініш білдірушілер көрсетілген көмекке орай алғыс айтты. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде «Жастар – Отанға!» Жол картасының 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы жария етілді. Кеңесте «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша келесі маусымда жұмысшылар санын толық қамту керегі айтылды. Ал эпидемиологиялық жағдайға байланысты орындалмай қалған іс-шаралар мен индикаторлар кешені келесі жартыжылдыққа ауыстырылды. Жиын соңында атқаруға қажет жұмыстар талқыланып, алдағы жартыжылдық жоспарланды. Бұдан бөлек, «Мектепке жол» республикалық акциясы Жезқазған өңірінде де жалғасып жатыр. Акция мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде материалдық көмек көрсету. Осы орайда қала жастарының ұйымдастыруымен бірнеше отбасыға оқу құралдары бар сөмке табыс етілді. Бұл тұста аймақтағы мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлердің де еңбегін ұмытпаған жөн. Себебі олардың тікелей демеушілігімен қажетті құрал-жабдықтар алынып, акция жалғасын тауып жүр. Жаңа оқу жылы қарсаңында Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Светлана Жумкина санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, студенттер мен оқушылардың инклюзивті білім алуына жағдай жасауды қамтамасыз ету мақсатында оқу орындарына мониторинг жүргізді. Қалада оқу орындары жетерлік. О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінен бастап, «Жезқазған технология және сервис колледжі», «Тау-кен металлургия колледжі», «Жезқазған гуманитарлық колледжі» бар. Тексеріс нәтижесінде аталған оқу орындарының санитарлық жабдықтармен толық қамтылғаны және жаңа оқу жылына дайын екені байқалды. Ерекше қажеттілігі бар студенттер үшін пандустар, қызметшілерді шақыруға арналған арнайы түймелер бар. Есіктердің де ені әдеттегіден үлкен етіліп салынған.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