Ақпарат алудың ауылы алыс

Ақпарат алудың ауылы алыс

Арқалағаны алтын, жегені жантақ журналистердің жағдайы жиі айтылады. БАҚ өкілдерінің ақпарат алу барысындағы кедергілерден бастап қоғамдағы әлеуметтік статусы да нақты белгіленбеген. Соның салдарынан көптеген әріптесіміз қажетті ақпаратты алу үшін құзырлы орындарға сан рет өтініш жасап, жүз рет қоңырау шалуға мәжбүр. Оның өзінде қажетті ақпаратты алсаң жақсы. Кейде итке сүйек тастағандай қылатыны бар.

Жүйкені жұқартқан жеті күн

Әкімдіктер мен министр­лік­тердің бір басында бірнеше бас­пасөз қызметкері бола тұра, бір ауыз пікір айтатын спикерді, қолда бар статистиканы алудың өзі қия­мет қайым. Басшыларынан бастап қауырт тірлікпен айналысып жа­тырмыз дегенді желеу ететін бас­пасөз хатшылары ыңғайына кел­мейтін тақырып болса «ресми хат» жазуды талап етеді. Өйткені дәл осы заң нормасы журналистердің ақпаратқа қол жеткізуін тежеудің таптырмас құралына айналған. Бұл бюрократиялық қалқан арқылы баспасөз хатшылары ресми сауалға жауап мерзімі бойынша жеті күн сұрайды. Жеті күн жетпесе, жаз­баша хатта себебін айтып тағы жеті күнге рұқсат алуы тиіс. Көбіне заң­да көрсетілген жеті күнде де са­уалыңа сай жауап, тұшымды ақпа­рат алу мүмкін болмайды. Жур­налист Болат Мұрсәлімнің тілінде айтсақ, жауаптылардың жауабын алғанша Батыс Қытайдан шыққан пойыз Батыс Еуропаға жетіп қояды. Бұл кезде көтеріп отырған тақы­рыптың тізесі шығып кетеді. Резонанс тудырған жағдайда құзырлы орындар шұғыл жауап беруі міндеттелген. Шұғыл жауап бергенін де көргенбіз. Карантин ке­зінде берілген өтемақы төңіре­гіндегі сауалымызға жауап ала ал­ма­дық. Онлайнда отырып, желіде жазысып жатқан баспасөз хатшысы телефонын бұғаттап тастады. Жа­қында Қорғаныс министрлігіне қарасты оқу орындарында өткен емтихан жайлы пікір алмақ болдық. Университет басшылығы мен комиссия мүшелерінің өздерімен тілдесу мүмкін болмады. Құдды «қорғаныс» дегенді «құлыптау» деп түсінсе керек. Бұдан бұрын да әс­кери қызметкердің қаншасы өтем­ақы алатынын білмек болып, ресми сұрау салғанымызда баспасөз бө­лімінің мамандары жауапты бір-біріне сілтеп, жеті күнде жөнін ай­туы тиіс қызметкерден қайтара жауапты сол бойы ала алмағанбыз. Айтпақшы, ресми сұрау хаттың сұрауын сан рет сұрап, сүйкімсіз болған журналистерді өздерінің қара тізіміне енгізіп, іс-шараларына шақырмайтын мемлекеттік мекемелер де жоқ емес. Бұл туралы Елбасы да, Пре­зи­дент те талай рет айтқан. «Біз әлем­нің дамыған 30 мемлекетіне ұмты­ламыз дейміз. Бұл елдерде Үкімет пен оның барлық мүшелерінің қоғам үшін күнделікті ашықтығы. Онда Министрлер туындаған бар­лық мәселелерге әрдайым жедел пі­кір білдіріп отырады. Ал бізде не? Ақпараттық жұмыс тек журналис­терге брифингке шығып, қағаз жүзінде оқумен шектеледі. Біздің министрлер брифингтерде де жур­налистерден қашады, қарапайым сұрақтарға жауап бермейді. Сая­сат­кер жұртпен тілдесуге, өз ұстаны­мын түсіндіруге, қоғамның сеніміне ие болуға тиіс», – деген еді бірде Президент. Бірақ журналистермен тығыз қарым-қатынас орнатуы тиіс баспасөз бөлімінің қызметкерлері негізгі міндетін білмейді ме, ке­рі­сінше басшыларын БАҚ өкілде­рінен жасырып әлек. Сондықтан үлкен жиындарда журналистер кездесе қалған спикерінің соңынан қуа­лап, сауалдың астына алуға асы­ғады. Әріптестеріміздің сұра­ғын сағызша созып, тілшілерді кеуде­сінен итерген төрағаларды көр­генбіз. Заң бойынша журна­листер ақпараттарды заңда тыйым салын­баған кез келген әдiспен алуға және таратуға құқығы бол­ғанымен, қалаған сауалына қаже­тінше жа­уап алу мүмкіндігі шек­теулі. Өйт­кені жабық тұрған есіктің сыртынан сығалап, баспасөз хат­шылары бер­ген бір беттік қағазға қанағат қылып қайтады. Маңына жоласа микра­фонды жұлып, шет­қақпай­лайтын шенеуніктерден кейін шектеулі ақпараттың өзіне шүкір дейтініміз сондықтан.

