Бүгінде көпшілік ата кәсіпті дөңгелетуге ден қойған. Жыл өткен сайын төрт түліктің саны артып келеді. Алайда жайылым – өзекті мәселе. Облыс бойынша жайылымдық жердің жалпы көлемі – 35 миллион 302 мың гектар. Оның 14 миллион 207 мың гектары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне пайдалануға берілген. 12 млн 896 мың гектары – бос жатқан жер. Осыншама ұлан-ғайыр жер болғанымен, қарапайым жұрт жайылымға жарымай отыр.
Өзекті мәселе – мал бағымы
Мысалы, Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауылында да бүгінде өткір де өзекті тұрған мәселе – мал бағымы. «Қазақ ықылым заманнан төрт түлігін өргізіп, өнімін қорек етіп, жан баққан халық. Алайда қазір малын Тәңірге тапсырып, төрт аяқты ит-құсқа жем, ұры-қарыға оңай олжа қылып, қаперсіз жатқан қазақ арамызда жетіп артылады. Әсіресе, Ақтоғай ауылында. Солтүстік облыстардың шағын елді мекендерінің өзінде шашау шығып, өз бетімен босып жүрген түлік көрмейсің. Ауысыммен арнайы мал бағатын бақташы, шопан, жылқышылары бар. Жалақылары да жақсы. Ақтоғай ауылында ондаған жылдың мұғдары болды, осы мал бағымын, оның ішінде, ірі қара малының бағымын ұйымдастыру әлі күнге шешімін таппай келеді. Бірнеше әкім ауысқанымен, осы проблеманың түйінін тарқата алмады. Жыл сайын ауыл әкімдігінде тұрғындардың басын қосқан жиын өтеді. Бірақ күлтөбенің басындағы жиындарда жергілікті билік пен ауыл тұрғындары әрі тарт та, бері тартпен ортақ мәмілеге келер түрі жоқ. Арнайы шарбақ құрып, ауыл аралап, көше кезген малды қамап та көрді. Одан да шыққан еш қорытынды мен нәтижені көрмедік», – дейді Ақтоғай ауданының тұрғыны Мүсіркеп Әлімжан. Айтар болсақ, ауыл тұрғындарының 60-70 пайызы аула шаруашылығымен айналысады. Аспанға шапшып тұрған базар нарқына ауыл тұрғындары осы малдың арқасында төтеп беріп отыр. Айыппұл салып, қатты қайырымға баруға, халық арасынан шыққан әкімдердің дәті бармай отырғанын да аңдау қиын емес.Бақташы да тапшы...
Ауыл аралап, көше кезіп кеткен жануарларға да кінә таға алмайсың. Жылдан-жылға аула малының саны артып, өріс те тарыла түскен. Соның салдарынан ауыл маңы азып, тозаңы шығып, тықырланып, тақырланып барады. Тұрғындармен кездесулер барысында проблеманы шешудің түрлі жолдары қарастырылған. Соның бір нұсқасы – бойдақ ірі қара малдың бағымын, ауылдан аулақ әкетіп ұйымдастыру. Бірақ бақташы жоқ. Ол тұрмақ, Ақтоғайдан ақы төлеп, қой кезегіне барып келетін адам таппайсың. «Бойдақ малды елді мекеннен аулақ шығарып бағу да бірлі-жарым адамның қолынан келе қоятын іс емес. Бір табынды кемі күн алмасып бағатын төрт бақташы керек болады. Бақташының жалақысын да ел жабылып төлер. Мәселе сол табынды шашау шығармай бағып, ие болатын бақташы қайда? Ауылда екі қолға бір күрек таппай, ауданның жұмыспен қамту мекемесінде тіркеуде тұрған «жұмыссыздар» жетіп артылады. Өкінішке қарай, оларды мал бағуға зорлап шығара алмайсың. Қоғамдық жұмыста жүргендердің басым бөлігі – әйелдер мен жастар. Атқа отырып, мал бағып көрмеген адамды «бақташылыққа бар» деп және қысай алмайсың. Бойдақ малдардың далаға бір кеткесін, ауылға қайтатындары өте сирек», – дейді хат иесі. Өз қотырыңды өзің қасымасаң кім қасиды? Ауылдағылардың шырылдап жүргеніне бірнеше жыл. Ал мемлекеттік қызмет ардагері Ниханбай Омарханов болса: «Жалғыз Ақтоғай емес бұл мәселе барлық қазақ ауылдарының бас ауруы. Көптеген ауылдар сол Ақтоғай сияқты фермаға айналып кетті, тәртіп жоқ, ауыл орталығында мал ұстаудың нормативі жоқ, кейбіреулер 100 деп жылқы, сиыр ұстайды, ауыл маңы қу тақырға айналды, ауылда антисанитария, малды қазақ қазір «бинокльмен бағуға» көшкен. Сондықтан мұндай бассыздықтан құтылудың бір ақ жолы ЖКШ туралы заңды шұғыл қабылдау ғана. Әйтпесе, ауылдардың бәрі фермаға айналады», – дейді Ауылдың жағдайын ауылдағы біледі. Жайылым жоқ болса, ауылда мал да жоқ болады. Оның арты жаппай елдің ауылдан кетуіне алып барады. Осы мәселені шешер күн жеткендей...Қарқаралыда да осы мәселе...
