"АҚШ сарбаздары мінген соңғы ұшақ ұшып шықты": Кабул әуежайы талибандықтардың қолына өтті
"АҚШ сарбаздары мінген соңғы ұшақ ұшып шықты": Кабул әуежайы талибандықтардың қолына өтті
фото: Haroon Sabawoon/Anadolu Agency via Getty Images
165
оқылды
АҚШ сарбаздары мен дипломаттары мінген соңғы ұшақ Ауғанстаннан ұшып шықты. Осылайша, Кабул әуежайы "Талибанның" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қолына өтті деп хабарлайды Хабар 24.  Кабул әуежайында азаматтарды көшіруге жауапты болған генерал-майор Крис Донахью - Ауғанстаннан шыққан соңғы АҚШ әскериі. Ол ұшаққа көтерілген кезде инфрақызыл жарық жанған. Осылайша АҚШ Ауғанстанда 20 жылға жуық уақытқа созылған әскери операциясын аяқтады.
"Бүгін АҚШ-тың C-17 ұшағы Хамид Карзай ауежайынан ұшып кетті, ауған жерінен біржола кетті. Осылайша Ауғанстаннан америкалықтар мен ауғандықтарды эвакуациялау жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, АҚШ миссиясының аяқталғанын да айтқым келеді", - дейді АҚШ орталық қолбасшылығының басшысы Кеннет Маккензи.
Кабулдағы Хамид Карзай атындағы әуежай шетелдік күштер бақылауда ұстаған соңғы нысан болатын. Талибандықтар аспанға оқ атып, Ауғанстанның толық тәуелсіздікке қол жеткізгенін айтып, жар салған. Телеарнаның хабарлауынша, АҚШ әскерінің кеткеніне жергілікті тұрғындар да мәз болған. Олар көшеде көлікпен жүріп, сигнал берген.
"Менің ойымша, бұл АҚШ-тың жеңілісі емес, өйткені үлкен империялар ұзақ мерзімді стратегиялармен жүреді. Өйткені, АҚШ негізгі күшін Ауғанстаннан шығарып, Азия Тынық мұхиты аумағына көшіргісі келеді деген пікір бар. Түсінесіздер ме, үлкен саясат шахмат ойыны сияқты. АҚШ-тың әскерилерін қайтарып алуы шахматтағы жүріс жасау сияқты. Ендігі жүріс Қытайдан немесе Ресейден болады", - дейді халықаралық түркі академиясының сарапшысы Дінмұхаммед Аметбек.
Ал БҰҰ болса, Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарыс ушығатынын ескертті. Жыл соңына дейін ауған елінен жарты миллионға дейін адам кетуі мүмкін. Сондықтан ұйым көршілес елдерді пана іздеген адамдар үшін шекараны ашық ұстауға шақырды.