Қазақстанның Конституциясы еуропалық парламентаризм мен шығыстың дара билік үлгісінің озық дәстүрлерінен тұрады. Ол – Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясаттағы жолбасшылығын және мемлекетті басқаруда шынайы билікке ие екенін білдіретін басшылық құзыреті. Сонымен қатар Парламентте де шешім қабылдауға өте үлкен мүмкіндік беретін өкілеттілік мол. Мұндай модельдің Қазақстан үшін қолайлы екенін уақыт көрсетіп отыр. Соның арқасында елімізде саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім, экономикалық даму және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нәтижелі қорғауға кепілдік бар. Осы ретте, Ата Заңымыз туралы 7 деректі назарларыңызға ұсынамыз.
Еліміздің Негізгі Заңын жасасуға үш миллионнан астам қазақстандық азамат қатысқан екен. Конституциямыздың 1995 жылғы 30 тамыздағы жалпыхалықтық референдумда қабылданғаны белгілі. Ондағы процедуралардың ашықтығы мен заңдылығын 19 елден келген мыңдаған өкілі қадағалап отырды. Олар Ата Заңымызды қабылдау құрметіне елімізге келген Мажарстан, Мысыр, Канада, Польша, Румыния елдерінен келген бақылаушылар болатын. Осы кездегі Конституцияның жобасын талқылауға еліміз бойынша үш миллионнан астам адам қатысып, ел болашағы үшін маңызды құжат туралы пікір таластырған екен. Олардың арасында қарапайым азаматтармен қатар заңгерлер де, қоғам белсенділері де болды. Барлығы үш мың ұсыныс түскен болса, оның 1100-і Конституцияның мәтініне кірген. Елбасы қысқамерзімді еңбек демалысын алды. Конституцияны дайындауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің өзі тікелей араласқан. Сол мақсатта ол екі апталық еңбек демалысын алып, шетелдік заңнамаларды терең зерделеген. Бұл туралы ол өзінің «Қазақстандық жол» кітабында жазған болатын. Жалпы, барлығы 20 елдің Конституциясындағы ережелер зерттеліп, жаңа Ата Заңымыздың 18 нұсқасы әзірленген екен. Бұл жұмыстардың барлығында Нұрсұлтан Әбішұлына елімізге танымал құқықтанушы жетекші ғалымдар, академиктер Юрий Басин, Салық Зиманов, Ғайрат Сапарғалиев, Майдан Сүлейменовтер көмектесті. Қазақстан Конституциясы француздық модель негізінде қабылданды. Ата Заңымыз билік үлгісі бойынша мықты президент және мықты парламент басқаратын француздық модельге ие. 2017 жылы қабылданған реформадан соң, президенттік республика үлгісі өзгертіліп, оның өкілеттігі парламент пен екі арада теңестірілді. Бұл үрдіске еліміз әуелден-ақ қадам басуды көздеген болатын. Енді бүгінде бұл екі билік тармағы бірдей дәрежеде жемісті жұмыс істеуі тиіс. Ата заңымыздың негізіне француздық модельден бөлек 1948 жылы қабылданған Адам құқығы жөніндегі жалпыға бірдей Декларация алынған. Бұл құжат әлемдегі барлық елдердің Конституциялары негізге алатын халықаралық акт болып саналады. Соған сәйкес Ата Заңымыздың үштен бірінен астамы осы Декларациядан алынған адам құқығы мен бостандықтарын қорғау туралы ережелерден тұрады. Бір сөзбен айтқанда, біздің Конституция бүкіл әлем елдеріндегі басты құжаттар секілді барлық азаматтары бірдей құқыққа ие демократиялық мемлекеттің кепілі болып саналады. Ел Президенті Қазақстан Республикасы Конституциясына қолын қойып Ант береді. Әлемдегі әр елде инаугурация рәсімі әртүрлі ұлттық және мемлекеттік дәстүрлерге сәйкес өтетіні белгілі. Мәселен, кейбір көптеген елдерде Библияға қол қойып ант береді. Ал Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, бізде Мемлекет басшысы Ата Заңымызға қол қояды. Мұндағы дәстүрдің мәні Президент заңға құрметпен қарайтындығын білдіреді. Ата Заңымыздың қазақшасында орыс тіліне қарағанда сөздер көп. Конституцияның мемлекеттік тілдегі нұсқасында 8 904 сөз бар болса, ресми тілдегі нұсқасында 7 168 сөз бар екен. Ал оның 98 баптан тұратынын мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ әркім білетін болар. Мұндағы ең ұзын бап – «Парламент» деп аталатын төртінші тараудағы 61-бап. Ал сөзі ең аз бап – «Адам және азамат» деп аталатын екінші тараудағы 38-бап. Қазақстан Республикасының Конституциясы – әлемдегі ең жас Ата Заңдардың бірі. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бірнеше мемлекетке бөлініп, олардың бір мезгілде Конституцияларын қабылдағаны белгілі. Ал біздің еліміз КСРО құрамынан ең соңынан шыққаны мәлім. Сол себепті де Қазақстан Республикасының Конституциясы – әлемдегі ең жас Ата Заңдардың бірі болып саналады.