Бауыржан МОМЫШҰЛЫ: «...мен миллардтаған доллары барларды байлар демеймін. Оған аузым бармайды. Олар – ұрылар. Ұрлықпен жинаған ақшаларының, дүниелерінің ішінде жүздеген адамның көз жасы, қарғысы, өкініші, мыңдаған бала-шағаның өксігі бар». «Арамнан жинаған миллионерлер, миллиардерлер өмірмәңгі қорқақтар, өмірмәңгі өтірікшілер және жағымпаздар. Оны мен де, сен де, ол да – бәріміз жақсы білеміз. Өтіріктен, арамнан жиналған дүниенің ешуақытта берекесі болмайды. Оның иесі ешбір адаммен, тіпті өзінің қатын, бала-шағасымен де дұрыс өмір сүре алмайды». Абу Райхан Беруни: Бал аралары да өз нәсілінен бола тұрып жұмыс істемей, омартадағы балды бекерге жеп жататындарын өлтіріп тастайды. Төмен дәрежелі адамдар да өзінен дәрежесі төменірек біреуге қожалық және басшылық жасаудан үмітсіз емес. Бүгіннің ісін бітіріп, ертеңге шаруасы қалмаған кісі ақылды. Ұлы жаңалық үнемі ашыла бермейді. Кемеліне келген нәрсе артықшылықты да, кемшілікті де қабылдамайды. Көзбен көрген есіткеннен абзалырақ. Бұзық ниетті және жаман мінезді кісілер араға кіріп алса, іс әділ бітпейді. Екі даугер разы болысыпты да, қазы разы болмапты. Өтіріктен қашып, шындыққа жармасқан кісіні, басқа – басқа, өтірікшінің өзі де ұнатып мақтайды. Шындық пен ақиқат – әр күні қажет нәрсе. Тілдердің түрлі болуына себеп – адамдардың ру-руға бөлініп кетуі, бір-бірінен жырақ тұруы, олардың әрқайсысында бір-біріне деген мұқтаждықтың тууы. Тілегіне жетуге тағдыр жәрдем бермеген кісіге қарғыс айтылмайды. Мишель Экем де Монтень: Кімнің көп білетінін емес, кімнің жақсы білетінін түсінуге тырысу керек. Ешқандай жауапкершілікті мойынға алмай үйлену – опасыздық. Шынайы жетістік қаншалықты терең болған сайын, соншалықты шуы да жоқ дарияға ұқсайды. “Екі тәнде бір ғана жан” болса, шынайы достар дегеніміз – солар. Кім азап шегуден қорықса, сол қорқыныштан азап шегеді. Кітаби білімділік – іргетас емес, әшекей. Жұртты өлуге үйреткен адам өмір сүруге үйретеді. Өзгені үйрету үшін өзіңді үйреткеннен де гөрі көбірек ақыл қажет болады. Өмірдің өлшемі оның ұзақтығында емес, оны сіз қалай пайдаланғаныңызда. Аз білетіндігіңді білу үшін көп оқуың керек. Ашық әңгіме – ол да сондай ашықтықты қалайтын шарап пен махаббат секілді. Френсис Бэкон: Байлық – жақсы қызметші, бірақ жаман қожайын. Өсімқор біреудің адал тері арқылы күн көреді. Адамның маймылға ең ұқсас жері – жоғары өрлеген сайын көтені көрінеді. Жатса-тұрса қайтіп кек алуды ойлаған адамның жарасы жазылмайды. Табиғатқа бас исең, ол да саған әрдайым бас иеді. Білім маған күн көру үшін емес, білімге білім қосу үшін керек. Балаларды тәттімен, үлкендерді антпен алдайды. Біреудің жан дүниесін қазғаның оның қалтасын ақтарған секілді жайт. Келешегі жоқ адам келешек жайында көп талқылайды. Уақыттың көбін достарың ұрлайды. Философтар жұлдыздар секілді оншалық жарық шашпайтындықтан, өте биікте тұрады. Білім – күш. Күш дегенің білімде.
Аударған Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