Құлақ аспайтын құзырлы орындар

Президент шенеуніктердің ха­лық үніне құлақ асып, мейлінше ашық болуын талап етіп келеді. Өйткені шенеуніктер алдына кел­ген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұм­тылуы тиіс. Өңірдегі басшылардан бастап бас қаладағы министрлерге дейін жұртпен етене байланыс орнату үшін заманауи байланыс құралдарын ұтымды пайдалануға, яғни халықпен кері байланыс ор­нату мақсатында әлеуметтік желі­лерде белсенді болуға шақырды. Бұдан бұрын Президенттің пәрменімен желіден жеке аккаун­тын ашқан аймақтың полиция бас­шысына шыққанбыз. Жыл ба­сында халыққа жақын болу үшін ашылған әлеуметтік желідегі па­рақ­шасына әдемілеп хат жазып, бас­пасөз хатшысына ресми хатын жі­беріп, сұхбат алуға сұрандым. Ка­рантиндік ахуалға байланысты сұхбатты онлайн форматта алуға да келістік. Күнде ертеңмен бір ай өт­кенде «санитарлық жағдайларға бай­ланысты департамент басшы­лығымен кездесу шектелді» деп қысқа қайырған. Сонымен бірге, жедел іс-шаралар көптігіне байла­нысты көрсетілген шараның жүзеге асырылуы мүмкін болмайтынын, қандай да бір ақпарат алу үшін ресми әлеуметтік желідегі парақ­шалар мен ресми хат жолдауға бо­латынын жеткізіпті. Бір қызығы, сұхбатты үш ай бойы бетпе-бет емес, онлайнда алу сұралған. Екін­шіден, әлеуметтік желі сұраққа жа­уап алудың мүмкін еместігін жыл ба­сында жауапсыз қалған хатым­нан-ақ түсінікті болды. Жақында Петропавлда «Хабар» телеарнасының тілшілері Ashyq бағ­дарламасының жұмысы туралы сюжет түсіру үшін «Достық Молл» сауда орталығына келіп, мән-жай­ды түсіндірген. Түсірілім кезінде СО әкімшісі күзетшілерге шақы­русыз қонақты шығарып жіберуді тапсырады. Оның соңы журналис­терге жұдырығымен шабуыл жа­саумен жалғасқан. Сондай-ақ Көкшетау прокуратурасы журна­листің камерасын итеру, қорлау, ұру қылмыстық құқықбұзушылық емес екенін айтып, айды аспанға шы­ғарды. Есте болса, 716.kz ақпарат­тық порталдың тілшісі Оксана Матасова редакцияға көмек сұрап келген ананың айтуы бойынша мақала жазбақ болады. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспек­тормен хабарласып, ақпаратты тексеру және жұмыс берушілерден түсініктеме алу үшін өзен жағасына барған. Өзен жағасындағы балалар­мен сөйлесе бергенде сол жердегі жұмысшылар агрессивті әрекет ете бастаған. Камераны қағып, журна­листті итеріп, жұмыс орнынан қуып жібереді. Күні кеше «Ха­бар-24» телеарнасының тілшісі Ақбөпе Тәңірберген де опера­то­рымен бірге Алатау ауданының әкіміне алдын ала келісім бойынша келіп, есігінен кіре алмай кетті. Келіскен уақытта әкімдікке кіре алмаған әріптесіміз лифтке кіруге тырысқанда, күзетші оны ұстап алып, күшпен ғимараттың сыртына шығарып, есікті жауып тастады. Әлеуметтік желіде шу тудырған соң ғана әкімдік оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, телеарна қызметкер­ле­рінің Ashyq мәртебесін сканер­леуден бас тартып, аран­да­ту­шылық тудырды деп айыптады.

