Цифрландыру мәселелері сан салалы. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, анықтамалардың қажетсізінен арылу, керектісін санды форматқа ауыстыру, ақпараттық жүйелердегі келеңсіздік-кедергілерді жою, пайдалану қарапайымдылығын, деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр. Бұған азаматтардың цифрлық дағдысын дамыту, мемқызметтерді проактивті түрде ұсыну, өзіндік қызмет көрсету секторын жаңғырту секілді өзге де мәселелер қосылды. Жұмыстардың орасан ауқымын мемлекет абыроймен еңсеріп жатыр.
Мерейтойлы межелерге ірі жетістікпен аяқ басты
Осының арқасында Қазақстан посткеңестік кеңістікте цифрландыру жөнінен көшбасшы саналады. Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және өзге де елдер біздің осы саладағы тәжірибемізді игеріп жатыр. Осыдан тура 5 жыл бұрын – 2016 жылдың сәуір айында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстандағы мемқызметтердің бірыңғай провайдері ретінде «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылды. Барлық ХҚКО-лар, соның ішінде автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған ХҚКО-лар да соған қарайды. Осыдан тура 15 жыл бұрын Қазақстанда eGov.kz порталы іске қосылды. Бүгінде халқымыздың 62%-ы немесе шамамен 12 миллион адам электронды мемқызметтерді пайдаланады. «Электронды Үкіметтің» қолжетімді қызметтерінің саны жыл сайын өсіп жатыр. Олардың арасында халық үшін әлеуметтік маңызды қызметтер, бизнеске арналған қызметтер, төлемдер мен пайдалы сервистер, композиттік және проактивті қызметтер, сондай-ақ лицензиялар мен рұқсат беру құжаттары бар. Осыдан 4 жыл бұрын «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында барлық мемқызметтердің 90%-ын автоматтандыру – басым бағыттардың бірі болып бекітілгені мәлім. Бүгінде мемқызметтердің 93%-ын қазақстандықтар eGov.kz порталы арқылы үйден шықпай-ақ ала алады. Бұл сала ары қарай тоқтаусыз ілгерілеуде. Айтқандай, биыл қызықты бір талдау нәтижесі жарияланды: мемқызметтерді ерлер көбірек алатын болып шықты. «Азаматтарға арналған Үкімет» мәліметінше, 2020 жыл қорытындысында мемкорпорацияға түрлі қызметтерді алу үшін 6,2 миллион әйел жүгінген. Жалпы алғанда, ХҚКО-лар былтыр 13 миллион мемлекеттік қызмет көрсеткенін ескерсек, оның 45%-ын нәзік болмыс иелері тұтыныпты. Автоқызметтерге жүгінетін ханымдардың да саны аз болып шықты. 2020 ресімдеді, бұл жалпы берілген көлік жүргізушісі құжаттарының 21%-ы ғана. Электронды цифрлық қолтаңба алуға өтініш білдірген әйелдердің саны ерлерден 1 пайызға ғана артық. Мысалы, өткен жылы ХҚКО арқылы 4,7 миллион ЭЦҚ рәсімделген (оның 300 мыңы – заңды тұлғалар үшін). Соның 2,2 миллионға жуығы немесе 51%-ы әйелдерге тиесілі.Жеке куәлікті цифрлық нұсқасы ығыстырып жатыр
Таяуда, 2021 жылдың бірінші жартысында eGov.kz порталында қазақстандықтар үшін цифрлық құжаттар қолжетімді болды. Айта кету керек, электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) да кәдімгі қолмен қойылған қолтаңбаға теңестірілді, екеуінің бірдей заңды күші бар. «Азаматтардың көптеген өтініш-тілегіне орай цифрлық құжаттар енді пайдаланушының жеке кабинетінде қосымша бөлім ретінде eGov-қа шығарылды», – деп хабарлады «Электронды Үкімет» порталының операторы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ. Төл цифрлық құжаттарын көру үшін пайдаланушы алдымен порталда авторизацияланудан өтіп, «Жеке кабинетіне» кіруі керек. Содан кейін жоғарғы жақтағы «Цифрлық құжаттар» бастырмасын басуы қажет. Қазір «Цифрлық құжаттар» сервисінде 15 құжат ұсынылған: жеке куәлік, неке куәлігі, баланың туу туралы куәлігі, азаматтың өз аты-жөнін өзгерткені туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, жүргізуші куәлігі, вакцинация паспорты, COVID-19 ПТР-тестілеудің нәтижелері, студенттік билет, диплом, техпаспорт, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, зейнеткер куәлігі, қандас куәлігі және әлеуметтік ID. Қазақстандықтар цифрлық құжаттарды (ЦҚ) пайдалана отырып, нотариустар қызметін ала алады. Сондай-ақ ЦҚ көмегімен ХҚКО-да мемқызметтерді алуға, теміржол вокзалында пойызға отырғызу кезінде көрсетуіне болады. Бұдан бөлек, Kaspi.kz, Halyk Bank секілді бірқатар банк бөлімшелерінде қаржылық қызметтерді алу үшін жеке басты куәландыратын құжатты ұсынудың қажеті жоқ, ЦҚ жарайды. Әйткенмен азаматтар заң бойынша көшеде бәрібір өзімен бірге жеке куәлігін алып жүруі тиіс екенін есте ұстағаны жөн. Рас, болашақта бұл талапта та жойылуы мүмкін. Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құжаттардың қағаз нұсқаларына бірте-бірте тыйым салынуы және олар толық электронды форматқа ауыстырылуы қажет екенін мәлімдеді. «Жыл соңына дейін көп сұралатын анықтамалар мен қағаз нұсқадағы растау құжаттарын қолданыстан алып тастауды, мәліметті цифрлық растауды қамтамасыз етуді тапсырамын! Мекенжай, мүлік және басқа да анықтамалар бойынша қолданыстағы тәжірибе өз тиімділігін дәлелдеді. Меморгандар жеке куәлік, диплом, жүргізуші куәлігінің электронды нұсқасын қабылдауы тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бұрын, бірінші болып мекенжай анықтамасы 2019 жылдың қазан айында жойылған-тын. Сол кезден бастап, Қазақстан қағаз күйіндегі түпнұсқа құжаттардан бас тартып, оны толық цифрлық нұсқасымен алмастыруға кірісті. 2020 жылғы жаздың басында ХҚКО-лар цифрлық құжаттарды түпнұсқа ретінде қабылдай бастады.Әлемдік озық отыздықтамыз
Қазақстан цифрландыру саласында алдыңғы қатарлы мемлекеттермен бірге адымдауда және әлемдік озық отыздыққа кірді. Нақтылай кетсек, электронды үкіметті дамыту деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде Қазақстан бір жыл ішінде бірден 10 тұғырға биік көтеріліп, 29-орынға шықты. Бұл өздігінен бола қалған игілік емес, оған қол жеткізу үшін мемлекет цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыс жүргізді. «2020 жылы 20 мың шақырымға созылған талшықты-оптикалық байланыс желісін салу бойынша МЖӘ жобасы аяқталды. Өңірлерде 1 мыңнан астам ұялы байланыстың базалық стансасы орнатылды. Бұл өңірлердегі технологиялық теңсіздік деңгейін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, Қазақстан халқын интернетпен қамту бүгінде 99% құрады», – дейді Үкімет басшысы Асқар Мамин. Қазақстан азаматтары үшін тұлғаны биометриясы бойынша қашықтан сәйкестендіру жолға қойылды. Бұл мысалы, ЭЦҚ-ны ХҚКО-ға шабылмай-ақ, үйде отырып алуға мүмкіндік берді. Бүгінде елде «жиынтықты құжат айналымы», «мобильді жұмыс орны», сондай-ақ кадрлық әкімшілендіруге және әлеуметтік төлемдерге онлайн тәсілдерді қолдануды қарастыратын инновациялық шешімді жобалар белсенді енгізіліп жатыр. Мемқызметтерді, цифрлық құжаттарды электронды форматта алу үшін, тіпті компьютердің де қажеті болмай қалды. Құжаттар смартфон арқылы қолжетімді. Бұл үшін eGov mobile қосымшасын жүктесе, жеткілікті. Бұл ретте ұялы телефон нөмірінің «Мобильді азаматтар базасында» тіркелуі маңызды. Қосымшада 70-тен астам қызмет пен сервис ұсынылған. Арасында ХҚКО-ға кезекке тұру, зейнетақы қорындағы жинақ туралы ақпарат алу, соттылығы туралы, психо-наркодиспансерлерден анықтама алу, жүргізуші куәлігін шығаруға тапсырыс беру және басқасы бар. Ең бастысы, мобильді eGov-та әлгінде аталған ЦҚ-лар – электронды нұсқадағы жеке, жүргізуші, неке, баланың тууы туралы және басқа да куәліктер орналастырылған. Жаңа заңға сәйкес бұларды «қағаз» нұсқасымен тең дәрежеде, ресми түрде қолдана аласыз. Қосымшаға ЭЦҚ-ны бір рет орнатса, кейін ол телефондағы Face ID немесе Touch ID көмегімен іске қосылады. Яғни, смартфонның «құлпын» ашқандай өте оңай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия секілді болашақ жаһандық сын-қатерлерге сақадай сай болу үшін осы жылды мемлекетімізді тиімді цифрландыру жылы ретінде өткізуді тапсырды. Мемлекет Big Data қағидаттарын меморгандардың жұмысына терең интеграциялау жұмысын жүргізіп жатыр. Data-driven government тұжырымдамасы аясында деректерді жинау және өңдеу мемқызметтердің сапасын арттыру факторына айналады. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту саласында алдағы 5 жыл ішінде барлық облыс орталығы мен мегаполистер 5G-мен қамтылатын болады. Ал деректерді өңдеу және сақтау саласына инвестициялар 6 есеге – 82 млрд теңгеден 500 млрд теңгеге дейін артады. Ендеше алдағы онжылдықта цифрландыру Қазақстанның өркендеуіне, қазақстандықтардың өміріне елеулі өзгерістер әкелгелі тұрғандай.Айхан ШӘРІП