Токиодағы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Теміржан Дәулет Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан қайтыс болғандардың үй ішіне көңіл айтты, — деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Токиода өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында дзюдо күресінен күміс медаль алған Теміржан Дәулет жүлдесін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл облысындағы жарылыстан зардап шеккендерге арнайтынын айтты.
«Осы жүлдемді Қазақстанның Тәуелсіздігіне арнаймын. Жамбыл облысындағы оқыс оқиға салдарынан адамдар қайтыс болып, бірталай адам жарақат алды. Бірнеше отбасы тірегінен айырылды. Жүлдемді соларға арнаймын. Алла тағала оларға сабыр берсін», — деді спортшы.
Еске салсақ, Токиода өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында қазақстандық парадзюдошы Теміржан Дәулет күміс медаль иеленген болатын. 73 келі салмақ дәрежесі бойынша финалда өзбекстандық Феруз Саидов қазақстандық спортшыны иппон әдісімен жеңіп кетті. Теміржан Дәулет жартылай финалда грузин Георгий Калданиді иппон әдісімен жеңген еді.