26 тамызда Жамбыл облысында болған апат қазақстандықтарды елең еткізді. Әулиеата жерінде тағы да әскери қойма жарылды. Тағы да дейтініміз мұндай апат соңғы екі жылда екінші рет болып отыр. Өкінішке қарай, апат салдарынан қаза тапқандар бар.
Ресми мәліметтерге қарағанда, Жамбыл облысы Байзақ ауданы №28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 12-ге жеткен. Жараланғандар саны да біршама. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс болған сәттен-ақ жедел әрекеттер жасалғанын айтты. Бейсенбінің кешінде Таразға бірнеше министр барды. Ол жайлы Мемлекет басшысы Тwitter-де жазды. Қоймадағы өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің 153 қызметкері мен 46 техникасы, Полиция департаментінің 400 қызметкері мен 54 техникасы, №28349 әскери бөлімінен 8 қызметкер, 2 техника, №5513 әскери бөлімінің 273 әскери қызметшісі мен 12 техника жұмылдырылды. Одан бөлек, Ұлттық ұланның 520 сарбазы мен қосымша 250 адам резервте болды. Бір сөзбен айтқанда, апат салдарын жоюға біршама күш тартылды. Әрине, апаттың себебін анықтауға мамандар кірісетіні сөзсіз. Өкініштісі, бұл апат әскери қоймалардағы алғашқы жарылыс емес. Соңғы 20 жылда елімізде әскери қоймаларда Жамбылдағыны қосқанда 8 жарылыс болды.2001 жылғы 8 тамыз, Тоқырау кенті.
Кент Балқаш қаласынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан. Оқ-дәрі қоймасынан шыққан өрт пен жарылысты қала билігі мен әскерилер қосылып бір апта бойы өшіре алмады. Соның салдарынан қоймадағы барлық оқ-дәрі жанып кетті. Бірақ әлі күнге дейін жарақат алып, қаза тапқан адамдардың саны, оған жауапты тұлғалардың аты-жөні жұмбақ күйінде қалды.2009 жылғы 20 наурыз, Арыс қаласы.
«Казарсенал»ЖШС-ның (қазіргі «Казахтехнология»АҚ) қару-жарақ қоймасы жанып, артынан жарылыс болды. Оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 16 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Көптеген үйлер мен көліктер зақымданды. Кейбір жарылмаған снярадттар бірнеше шақырым жерлерге дейін ұшып кеткен.2009 жылғымаусым, Қараой кенті
Алматы облысының Іле ауданындағы ҰҚК шекаралық қызметіне қарасты қару-жарақ қоймасында жарылыс болды. Өртті тек қоймадағы жарылғыштар атылып біткен соң, бір күннен кейін ғана өшіруге кірісті. Бір сарбаз мерт болды.2013 жылғы 27 тамыз, Отар
Жамбыл облысының Отар стансасы маңындағы оқ-дәріні жою модульдерінің бірі жарылды. Одан сегіз адам жарақаттанып, төртеуі қаза тапқан. Кейбір дерек көздерінде 12 адам жарақат алғаны айтылады.2014 жылғы 26 маусым, Арыс
Оқ-дәріні жою модульдерінің бірі жарылды. Одан екі қызметкер қаза тауып, бір адам қатты жарақаттанған. Жарылыстың себебі мен оған айыпты адамдар әлі күнге табылған жоқ.2015жылғы 8 қараша, Арыс
Полигонда оқ-дәрілерді жою кезінде жарылыс болған. Екі қызметкер жарақаттанып, біреуі қаза тапты. Жапа шегушілердің бірінің айтуынша, полигонда күкірт қапшықтар тиелген жүк көлігі жарылған. Бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталмады.2019 жылғы 24 маусым, Арыс
Қару-жарақ қоймасында болған жойқын жарылыс әлі ұмытыла қойған жоқ. Төтенше оқиға ел экономикасына қаншалықты зиян шектірді, мемлекеттің әскери қорғаныс қабілетіне қаншалықты нұқсан келтірді деген сұрақ өз алдына, екі сарбаз бен бір жергілікті тұрғын қаза тапқаны үшін кім жауап береді? Сондай-ақ қаланың 7 634 үйі зақымданған, оның 500-і адам тұруға жарамсыз болып бұзылған. Аталған оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрын: «Біз мұндай жағдайдың ендігәрі қайталануына жол бермеуіміз керек. Ол өте маңызды, бұл мәселені өзім тікелей қадағалайтын боламын»,– деген еді, бірақ өзіміз куә болып отырғандай, елімізде қару-жарақ қоймаларының жарылысы әлі күнге тоқтамай тұр.Дәулет АСАУ