– Ауылда жайылым мәселесі өте қиын. Айнала – егін, малдан қориды. Түссе, мал иесі айыппұл төлейді. Қала берді, жеке адамның меншігі. Не бізге бермейді, не өзі пайдаланбайды. Ал жыл сайын бір жерде оттай берген малдан қандай мол өнім алуға болады. Ол жердің өзі шаңы шығып, тозбай ма? Күнделікті айран-сүтімізді осы малдан айырып отырғандықтан, ауылдағы басты мәселе – жайылым. Аудан әкімінің жыл сайынғы ауыл халқымен кездесуінде айтқанымызбен шешілмей келе жатқан мәселе осы, – дейді, Қарқаралы ауданының тұрғыны Болат Мүсілім. Қарқаралы ауданында 62 елді мекен, 350 қыстақ бар. Ауданның жер көлемі – 3 547 236 гектар. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 1 737 250 гектар, оның ішінде, жайылымдық жер 1 554 044 гектар. Жері мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңірдің біраз елдімекендерінде жайылымға деген сұраныс өте жоғары. Өзекті мәселені оңтайландыруда бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану шарасы қолға алынған. Ауылшаруашылық жерлерін игермеу – жайылымдық жердің тапшылығын тудырып отырған бірден-бір фактор. Бұл орайда, аудандағы жауапты саланың мамандары жүргізген мониторинг нәтижесінде 72 ауылшаруашылық тауар өндірушінің 294 806 гектар жерді пайдаланбай отырғаны анықталған. Сонымен қатар 166 ауылшаруашылық тауар өндірушіге өздеріне тиесілі жалға берілген жерлерін дұрыс пайдаланып, малдарын сол жерде бағып-ұстау қажеттілігі туралы хабарламалар жіберген. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 4 шаруа қожалығы 2 899 га жер учаскесін мемлекеттік қорға қайтарған.«Қайыршыға жел қарсы»
Абай ауданы Ақбастау елді мекенінде «қайыршыға жел қарсы» дегендей, жайылымдық жер тапшы болып тұрғанда, дала өрті әбігерге салып қойды. Ауыл тұрғындары алда не боларын білмей дал. «Дала өртінің басталғанына бір жұмадан асты, өшіруге мүмкіндік болмай тұр.Үлкенді-кішілі 7-8 шаруа қожалықтың жайылымдық, шабындық жерлері және дайындалған шөптер өртке оранды. Қолдан келгенше әрекет етіліп жатыр. ТЖ мекемесінің адамдары өрт сөндіргіш автокөліктерімен, ауыл тұрғындары жаппай жұмылуда, бырақ тілсіз жау ырыққа көнер емес. Қырсыққандай, желдің екпіні қатты, күн ыстық. Өрттің көлемін тиісті орындар анықтай жатар. Өте қиын жағдай. Жайылым тарылды. Қысқы мал азығы толық дайындалған жоқ. Қысқы жылқы тебіні қалай болары белгісіз. Негізі, дала өртінің тұтануы адамдардың жауапсыздығы, салғырттығынан болатыны сөзсіз. Ал өртті сөндіруге келгенде дәрменсізбіз. Ауылды жерде дала өртін сөндіру үшін арнайы құралдармен жабдықталмаған. Ақбастау ауылына былтыр өрт сөндіргіш КамАЗ а/көлігі берілгенімен, орнынан қозғалуға мүмкіндігі болмай тұр», – дейді ауыл тұрғыны Аспандияр Сейсенов.Түйін. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 бұйрығымен жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін жерлермен қамтылу көрсеткіші – 53%. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Яғни, ауыл шаруашылығы жануарларының 1 басына арналған жайылым алаңының нормасы жылқы малына – 16,1 гектар, ірі қара малға – 15 гектар, ұсақ мүйізді малға – 3,3 гектар.
Ауыл маңындағы азын-аулақ көкті талғажау еткен малдың бүйірі шыға қоймасы анық. Шынында да, шағын ауылда малдан басқа күнкөріс көзі жоқ. Қолда бар ірі қараны көңілге медет етіп отырғандардың «бас ауруы» – жайылым. Облыста осы жылдың 1 мамырындағы статистикалық мәліметтер бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарда 770 мың ірі қара, 470 мың жылқы, 1327,8 мың қой мен ешкі тіркелген. Жайылым тапшылығы – облыс бойынша ауқымды мәселе. Ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан агроөнеркәсіп кешенінің басты басымдығы – ауылшаруашылық саласын дамыту. Ал оны өркендетудің түпкі мәселесі жайылымда жатыр.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы