30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні. Ата Заңның қабылданғанына да ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Замана талаптарына сай келетін, уақыттың сынына төтеп беретін негізгі заңды жазу да, аталған құжаттағы нормаларды жүзеге асыру да маңызды екені сөзсіз. Біз осы ретте Конституцияның қоғамды дамытудағы рөлі, атқаратын қызметі жайлы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қайрат Мәмимен сұхбаттастық.
– Былтыр Қазақстан республикалық референдумда қабылданған Конституциясының 25 жылдығын атап өтті. Осы жылдардың нәтижесі бойынша Ата Заңның тиімділігін, қоғам мен мемлекеттің даму процестеріндегі оның рөлін қалай бағалар едіңіз? – Республика Конституциясы мерейтойының атап өтілуі қоғамда осы тақырыпқа деген жоғары қызығушылық, әсіресе жастар арасында конституциялық патриотизм сезімі кең таралғанын көрсетті. Барша қауымның ортақ пікірі бойынша, 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституция тәуелсіздігіміздің бас кезеңінде елімізде болған дағдарысты еңсеріп, әлеуметтік серіктестік, нарықтық экономика, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге негізделген зайырлы, демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолына түсуге жол ашты. Жаңа конституциялық талаптарға сәйкес азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік билік органдары қалыптасты, жеке тұлға мен оның құқықтары ең қымбат қазына ретінде танылды, мемлекеттік рәміздер бекітілді, бір сөзбен айтқанда барымызды түгендеп, жоғымызды таптық. Бұл өзгерістердің барлығы қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Осы жылдары әлемдік тәжірибеде «казақстандық даму жолы» деген ұғым орнықты. Қазір Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі, оның пікірінің жаһандық мәселелер бойынша шешімдер қабылдауда сүбелі үлесі бар. Бұл жетістіктердің негізінде Конституция бекіткен принциптер жатыр. Сондықтан Ата Заңымызды маңызды және тиімді жұмыс істеп отырған басты құқықтық құжат деп айта аламын. – Негізгі Заңның жобасын дайындауда Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев шешуші рөл атқарды. Бұл туралы тереңірек айта кетсеңіз? – Былтыр Конституциялық Кеңес «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысындағы рөлі: Елбасы сабақтары» деген кітап шығарды. Онда бұл процеске жан-жақты сипаттама берілген. 1995 жылы жаңа Конституция дайындау туралы шешім – Елбасының батыл қадамдарының бірі. Сол жылдары болған қоғамдық-саяси жағдайға, сыни пікірлерге қарамастан, Тұңғыш Президент 1993 жылғы алғашқы Конституцияға түзетулер енгізу жолын емес, конституциялық даму стратегиясының жаңа моделін, яғни жаңа Конституция қабылдау бағытын таңдады. Ол туралы өз ойын бірінші рет 1994 жылдың аяғында: «Бізге жаңа Конституция қажет, егер біз оны қазір әзірлей алмасақ, онда елімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Қиындықтардан қашу, өзгенің жетегіне еру бет алған бағытымыздан ауытқу дегенді білдіреді, оны бізге тарих та, болашақ ұрпақ та кешпейді. Таяудағы айларда біз бар күш-жігерімізді жұмсап, кәсіби мамандарды жұмылдыра отырып, бұл іске ең кемел, саналы әрі жан-тәнімен берілген адамдарды тартуымыз керек», – деп мәлімдеді. 1995 жылы 30 маусымда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Президент Конституцияның жобасын ұсынды. Ассамблея мүшелері оны толығымен мақұлдап, барлық қазақстандықтарға үндеу жасады. – Осы жұмысқа қаншалықты түрлі саяси институттар, азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар тартылды? – Ата Заң халық пен оның Көшбасшысының бірлескен қызметінің нәтижесі деп білемін. Сол кезеңде Елбасы конституциялық идеялар төңірегінде миллиондаған қазақстандықты, ішкі және сыртқы сарапшыларды шоғырландыра алды. Жобаны дайындауда ұлттық құқықтық даму тарихы, дамыған елдердің конституциялық доктринасы және халықаралық құжаттардың талаптары ескерілді. Тәуелсіз баға беру үшін отандық және шетелдік мамандардан тұратын сарапшылық-консультативтік кеңес құрылды. Конституция жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында бүкілхалықтық талқылау үшін жарияланды. Үш миллионнан астам қазақстандық өз пікірін білдіріп, келіп түскен отыз екі мыңдай ұсынысты қорытындылау нәтижелері бойынша жобаның 55 бабына 1 100-ге жуық түзету енгізілді. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумға 8 миллионнан астам (сайлаушылардың 90,6%-ы) Қазақстан азаматы қатысып, олардың 89%-ы Конституция жобасын қолдап дауыс берді. Жиырма алты жыл ішінде Конституция өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері Ата Заңның жоғары сапасының, онда көзделген құндылықтар мен ережелерге деген шынайы құрметтің арқасы. – Конституциямыз «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деп басталады. Осы ережелердің ұлтаралық және конфессияаралық татулықты қамтамасыз етудегі рөлі қандай? – Бұл нормаларда мемлекет пен оның азаматтарының бірлігін білдіретін өте терең мән жатыр. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дейді қазақ. Қазақстанның үлкен жетістіктерінің бірі – қоғамдағы келісім және бейбітшілік. Онсыз экономикалық және өзге де өрлеу мүмкін емес. Елімізде жүзден астам ұлт пен ұлыстың, он жеті конфессияның өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары елордамызда бірнеше рет кездесіп, қол алысып, ортақ мәселелерді талқылағаны көпшіліктің жадында. Республика Конституциясында бұл құндылыққа негіз қалаған басқа да ережелер бар. Республика қызметінің түбегейлі принциптеріне қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, қазақстандық патриотизм жатқызылған. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды. Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді. Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады. Ата Заңның бұл талаптарын өмірге енгізуде Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі зор. 2007 жылдан бері ол конституциялық мәртебеге ие. – Мамандардың айтуынша, Қазақстанның тұрақты және үдемелі дамуы Конституция арқылы президенттік басқару нысанын және жалпы жаңа мемлекеттік басқару жүйесін енгізумен тығыз байланысты. Бұған деген Сіздің көзқарасыңыз қандай? – Әлемнің көптеген елдерінде президенттік билік әртүрлі нысанда жүзеге асырылады. Мемлекет басшысы институтының кез келген елде маңызы өте зор. Қазақстанда президенттік басқару нысаны тәуелсіздік алғанға дейін енгізілгенін атап өткен жөн. 1990 жылы 24 сәуірде бұл ең жоғары лауазымды құру туралы заң қабылданып, Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болып сайланды. Келесі жылдың 1 желтоқсанында алғашқы тікелей президенттік сайлау өтті. Президенттік басқару нысанын енгізу КСРО-ның ыдырап, билік органдарында болған дағдарыс, саяси вакуум жағдайын еңсеріп, қоғам мен мемлекеттік органдардың қызметін егемендікке бет бұрған жаңа Қазақстанның алдында тұрған алғашқы кезекті міндеттерді шешуге бағыттауға мүмкіндік берді. Қолданыстағы Конституция Республика Президентінің мәртебесін нақтылап берді. Ол мемлекеттің басшысы, ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға. Республиканың Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Мемлекет басшысы мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Республика Тұңғыш Президентінің прагматикалық саясатының арқасында еліміз Конституция шеңберінде эволюциялық даму жолына түсті. Бұл үрдіс Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қызметінде де жалғасын тауып отыр. – Конституция – қатып қалған құжат емес. Осы жылдары оған бірқатар өзгерістер енгізілді. Олардың қандай қажеттілігі бар еді? – Қоғам мен мемлекеттің белгілі бір даму сатысында биік мақсаттарға жету үшін конституциялық деңгейде құқықтық негіз құру қажет болады. Ата Заң қабылданғаннан бері үш конституциялық реформа жүргізілді. Олардың әрқайсысы уақыт талабына сай іске асырылды. Қазақстан тәжірибесінде мұндай өзгерістер енгізудің президенттік форматы қалыптасты. Ол терең әрі ауқымды халықтық сараптама жүргізуді, конституциялық процеске көпшілік қазақстандықтардың және тәуелсіз шетелдік сарапшылардың қатысуын қамтиды. Айталық, 1998 жылы Парламент Мәжілісі депутаттарының бір бөлігін саяси партиялардың тізімдері негізінде пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша сайлау, қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуы және басқа да жаңалықтар қарастырылды. 2007 жылы Мәжіліс депутаттарының басым көпшілігін сайлау аталған принципке көшті. Атқарушы биліктің Парламент алдындағы жауапкершілігі күшейтілді. Өлім жазасын қолдану аясы барынша қысқартылды. «Қазақстан–2050» Стратегиясының басты мақсатына жету жолында 2017 жылғы конституциялық реформаның маңызы зор. Оның нәтижелері бойынша Президенттің бірқатар өкілеттіктері Парламент пен Үкіметке берілді, соңғыларының дербестігі мен жауапкершілігі күшейтілді. Бұған Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы өзінің оң бағасын берді. Осы конституциялық реформалардың барлығы қоғам мен мемлекет дамуында жаңа кезеңдерді ашып, алдағы уақытта үлкен өзгерістерге мұрындық болды. – Конституциялық Кеңес екі қауымдастыққа төрағалық етеді екен. Бұдан келер қандай пайда бар? – Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі 2017 жылдан Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына (9 ел), ал 2019 жылдан Азиялық конституциялық соттар қауымдастығына (19 ел) төрағалық етеді. Мұндай беделді аймақтық ұйымдардың басшысы болу еліміздің жоғары беделін, конституциялық саясатын және оны жүзеге асырудағы Конституциялық Кеңестің рөлін халықаралық деңгейде мойындаудың айғағы. Бұл қауымдастықтарға басшылық ету, мүше болу шетелдік әріптестермен озық тәжірибемен алмасуға, біздің еліміздің құқық саласындағы жетістіктерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мен бұл ұйымдардың төрағасы ретінде Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференция бюросының құрамына кіремін. Оған 117 мемлекет мүше. Ол деген біздің елдің сөзі ең жоғары деңгейде ескерілетінін білдіреді. Әлемнің белгілі заңгерлері өзекті конституциялық-құқықтық мәселелерді талқылап, олардың шешімдерін бірлесіп іздейді. Осы мақсатта былтыр елордамызда Азиялық қауымдастықтың төртінші конгресі өтті. Биыл 27 тамызда «Интернет дәуірі: құқық үстемдігі, адам құндылықтары, мемлекеттік тәуелсіздік» тақырыбында Халықаралық симпозиум өтті. Онда жаппай цифрландыру ғасырында адамның конституциялық құқықтарын қорғау мәселелері қаралды. – Оқырмандарға деген тілегіңіз. – Барша қауымды алда келе жатқан мемлекеттік ұлық мереке – Конституция күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық пен табыс тілей отырып, жеңістен жеңіске жете беріңіздер демекпін. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН