Не болып кетті өзі?

Не болып кетті өзі?

Ашу – Ауғанстан. Ауғанстандағы соғыс сияқты дегенім ғой, Ақыл–астана. Ақылды шешімдер қабылдайтын Нұр–Сұлтаным  дегенім ғой.  Ашулы екенмін деп, ойға келгенді жасай берсек, қылмыстық кодекс заңдарына шырмалып қаларымыз заңды емес пе? Ертеректе Шымкентте жігіттер бір кафеде сыра ішіп отырады. Араларындағы екі жігіт жілікке таласқандай, ерегісіп қалады. Сонда бірі екіншісінің көзіне кәуәптің  істік темірін тығып алса керек. Көзі ағып түскен жәбірленуші өлім аузынан әрең қалды. Ал, бұзақы алты жылды арқалады. Сонда дейміз, ашуды арқандап тастап, ақылды алақанға салғанда, әлгі бұзақы сотталмас еді, жәбірленушінің көзі аман қалар еді. Бүгінде «Не болып кетті өзі?» деп таң қалатын оқиғалар көбейіп кетті. Ашуға булыққандар табан астында не істеп, не қойғандарын білмей қалады. Ал, сіз ененің  шанышқыны газға қыздырып алып, асықпай келінінің бетіне баса салған сұмдығын көрдіңіз бе? Жарайды. Жемқорлардың, ұры–қаралардың, педофильдердің бетіне қыздырылған темір басса  күлеміз де қоямыз.  «Еее, осындай да заң бар ма еді?» деп. Ал, газ плитканы жууды ұмытып кеткені үшін келінінің бетіне шанышқы қыздырып басқанды өз басым бірінші рет естіп, таң қалып отырмын. – Әй, газ плитаны жудың ба?–деп сұрады енесі. – Ұмытып кетіппін. – Басың бас па, жоқ әлде доп–домалақ тас па? – Бас. – Сенің миың кеуіп қалған. – Оны қайдан білесіз? – Күн ысқта көп жүресің, кеуіп қалған ғой! – Апа, не болды сонша, жуамыз ғой? – Неге бір айтқаннан жуып тастамайсың? – Апа, келін деген құл емес қой. – Көрсетем саған құл еместі! –деген енесі ашудан қалшылдап кетті. – Апа, дірілдемесеңізші?–деп келіні енесін құшақтай алды. – Құшақтама мені! – Е? – Ток ұрады! – Мен.. мен сонда токпын ба? – Тоқтан да жамансың! – Қойыңызшы, апа... – Қоймаймын! Қазір саған көрсетемін!–деген енесі шанышқыны отқа қыздырып жатты. – Апа, онымен не істемекшісіз? – Ойнап жатырмын! – Шанышқымен де ойнайды ма екен?–дегені сол, енесі келіні бетіне қызарған, ыстық шанышқыны басып жіберді. Бір емес, бірнеше рет басып үлгерді.  Ойбайлаған Гүлзира бетін алақанымен басып, тұра қашты. Ол енесінен мұндайды күтпеген еді! Өзінің жарымжан екені рас, сосын өзі сияқты жарымжан жігітке тұрмысқа шығып, екі баланың анасы атанғанда, көрген қорлығы мынау. Адамдарға еш зияны жоқ, өзімен–өзі бейғам жүретін, ақ көңіл келіншек тайға таңба басқандай, бетіне шанышқының ізі түскенде, көңілі жасығаны рас. Әлеуметтік желіде осы оқиға желдей ескен соң, Түркістан облысының тұрғыны Бағила Кәрібай арнайы мәлімдеме жасады: «Сәлеметсіздер ме? Мен келінім Гүлзира Байдәулетованың енесі  Бағила Кәрібаймын. Негізі ашуға булығып, байқамай, бетіне қыздырылған шанышқыны басып қалдым. Ыза–күйікпен ашуланып істедім. «Газ плитаны жумапсың, жуа салмайсың ба?» деген едім. Халықтан істеген ісім үшін кешірім сұраймын. Енді бұлай қайталамаймын.» Не болып кетті өзі? Ашуланғандар дегенін істей береді ме?  Ал, Шымкентте ашуланған әйелі күйеуінің иығынан қыршып тістеп алған.  Әрине, ұрыс–керіс кезінде. Күйеуінің иығын тістегеніне қарағанда, ашқарақ әйел болды ғой деймін. Бүгінде жарақаттанған күйеуі ажырасу үшін соттасып жүр. «Иығыңды тістегенге бола ажырасамын дегеніңді қой!» деген көршілеріне: «Бір күні мұрнымды шайнап жұта салса ше? Құлағымды жұлып алса қайтемін? Тістейтіннен гөрі, «жаныым!» деп иіскейтін қатынға үйленемін!» депті. Немене болып кетті өзі? Ашу–дұшпан екенін білеміз. Тағы бір қызметкер ашу үстінде бастығының бетіне былш еткізіп түкіріп кеткен дейді. Ал, бастығы бетін сүртпестен, отырғанына он күн болыпты. «Кешірім сұрап, бетімді ақ орамалмен сүртіп кетсін!»  дейтін көрінеді. Қалай десек те, ашумен істеген іс пұшпаққа шығара ма? Әй, қайдам?

Ақмарал ӘБДІРАМАНОВА