Әкіреңдеген әкімдік

Аты-жөнін атамауын сұраған тағы бір әріптесімізді басшылықтың өзі әкімдіктің аяғына жығып бе­ріпті. «Қапшағай қаласындағы га­зетте істеп жүргенде қосымша «Жас Алаш» газетіне мақала жазып жүр­дім. Қарлығаш ауданындағы ауыз су, жол, маршрут мәселесін көтеріп, екі тараптың да пікірін көрсетіп, материал жаздым. Материалыма әкімдіктің сайтындағы ашық дерек көздердегі ақпарат пайдаланылды. Халықтың үні, әкімдіктің айтары бар. Біраз уақыт өткен соң өзімнің газетімнің басшылары, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Ба­уыржан деген кісі, баспасөз хатшы­сы барлығы жиналысқа салып, қысым көрсетті. «Сені жұмыстан шығарамыз, сонда да «Жас Алашқа» жаза бересің бе?» деп турасын айт­ты. Сөйтіп ашық дерек көзінде бас­қа мәлімет тұрғанын алға тар­тып, мені кінәлі етіп көрсетпек болды. Бірақ бұл ақпарат менің ма­қаламнан кейін өзгертілгенін алға тарттым», – дейді ол. Алайда бас редактор «журналистің жұмы­сыңда көптеген кемшіліктер бар» деп әкімнің орынбасарына есеп беріп, журналисті жұмыстан шы­ғармақ болады. «Құқығымды қорғау үшін «Түркітілдес журналистер» қорының президенті Нәзия Жоя­мергенқызы мен Журналистер кә­сіподағы басшысы Зейін Әліпбекке, «Әділ сөз» ұйымына хабарласып, көмек беруін сұрадым. Орнымда қалдым. Бірақ бәрібір жұмыстан шығып кеттім. Себебі қысымға алу одан ары үдеді», – дейді алматылық журналист.

Әріптестің құқығын кім қорғайды?

Қазір Парламент мінберінде журналистиканың қара қазанында қайнаған біраз әріптесіміз бар. Әйтсе де журналистердің мәрте­бе­сін көтеріп, құқығын қорғауға кел­генде енжарлық танытып жүргенін жасырып жаппай-ақ қоялық. Бұдан бөлек, Журналистер одағы, «Әділ сөз» ұйымы, Бас редакторлар клубы мен соңғы жылы құрылған BAQ KASIPODAQ салалық кәсіподағы жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың құрылудағы басты мақсаты да ортақ. Яғни, олардың міндетіне: БАҚ пен билік арасында конструк­тивті диалог орнатып, сөз бен бас­пасөз бостандығын қорғау, журна­лис­тердің экономикалық, құқық­тық, әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайын жасау. Журналистер одағының төраға­сы Сейітқазы Матаев БАҚ өкілде­рінің ақпарат алуы жылдан-жылға қиындап бара жатқанын алға тартады. Ал карантин кезінде Ashyq мәртебесін сылтаурататын жағдай­лар көбейгенін айтты. «Журналис­тердің құқығын жиі көтереміз. Өт­кен жолғы әріптесіміздің оқиға­сына да пікірімді айттым. Егер кә­сібіне байланысты заңсыз жағдайға тап болса, кез келген әріптесімізді қорғауға жұмыс істейміз. Бұрын да болды. Әлі де болып жатыр. Заңда ақпаратты кез кезлген жолмен алу­ға болатыны айтылады. Құзырлы орындар мемлекеттік және жеке­меншік БАҚ деп алаламай, қажет­ті ақпаратпен қамтамасыз етуі ке­рек», – дейді Сейітқазы Матаев. Былтыр ашылған BAQ KASIPODAQ салалық кәсіподағының бұ­рынғы басшысы, белгілі журна­лист Зейін Әліпбек журналистиканы дамытуға қатысты жұмыстар қолға алынды деп айту ерте деп отыр. «Өзге дегенде өгіз қара күші бар» жур­налистер отыз жылда құқықтық, әлеуметтік жағынан қорғалмаған. «Кім көрінгеннің әкіреңдеуі мен қоқан-лоққысына төзіп жүре бе­ретін журналист. Сәл сын жазса, белгісіз себептермен жұмыстан шығып қалатын журналист. Өзге кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан түрлі игіліктер жасалып, аспаннан шұға жауып жатса да, ұлтарақ ти­мейтін тағы журналист. Жалақысы ешқашан өспейтін журналист. Бүгінде журналистердің көріп отыр­ған жақсылығы – әкімдік­тердің, министрліктердің Журна­листер күнінде бір жапырақ қағазы. Жағдайды түзеудің бір ғана жолы – «Журналист мәртебесі туралы» заң қабылдау. Сол арқылы олардың мәртебесі, статусы айқындалуы қа­жет. Кім көрінгеннің қол көтеруіне жол бермейтін, қызметтік мін­дет­темелерін орындауына мүмкіндік беретін құқықтар осы заңда ше­гелеп жазылғаны жөн. Екіншіден, мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер берілуі керек. Кез келген журналисті ең бірінші ке­зекте мазалайтын мәселе – баспана. Елдің бәрі үй алып жатқанда, жур­налистер шет қалады», – дейді Зейін Әліпбек. Ақпарат және коммуникациялар туралы заң жобасын қараған кезде сол кездегі ақпаратқа жауапты ми­нистр Дәурен Абаев «журналистер­дің сауалдарына жауап бермеген шенеуніктердің жалақысы кесілуі мүмкін» деп қуантып қойған. Тіпті, сол кезде министр журналистердің сұрағына жауап бермеген қызмет­кер жұмыстан шығарылуы қарас­тырылғанын айтқан. Бірақ баяғы жартас – сол жартас.

Жадыра МҮСІЛІМ